Білім • 22 Шілде, 2022

Оқуға ынтаны оқушыны зерттеуге қызықтыру арқылы оятсақ

546 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының Ұлттық сенім кеңесінің отырысында берген тапсырмасына орай елімізде жүзеге асып жатқан «Оқуға құштар мектеп» жобасының маңызы зор, деп жазады Egemen.kz.

Оқуға ынтаны оқушыны зерттеуге қызықтыру арқылы оятсақ

Алайда міндеттелген кітаптар тізімі немесе «Кітап оқиық» деген сипаттағы науқандық акциялар арқылы бүкіл баланың оқуға деген ынтасы бірден артып кетуі екіталай. Бұл жерде мұғалім мен оқушы, ата-ана мен бала арасындағы түрлі ынталандыру, қызықтыру тәсілдері, кей жағдайларда мәжбүрлі ынталандыру амалдары да қажет.

Сондай мәжбүрлі қызықтырудың (ынталандырудың) бір жолы мұғалімнің оқушыларға өздері таңдаған тақырыптар бойынша зерттеу сипатындағы жобаларды көбірек ұсынуы болар еді деп білеміз. Өйткені, мұғалімнен тапсырма ретінде бір тақырыпты алып, оны зерттеуге үңілген баланың ол мәселе жөнінде көбірек ізденуіне тура келеді. Мұғалімнен, ата-анасынан сұрайды, ізденеді. Осы кезде дұрыс қолдау көрсетілсе, қажетті кітаптарға, ресурстарға бағыт-бағдар берілсе, ізденіс барысында анықталған жайттар баланы қызықтыру мүмкін. Сөйтіп қызыққан тақырып жөнінде қалай тереңірек білуге болатынына көзі жетіп, оқуға деген құштарлығы да оянады. Яғни, кітап оқуға деген ынтасын ғылыми зерттеуге деген қызығушылығы арқылы оятуға болады. Біз бұған еліміздің бірқатар өңірлерінде «Оқуға құштар мектеп» жобасын қолдау мақсатында семинар-тренингтер өткізген кезімізде нақты көз жеткіздік. Аталған семинарлар мұғалімдер мен оқушыларға әлемдік деңгейдегі ғылыми-танымдық, зерттеу ресурстарын оқу процесінде, ғылыми жобалар әзірлеуде қалай дұрыс қолдануға болатынын нақты мысалдармен көрсетуге бағытталған еді. Соған орай мұғалімдермен қатар, оқушылардың да зор қызығушылығын тудырды. Бірақ өкінішке қарай, ауыл мектептерінің қазіргі заманғы фото-бейне түсірілімдерге сүйенген, әлемдік деңгейдегі ғылыми-зерттеулерді ұсынатын ресурстар қолжетімсіз. Көпшілігі ондай ресурстар бар екендігінен де бейхабар.

Осы ретте, бір мәселені де айтпай кетуге болмас. Өңірлердегі отандық кәсіпорындардың көпшілігі қазір бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында балабақша, спорт кешенін салу немесе балаларды қыдырту сияқты түрлі іс-шараларға қаржы жұмсап жатады. Бірақ дәл осы ауылдық мектептерге қажетті білім ресурстарын, керекті кітап-журналдарды қолжетімді ету ісіне көңіл бөлетіндері жоқтың қасында. Білетініміз, Президенттің «Оқуға құштар мектеп» бастамасын «Теңізшевройл» компаниясының қолдап, Атырау қаласы мен Атырау облысы Жылой ауданы мектептерін мерзімді басылымдарға, соның ішінде National Geographic журналына жазылуына демеушілік еткені. Аталған компанияның осы ісі өзге кәсіпорындарға да үлгі болып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясындағы инвестицияларын ауыл мектептерінің білім сапасын көтеретін іс-шараларға бағыттаса, нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймыз.

Оразалы Кәрімбай

сарапшы