Қоғам • 24 Шілде, 2022

Сергіткіш сусындар: сергіте ме, есірте ме?

479 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Былтыр мектеп жасындағы балалар арасында семіздікке шалдығу факторлары бойынша арнайы зерттеу жүргізген Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы жеткіншектердің 25 пайызы үйде тамақтанбайтынын, ал 16,7 пайызы газдалған тәтті сусындарды күнделікті тұтынатынын мәлімдеген. Ересектердің ішінде де қуат беретін сусынға құмартқандар көп. Жалпы, қазақстандықтар күніне шамамен 30 мың литр энергетикалық сусын ішеді екен.

Сергіткіш сусындар: сергіте ме, есірте ме?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы дұрыс тамақтанбау үлкен жаһан­дық мәселеге айналғанын айтып, дабыл қағып отыр. Айталық, бүгінде әлем бо­йынша әл бермей келе жатқан аурудың екі түрі бар. Оның біріншісі қатерлі ісік болса, екіншісі – жүрек қан тамыр аурулары. Жаһандық ұйым осы екі дерттің де негізгі себебі тамаққа байланысты екенін айтады. Яғни өлім-жітімнің 60 па­йызы, науқасқа шалдығудың 80 пайы­зы дұрыс тамақтанбаудан туындайды. Ай­налып келгенде, дұрыс тамақтану – адам денсаулығының кепілі. Қараңыз: денсаулықтың 53 пайызы – адамның өмір сүру салтына, соның ішінде 18 пайызы – сыртқы орта факторларына, 20 пайызы – адамның генетикасына, ал тек 5-10 пайызы ғана дәрігерлердің қолында екен. Халықтың «таңғы асты өзің іш, түскі асты бөле іш, кешкі асты жауыңа бер» дегені осыдан қалса керек.

Қазіргі таңда Қазақстан – саламатты тамақтану режімін сақтамайтын ел­дердің қатарында. Денсаулық сақтау ми­нистрі Ажар Ғинияттың сөзіне қа­ра­ғанда, елімізде соңғы жылдары қант диабетіне шалдыққандардың қатары күрт көбейген. Бұл ауруға да дұрыс та­мақ­танбау, құрамында қанты көп сусын­дарды жиі тұтыну себеп болып отыр. Сондықтан министрлік ауру көрсеткішін төмендету мақсатында қант қосылған су­сындарға акциздер енгізуді қолға ал­мақшы және дұрыс тамақтану асханасы, пайдалы тағамдар дүкені секілді арнайы бағдарламаларды жүзеге асырмақ.

Кез келген тағамды немесе сусынды мөлшерден көп ішсе зиян екені белгілі. Мұны диетологтер жиі ескертеді. Бірақ мамандардың кеңесіне құлақ асып жүр­ген адам шамалы. Жұрт тәтті және сер­гіткіш сусындардың көп зияны жоқ деп ойлап, бей-берекет іше береді.

«Өнімнің жапсырмасында көрсетіл­ген құрамға сенсек, көптеген алкогольсіз сусында шырындар, емдік шөптердің сы­ғын­дылары, дәрумендер мен сергітетін заттар бар деп көрсетілген. Бұл сусындар бұлшықет белсенділігін уақытша ын­таландырады, серотонин арқылы көңіл күйді көтереді, шөлді, тіпті аш қа­рынды қысқа уақытқа басады және біраз уақыт рахат сезімін тудырады. Энер­гетикалық сусындардың құрамына кіретін сахароза мен глюкоза кофеинмен бірге ұйқышылдық пен шаршау сезімін күрт төмендетеді, жүрек соғысын жылдамдатады және адамға шамадан тыс жүктемені жеңуге көмектеседі. Алай­да танымал сусындардың пайдасы осы­мен аяқталады», дейді Нұр-Сұл­тан қа­ласының Санитариялық-эпидемио­логия­лық бақылау департаментінің мамандары.

Мекеменің ресми сайтына жариялаған мәліметке сүйенсек, алкогольсіз сусындардан, оның ішінде энергетикалық сусындардан нақты зиян бар. Мысалы, оны үнемі қолдану адам ағзаларының патологиясына, тіс эмалінің бұзылуына және тез салмақ қосуға, қант диабетіне, гипертонияға, атеросклерозға және бас­қа ауруларға алып келеді.

Департамент мамандары биылғы өнімдердің қауіпсіздігін бақылау аясында импорттық және отандық өндірістен шыққан алкогольсіз сусындардың 63 үлгісіне, оның ішінде энергетикалық сусындардың 23 үлгісіне сараптама жүргізген. Зертханалық зерттеулердің нәтижесі импорттық өндірістің 12 су­сын сынамасы, оның ішінде 5 энер­ге­тикалық сусын сынамасы Еуразия­лық экономикалық одақтың техни­ка­лық регламенті талаптарына сәйкес кел­мейтінін анықтаған. Мысалы, Mon­ster Ultra Can, «Монстр», «Энерджи Ультра» энергетикалық сусындары мен «Натахтари» лимонадының құрамында натрий бензоаты концентрациясының 1,1-ден 1,2 есеге артқаны анықталды. «Натрий бензоаты – бензой қышқылының натрий тұзы, басқаша айтқанда, Е-211 консервантының тағамдық қоспасы. Бұл қоспа тамақ өнеркәсібінде синте­ти­калық консервант ретінде кеңінен қолда­ны­лады, бактериялардың көбеюіне, зеңнің, токсиндердің пайда болуына жол бермейді, сондықтан өнімнің жа­рамдылық мерзімін арттыру үшін жиі қолданылады. Ол көбінесе ет өнім­деріне, балық консервілері мен уыл­дырыққа, майонезге, кетчупқа, кон­ди­терлік өнімдерге, джемдер мен мар­мелад­тарға, газдалған сусындарға, алко­гольсіз сыра мен алкогольді ішім­діктерге қосылады. Бұл қоспа ағзаға зиян әкеледі», дейді департамент мамандары. Олардың айтуынша, Е-211 консервант концентрациясының артуы аллергиялық реакцияларды туғызады. Құрамында Е-211 бар өнімдерді С дәрумені бар өнім­дермен бірге қолдануға мүлдем болмайды. Өйткені натрий бензоаты мен аскорбин қышқылының өзара әрекеттесуі ке­зінде бензол пайда болады да бұл ағзада қатерлі ісіктердің дамуына, пайда болуы­на әкелуі мүмкін.

Жалпы, энергетикалық сусындардың құрамында адам ағзасына қауіпті басқа да химикаттар қосылғанын мамандар айтып жүр. Ғаламтордағы ашық дерек­ке сенсек, мұндай сергіткіш сусын­дар­ды XX ғасырдың 60-жылдары Вьетнам­да соғысқан америкалық жауынгер­лер­дің моральдық және әскери рухын ынталандыру үшін АҚШ ойлап тапқан екен. Бірақ бұл сусындарды күнде литр­леп ішкен әскерлердің арасында бас ауруы, ми, ба­уыр ісігі күрт көбейген. Жауынгерлерлерді сергітудің орнына сер­гелдеңге түсірген сусынды кейін пай­да­лануға тыйым салған.

Елорданың санитарлық мамандары да адамға уақытша қуат беретін сусындарды пайдалану барысында абай болуға шақырады. Алкогольсіз сал­қын сусындарды таңдау кезінде оның таң­балау кодына, жарамдылық мерзіміне, сақтау шарттарына назар аудару қажет. Өндірушісі, шығарылған күні мен жа­рамдылық мерзімі көрсетілмеген сусын­дарды сатып алмаған жөн. «Мұндай өнімдердің көбі жалған тауар болып шы­ғады. Сондықтан өнімнің сақтау және таңбалау шарттарында бұзушылықтар болса, олардың талапқа сай екенін растайтын құжаттарды талап ету керек. Егер мұндай құжат сізге ұсынылмаса, онда аумақтық санитариялық-эпидемиоло­гиялық бақылау органдарына: 57-60-56, 57-60-59 телефондарына хабарласыңыз немесе astana.dooz@gmail.com поштасына арыз-шағым жолдауға болады, ресми сайтымыз: dkkbtu.nur-sultan@dsm.gov.kz», дейді департамент мамандары.

Дұрыс тамақтану мәселесін зерттеп жүрген белгілі профессор, медици­на ғылымдарының докторы Ерболат Дәленов те дүкен сөрелерінде сатылатын сусындарды жиі қолдану зиян екенін айтады. Тіпті пайдалы делінетін минералды сусынды да шектен тыс көп ішсе, ағзаға салмақ түсіреді. «Мысалы, минералды сусындар не үшін шығарылған деп ойлайсыз? Белгілі бір ауруға ем ретінде қолдану үшін. Оның да мөлшері бар. Ал бұл сусын түрін шамадан көп пайдалану өт пен несеп жолында, бауырда ұсақ тас, құм пайда болуына әкеліп соғатынын естен шығармау қажет. Өйткені минералдық судың құрамында минералдық заттар жай судан қарағанда екi-үш есе артық болады. Бұл адам ағзасына ауыр тиеді», дейді ол.

Профессор сондай-ақ ет пен газ­дал­­ған сусын да бір-біріне сәйкес келмей­ті­нін айтады. Өйткенi минералды газ­дал­­ған су еттiң сыртын қоршап алады да қоры­тылуына кедергі келтіреді. «Сондықтан мүмкіндік болса, газсыз су ішу керек. Ал шәйді тағамға дейiн бiр сағат бұрын немесе тағамнан кейін бiр сағаттан соң iшкен жөн», дейді маман.

Жалпы, құрамында кофеині бар және сергіткіш сусындарды қолдануға көп елде тыйым салынған. Мұндай сусын түрі белгілі бір тәртіппен ғана сатылады. Қазақстанда да осыдан бірнеше жыл бұрын мектеп асханаларында газдал­­­ған сусындарды сатуға тыйым салынды. Келешекте бұл өнімнің жарнамасына шек­теу енгізу, энергетикалық сусын­дарға акциз енгізу, азық-түлік өнімінің қауіпсіздігі туралы техникалық регламентке түзетулер енгізу секілді өзгерістер елімізде де қолданылуы мүмкін. Бірақ әзірше бұл – уақыт еншісіндегі мәселе.