Қазақстан • 24 Шілде, 2022

Сайлау жүйесі: Сенім мен селқостық

1013 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Сайлау десе жұртшылықтың елең ете қалатыны рас. Дауыс беруге бар­ма­ған­дар­дың өзі «кім жеңіске жетті екен?» деп сайлаудың қорытындысын білуге асық. «Менің дауысым не шешеді?» дегендердің үйдің сыртында саясат жайлы сайрай жөнелетінін көрдік. Сайып келгенде, елдің тағдыры шешілетін маңызды науқан жайлы әр тұрғынның өзіндік пікірі бар. Ендігі жерде сайлаушылардың белсенділігін арттырып, баянды болашаққа деген сенімді қалыптастыру маңызды.

Сайлау жүйесі: Сенім мен селқостық

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Саяси орта қалыптасады

Бұл мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында көтеріп, сайлау жүйесін жаңғыртуды тапсырған болатын. Себебі көпшілік депутаттарға сену былай тұрсын, танымайды да. Мәжіліс депутаттары өз алдына жергілікті атқарушы билік тұрғындармен дұрыс байланыс орнатпаған. Салдарынан халық сайлауға селқос қарайды. Әр да­уыстың маңызды екеніне сенбейді. Осы­лай деген Президент аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынған болатын.

– Сайлаудың осы тәсіліне оралу біз үшін өте маңызды. Бұл қадам – партия­лар­дың Мәжіліс пен мәслихатқа өту шегін төмендету үшін осыған дейін қабылданған шешімнің заңды жалғасы. Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді, – деген еді Мемлекет басшысы.

Осылайша, бұдан былай Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы – пропорционалды (партия атынан), 30 пайызы мажоритарлық негізде жасақталады. Демек үміткердің қандай да бір партияда болуы маңызды емес. Тікелей сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының сайлауына да аралас үлгі енгізілді. Аудандар мен қалалардағы сайлау толығымен мажо­ри­тар­лық жүйеге көшті. Яғни әр депутат тікелей сайланады. Бұл бәсекелі саяси орта қалыптастыру үшін маңызды. Ендігі жерде ел алдында беделі бар жаңа тұл­ға­лард­ың саясатқа келуіне жол ашыл­мақ.

Бүгінде Мәжіліс депутаттары, облыс әкімі бастаған жергілікті атқарушы билік өкілдері шалғай ауылдарға атбасын бұрып, тұрғындардың ұсыныс-тілегіне құлақ түрген. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының көздегені де сол. Осылайша, билік пен халықтың арасындағы алтын көпір нығая түсуде. Алдағы сайлауларда дауыс берушілердің үлесі артып, тұрғындар Жаңа Қазақстанды гүлдендіруге белсенді атсалысады деген сенім мол.

Ауыл әкімдерін сайлағаннан ұтарымыз не?

Өткен жылы елімізде тұңғыш рет ауыл әкім­дері тікелей сайланып, тұрғындардың бел­сенділігімен есте қалған еді. Жаңа фор­матта ұйымдастырылған саяси нау­қан тиімділігін дәлелдеді. Таңдау тұр­ғын­дардың өзіне берілсе, кез келген тұр­ғын өз ауылының болашағына бей-жай қа­ра­майтынын аңғардық. Көпшіліктің күт­кені де сол.

Әу баста бұл тың тетік жіті сараланып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы халыққа Жолдауында ауыл және кент әкімдері тікелей сайлануға тиіс деген тапсырма берген болатын. Соның негізінде кейбір заңнамаларға өзге­ріс­тер енгізіліп, елімізде бұрын-соңды бол­маған саяси науқан өткізілген еді.

Бұған дейін ауыл әкімін халықтың өкілі болып саналатын жергілікті мәслихат депутаттары сайласа, бұдан былай жұрт­шы­лық елге басшылық етуге лайық азаматты өзі таңдайды. Мұндай жүйе да­уыс берушілерге де, әкім «креслосынан» үміткерлерге де таңсық дүние болғаны рас. Жаңа үлгідегі ауқымды реформа өтеді дегеннен бері атқарушы органдар мен кандидаттар өз алдына, тұрғындардың өзі де қобалжығаны рас. Сарапшылардың ай­туынша, кез келген жаңа бастамада қателік, жобаға жатсыну болады. Бірақ бұл реформа дұрыс әрі дер кезінде іске асты. Ұтымды шешім! «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы осы­лай жүзеге асуға тиіс. Билік пен қоғам ара­­сында нәтижелі диалогтың басталғаны қуантады.

«Тойдың болғанынан боладысы қы­зық» демекші, сайлау өтті. Бояуы сіңді. Жаңа әкімдер жылы орындарына жай­ғас­ты. Бүгінде үйіп-төккен уәделер орындалып жатыр ма?

Сайлаудан кейін көптеген ауылдың тұрғындары өздері сайлаған әкіммен бірлесіп, туған жерін көркейту жоспарына кірісіп кетті. Шағын ауылдың бюджеті елді мекенді абаттандыру жұмыстарынан әрі аспас. Үлкен жобаларды жүзеге асыруға облыстық, республикалық қазынадан қомақты қаражат бөлініп, әр ауылда қызу өмір жалғасуда. Жасыратыны жоқ, кейбір ауылдарда негізгі мәселелер әлі күнге дейін шешілмей келеді. Қаражат бөлінсе де, мердігерлердің салғырттығы салдарынан сумен қамту жобалары тоқтап тұрған жайттар кездеседі. Жоба аяқталса да, үйге су дұрыс жетпейтін фактілер де аз емес. Біздің мысал келтіргеніміз су мәселесі ғана. Ауыл әкімдері сайлауға дейінгі уәдесін ұмытпауға тиіс. Уәде орындалмаса, сенімге селкеу түсіп, сайлаушылардың белсенділігі төмендеп кетпей ме?

Не десек те, ауыл әкімдерінің сайлау идеясы демографиялық қоғамды қа­лып­тастыруға оң әсер еткенін сезіне бас­тадық. Алысқа бармай-ақ, күні кеше Жетісу облысы Ескелді ауданы Көкжазық ауылының тұрғындары бас көтерді. Олар жергілікті әкімнің қызметтен кетуін талап етіп отыр. Ауылдағы ағайынның айтуынша, ауылдық округ әкімі Сағади Талдыбаев 20 жылдан бері әкім қызметін атқа­рып келеді. Мінсіз атқарса бір жөн, та­ғайындалғаннан бері жұмысының нә­ти­жесі көрінбейді. Ауылда интернет ұста­майды. Көшелер, жолдар мен балалар алаңдарында жарық та жоқ. «Ол бізді тыңдамайды. Әкім креслосында 20 жылдан астам уақыт отыр, бірақ ауыз толтырып айтар жұмысы жоқ. Бізге жақын көрші ауылдарда интернет бар. Бұл мәселе көтерілгеннен бері 3-4 жыл өтті, бізге тек уәде беріп келеді. Әкімнің отставкаға кетуін талап етеміз», дейді жергілікті тұрғындар.

Қорыта айтсақ, ауыл әкімдерінің сай­лауы – демократиялық қоғамға нық қа­дам. Қала берді, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзінде орындалуының айқын көрінісі. Саяси науқанның қорытындысына көз жүгіртсек, ауыл тұрғындарының жо­ға­ры ­белсенділігі байқалады. Бұл – аза­мат­тардың өзі туған мекеннің тағ­ды­рына бей-жай қарамайтынына дәлел бола алады. Бұған дейін тұрғындар әкімнің жұ­мы­сы­на қанағаттанбаса, оны таға­йын­да­ған өкілдерді кінәлайтын еді. Ендігі жерде әкімд­і өздері сайлаған ағайынға да артылар жүк ауыр.

Сайлауға қатыспау – еліңнің елдігін елемеуің!

Кез келген сайлау өтетіні алдын ала белгілі болады. Маңызды науқанға дайындық жұмыстары ерте қолға алынады. Дауыс беру күні ұйымдастырушылар ақ тер, көк тер болып жанталасып жүр­гені. Мемлекеттің болашағына бей-жай қарамайтын тұрғындар да таңнан таң­да­уын жасап, белсенділік танытады. Мұны айтып отырғанымыз, «Үкімет жаман. Сайлау өтірік. Бәрі шешіліп қойған» деп ақылсынатын топ бар. Еліміздің Әнұраны шырқалып, маңызды іс-шара басталғанда мамық төсегінен тұруға ерінетіндер кейін елді дамыту жайлы әңгіме айтып отырады.

Дауыс беруге ниет болса жеткілікті. Денсаулық жағдайына байланысты учас­ке­ге келе алмайтын азаматтарға олардың өтініші негізінде комиссия мүшелері үйлеріне барады. Тіпті уақытша ұстау изо­ляторларында дауыс беру орны қарас­тырылған. Сонда темір тордың ар жа­ғын­дағы азаматтың өзі таңдау жасап жат­қанда тепсе темір үзетін азаматтың дауыс беруден қалыс қалуы қаншалықты ақылға сыйымды? Сайлау учаскелеріне ағылған жұрттың бәрі ақымақ емес шығар. Сайлауға қатыспайтындардың дені қит етсе Үкіметті жамандайтын, еңбек етуге әлі келсе де әлі күнге дейін ата-анасына масыл болған жандар. Оларсыз-ақ Қазақстан жаңғырады! Десе де, еліңнің көркеюіне үлес қосып, арайлы күндерді көппен бірге қарсы алғанға не жетсін?!

Жалпы, кез келген дауыс беруші мем­ле­кеттік қызмет саласында еңбек ет­песе де ел басқару ісіне араласып жат­қа­нын естен шығармаған жөн. Әр адам жеке азамат ретінде жергілікті мәслихаттар, парламент депутаттары мен елдің президентін сайлау арқылы таңдау жасау құқығына ие. Бұл азаматтың мемлекетті басқару саласына тікелей араласуы болса, өзі сайлаған өкілі ретінде сол депутаттар немесе президент арқылы мемлекетті басқару саласына араласуы жанама қатысу болып саналады.

Қазақстанда сайлауға бару немесе бармау әр азаматтың жеке таңдауы. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңның 3-бабы, 3-тармағына сәйкес Республика азаматтарының сай­лауға қатысуы ерiктi. Азаматты сайлау­ға қа­тысуға немесе қатыспауға мәжбүрлеуге, сондай-ақ оның еркiн бiлдiрудi шектеуге ешкiмнiң де құқығы жоқ. Десе де мем­ле­кет­тік маңызы бар шаруалар ай­қын­далып жатқан сәтте үйде қол қусырып отырған жарамас.

Үстемдік құрған үш тәсіл

Сайлау – халықтың ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы өзі өмір сүретін ортаны басқарушы, халықтың атынан өкіл­дік етуші тұлғаны таңдау және оған өкі­леттілік беру үдерісі. Ал өкілеттік ал­ған тұлғалар мемлекеттік маңызды мәселелерде халықтың атынан өкілдік етіп, оның мүддесін қорғауға міндетті.

Қа­зақстан Республикасы Консти­ту­ция­сының 3-бабында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Ха­лық билікті тікелей республикалық рефе­рендум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді» деп жазылған. Сайлау арқылы халықтың мемлекетті басқару саласына араласуы әлемдегі көптеген халықаралық шартпен бекітілген. Атап айтқанда, 1948 жылғы 10 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында қабылданған «Адам құқығының жалпыға ортақ декларациясының» 21-бабында «Әрбір адам өз мемлекетін басқаруға тікелей және еркін таңдалған өкілдері арқылы араласуға құқылы» деп жазылған. Сонымен қатар Адам құықықтары және негізгі бостандықтарын қорғау туралы конвенция, Адам және халықтардың құқықтары туралы Африка хартиясы, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт және тағы басқа көптеген мемлекет ратификациялаған халықаралық құқықтық келісімшарттар адамдардың сайлау құқығына қатысты таңдау құқығын мойындайды.

Әлемде кең таралған қағидаға сәйкес, азаматтардың сайлауға қатысты құқығы белсенді және бәсең болып екіге бөлінеді. Қазақстан Республикасы Сайлау туралы заңының 4-бабында бұл ұғымдарға былайша баға берілген. «Жалпыға бiрдей белсендi сайлау құқығы – Республиканың он сегiз жасқа жеткен азаматтарының тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сай­лауда дауыс беруге қатысу құқығы», ал «Бәсең сайлау құқығы – Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақс­тан Республикасы Парламентiнiң, мәсли­ха­ты­ның депутаты немесе жергiлiктi өзiн-өзi басқару органына мүше болып сайлану құқығы» деп анықтама берілген.

Сайлау туралы тілге тиек етілген терминдер қарапайым халықтың бәріне бірдей ұғынықты болмауы мүмкін. Жал­пы, сайлаудың әлемде кең таралған негіз­гі үш түрі бар. Олар: мажоритарлық, про­пор­цио­налдық және гибридтік жүйе.

Мажоритарлық сайлау жүйесінде кандитаттар партия атынан емес жеке тұлға ретінде сайысқа шығады. Ең көп дауыс жинаған кандидат мәслихатқа немесе парламентке депутат атанады.

Ал пропорционалдық сайлау жүйе­сін­де электораттар жекелеген кан­ди­датқа емес партияға дауыс береді. Пар­тия­лардың дауысқа түсу рейтингісіне қа­рай парламент пен мәслихаттан орын саны бөлінеді. Ол орындарға кімдер баратынын партияның өзі ішкі тәртіппен таңдайды. Сондай-ақ аралас сайлау жүйесі де бар екенін айта кеткен жөн. Бұл – мажоритарлық-пропорционалдық сайлау жүйесі. Яғни депутаттардың жартысы партиялық тізіммен, қалғаны жеке кандидаттар арасында өтетін бәсеке нәтижесінде анықталады.

Гибридтік сайлау жүйесі мажори­тар­лық және пропорционалдық сайлау жүйелерінің синтезі, яғни кандидаттарды мажоритарлық жүйедегідей сайласа, оларды ұсыну жағы пропорционалдық сайлау жүйесіне сәйкес ресімделеді.

Жүйені жаңғырту жалғасады

Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық сайлау ко­мис­сия­сының төрағасы Нұрлан Әбдіровті қабылдады. Президентке Орталық сайлау комиссиясының сайлау жүйесін же­тіл­діруге қатысты атқарылып жат­қан жұмыстар және Қазақстанның сай­лау органдарын кәсіби тұрғыдан кү­шей­­ту әдістері жөнінде баяндалды. Сонымен қатар аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлау науқанын өткізуге қатысты өңірлердегі сайлау органдарының жұмысы туралы айтылды. Кездесу қорытындысы бойынша Президент Орталық сайлау комиссия­сына сайлауаралық үдерістердің заңға сәйкес толық ашық болуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Бұған дейін Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин сайлау процесін толықтай цифрландыру мүмкіндігіне баға берген болатын.

«Келешекте учаскеге тіркеу мен шы­ға­руды онлайн жасауға болады. Бұл про­цесс күрделі емес. Ол үшін техно­ло­гия­лық тұрғыдан дайындық болуға тиіс. Орталық сайлау комиссиясы да да­йын­далуы қажет. Процестерді бірнеше қыры­нан зерделеу де керек. Дауыс беру про­цесінің өзін ғана емес. Біз бәрін түгел автоматтандыра аламыз. Ал байқаушылар қалай қадағалайды оны? Яғни дауыс беру процесінің бірнеше қыры бар. Бай­қау­шы бір адамның қағазды алғанын, қол қойғанын, нөмірлегенін көреді. Ал электронды түрде мұның бәрі қалай ұйым­дастырылады? Цифрландырушы ре­тінде біздің дайын екеніміз түсінікті. Бірақ мәселе басқада. Бүкіл процесті цифрландырған тым болмағанда бір елді атаңыздаршы. Дауыс беру процесін халықаралық әдістер тұрғысынан да зерделеу керек. Өйткені тек цифрландырып, енді осылай болады деп айта алмаймыз. Процедураның өзін электронды түрде жасау қиын емес. Алайда бүкіл халықаралық қоғамдастық оны растайтындай етіп жасау керек», деген еді Бағдат Мусин.

Қорыта айтсақ, азаматтармен кері бай­ланыс арқылы олардың сеніміне ие болу өте маңызды. Қоғамдық мәселелерді талқылауларда пікірі ескерілмеген ағайын өзін қоғамнан бөлек сезініп, сайлау сияқты маңызды шараларға сенімсіздікпен қарауға еті үйреніп кететінін естен шығармаған жөн. Атқарушы билік тұрғындармен баян­ды байланыс орнатса, сайлаушылардың үлес салмағы артатынына күмән жоқ.