Саясат • 24 Шілде, 2022

Бесеудің басқосуы

300 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында Орталық Азия елдері басшыларының IV Консультативтік кездесуі өтті. Жиын бары­сында өңір үшін маңызды көптеген бас­тама көтерілді. Бұл жол­ғы саммит жаһандық геосаяси ахуал күрделенген сәтпен тұспа-тұс келгендіктен, оның қорытындысы бойынша қабыл­дан­­ған құжаттар «төртеу түгел болса, төбедегі келетінін» анық аң­­ғар­тып отыр.

Бесеудің басқосуы

Консультативтік кездесудің ма­ңыз­ы қандай? Орталық Азия келе­шекте қалай дамымақ? Бүгінгі мақалада осы және өзге де мәселе­лер­ге көз жүгіртіп көрген едік.

Әңгімеге кіріспес бұрын сам­мит қорытындысы бойынша қабылданған құжаттарға тоқ­талсақ. Орталық Азия мем­ле­кеттері басшыларының Консуль­тативтік кездесуінің бірлес­кен мәлім­демесі, Өңірлік ынты­мақ­тас­тықты дамытудың 2022-2024 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерінің көпжақты форматтар аясын­дағы өзара іс-қимылдар тұжы­рым­дамасы, Орталық Азия­ға арналған «Жасыл күн тәрті­бі» ай­мақ­тық бағдарламасы мақұл­дан­ды.

Бұдан бөлек Қазақстан Рес­пуб­ликасы, Қырғыз Респуб­ли­ка­сы, Тәжікстан Республикасы, Түрік­­менстан және Өзбекстан Рес­пуб­ликасы арасындағы Орталық Азияны ХХІ ғасырда дамытуды көздейтін достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарт келісілді және оған қол қою рәсімі бас­талды. Сонымен қатар Аралды құтқару халықаралық қорының құрыл­тайшы мемлекеттері басшы­ларының Аралды құтқару халық­аралық қоры президентінің өкілет­тіктерін ұзарту туралы шешімге қол қойылды.

Коронавирус пандемиясы мен Украинадағы соғыс Орталық Азия елдеріне, жалпы әлемге оңай­ға тимегені белгілі. Азық-тү­лік жеткізу тізбегінің бұзылуы, экономикалық санкциялар, ішкі жалпы өнім көлемі өсімінің баяу­лауы секілді мәселелер көптеген мемлекеттің келешек жоспарын қайта қарауға мәжбүрледі.

Орталық Азия елдері де бұған ерекше мән беретіні түсінікті. Оның үстіне өңірмен шектесіп жатқан Ауғанстан билігін «Талибан» ұйымының келуі де экстремизм және терроризммен күрес мәселесін қайтадан күн тәртібіне шы­ғар­ды. Сондықтан Ыстықкөлдің жаға­сын­да өткен жиында жоғарыда айтылған жа­һан­дық сын-қатерлер жан-жақты тал­қы­ланды.

Енді саммит барысында айтылған түйт­кілдерге жан-жақты тоқталсақ. Ең әуе­лі шекараға қатысты мәселені ерекше атап өтер едік. Себебі бұл – күйіп тұрған тақырып. Рас, Қазақстан тәуелсіздік алған кезде шекараны шегендеуге бел шешіп кіріскені мәлім. Соның арқасында «тоғызыншы территория» көршілес елдермен дау-дамайын бір жола шешіп, шекараны демаркациялау, делимитациялауға жұмыстарын құқықтық тұрғыда нақтылап алды. Тіпті бертінге дейін түйіні тарқамай келген Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі де нақтыланды. Қазіргі таңда Қазақстан – ТМД-дағы шекара мәселесі шешілген санаулы елдің қатарында.

Шолпан-Атада өткен кездесуде Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев бұған ерекше мән берді. Президент өз сөзінде өңірдегі әлі де сақталып отырған тұрақсыздық факторларын барынша жою үшін бар мүмкіндік жасалуға тиіс екенін жеткізді.

«Мемлекетаралық шекара­лар­дағы әр­бір мылтық даусының жаңғырығы екі елге ғана емес, бүкіл өңірге жағымсыз әсер етеді. Керісінше, дәл қазіргі дағдарыс жағдайында мемлекеттеріміз қай­шы­лық­тарды еңсеру ісінде өркениет­ті­лік­тің, жауаптылықтың үлгісін көрсетуге тиіс. Шекараны заңды түрде рәсімдеу үдерісінің өте күрделі әрі қиын екенін өз тәжірибемізден білеміз. Даулы мәселелер шынайы тату көршілік пен халықаралық құқықтың іргелі қағидаттарына құрмет көрсету арқылы тек қана бейбіт жолмен шешілуі мүмкін. Мұның басқа жолы жоқ. Бұл кешенді проблемаларды елемеудің немесе созбалаңға салудың салдары қиын болады, тіпті Орталық Азиядағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған барлық күш-жігерімізді жоққа шығаруы мүмкін. Посткеңестік кеңістікте өзінің шекарасын толық делимитация жасаған мемлекет ретінде, Қазақстан, өзара тиімді шешімдер іздестіруге барынша көмек көрсетуге дайын», деді Қ.Тоқаев.

Орталық Азияның картасына көз тастасаңыз, шекара мәселесі күйіп тұрғанын аңғара аласыз. Ферғана атырабында үш елдің – Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанның анклавы орналасқан. Өздеріңізге мәлім, анклав мемлекеттің бір бөлігін басқа ел толықтай қоршап жатуы. Орталық Азияда олардың саны бақандай сегіз! Оның төртеуі – Өзбекстанға, үшеуі – Тәжікстанға, біреуі – Қырғызстанға тиесілі.

Мәселен, Сох, Чон-Гара, Шахимардан, Жаңа-айыл анклавы Өзбекстанның менші­гін­де, бірақ Қырғызстанның ішінде орна­ласқан. Ал Қырғызстанның Барак ауылы Өзбекстан территориясында жа­тыр. Тәжікстанға тиесілі Ворух пен Батыс Калача – Қырғызстанның, Сарвак Өзбекстанның ішінде. Осындай анклав­тар­ға байланысты өңірде түрлі деңгейдегі қақтығыстар жиі-жиі болып тұрады. Статистикаға сүйенсек, орта есеппен жыл сайын Орталық Азияда шекараға байланысты кемінде 10 шиеленіс болып тұрады екен. Осыдан-ақ үш мемлекет үшін шекара мәселесі қаншалықты күрделі екенін аңғаруға болады.

Бұдан қала берді, Тәжікстанның Қытаймен арадағы шекарасы да талайға дейін дау болды. Ақыры 2012 жылы бұған нүкте қойылғандай көрінген. Сөйтіп, делимитациялау және демаркациялау жұмыстары басталды. Соған сәйкес, Шығыс Памирдегі даулы аймақтың бір бөлігі Қытайға берілген болатын. Ресми тұрғыда бәрі сәтті аяқталғандай көрінген. Бірақ тәжік ағайын екі тарап қол қойған құжатқа наразылық білдірді. Қазіргі таңда бұл мәселе елде ара-тұра көтеріліп қалады.

Осының бәрін ескерсек, шекара мәселесін ұтымды шешу Орталық Азия елдері үшін өте қажет. Қазіргі таңда жиі бұрқ ете түсетін азды-көпті қақтығыстар келешекте ұлғайып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан мұндай кешенді проблемаларды дер кезінде шешкен жөн. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, Қазақстан көршілес елдерге аймақтың басты драй­вері ретінде үлгі болатыны анық.

Жиында көтерілген екінші өзекті түйткіл – су мәселесі. Бұл – Орталық Азияға ғана тән проблема емес. Статис­ти­каға сүйенсек, жыл сайын адамзат пайдаланатын тұщы судың көлемі 4,3 трлн шаршы метрді құрайды екен. Мұның 70 пайызы – ауыл шаруашылығына, 19 па­­йызы – өнеркәсіпке, ал қалған 11 па­йызы күнделікті тұрмысқа жұмсалады. Жылдан-жылға суға сұраныс артып, бірақ оның көлемі кеміп барады. Өткен ғасырдан бері әлем халқының саны 4 есе өссе, «тіршілік нәріне» сұраныс 6 есе көбейген.

McKinsey-дің деректеріне сүйенсек, 2030 жылы әлемдегі өзен бассейндерінің көлемі 10 пайызға, 2050 жылы 25 пайызға тартылуы ықтимал. БҰҰ есептеуі бо­йынша әлем халқының төрттен бірі 2050 жылға қарай су тапшылығын сезінуі мүмкін. Ал Дүниежүзілік банк «тіршілік нәрінің» тапшылығы 2050 жылға қарай әлем экономикасының ішкі жалпы өнім өсімін 6 пайызға азайтады деп болжайды.

Орталық Азиядағы ірі өзен­дер­дің барлығы транс­шека­ралық болып есеп­те­леді. Ондаған жылдан бері сол транс­ше­ка­ралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану жайы Орталық Азия елдері үшін күрделі проблеманың біріне айналды. Әсіресе Сырдария мен Әмудария өзендерін бір­лесе пайдалану өте өзекті. Сырдария өз бастауын Қырғызстаннан, Әмудария Тәжікстаннан алады. Сон­дықтан Орталық Азиядағы өзге мемлекеттер қырғыз бен тәжік аға­йын­дар­дың «жомарттығына» тәуел­ді. Дәлірек айт­қанда, су ағы­нын реттеу тетігі солардың қолында.

Кеңес Одағы кезінде Сырдария мен Әмударияның суын тиімсіз пай­да­лану Арал теңізінің құр­ғауына әкелгені мәлім. Жаһан­­дық катастрофа ретінде есеп­телетін бұл жағдайдың салдары ауыр. Біріншіден, Аралдың тартылуы ондағы балық аулау шаруашылығына орасан зардап әкелді. Тамағын теңізден теріп жеп жүргендер жұмыссыз қалды. Көптеген балық түрі жойылып кетті. Екіншіден, өңірге айтарлықтай экологиялық апат келді. Құрғаған жерден көтерілген құм мен тұз таяу маңдағы таби­ғатқа кесапат болып жабысты. Тұрғындардың денсаулығы нашарлады.

Рас, Аралды құтқару мақса­тында көптеген жұмыс атқарылды. Қазақ­стан­ның бастамасымен әлемдегі мүйізі қарағайдай ұйымдар бұған жұмыла кірісті. Көкарал бөгеті салынып, кіші Аралдың құрғап кетуіне жол берілген жоқ. Бүгінге дейін кепкен теңіз табанына сексеуіл отырғызу жұмыстары жүргізіледі. Дегенмен мұның бәрі әлі де жеткіліксіз. Теңіз табанына ағаш егу аңқасы кепкен алқапқа су әкелмесі анық.

Жоғарыда Орталық Азиядағы өзен­дер трансшекаралық екенін айттық. Ал өзендердің өз кезег­ін­де бастауын мәң­гілік ақ жабын жамылған шың­дар­дан ала­тыны белгілі. Мәңгілік деге­німіз артық шығар. Кейінгі жылдары мұздықтар тез еріп, таулардың төбесі қарайып барады. Климаттың өзгеруі жөніндегі Халықаралық сарапшылар тобы­ның баян­дамасына сәйкес, Орта­лық Азияның температурасы пла­не­таның басқа бөлік­те­ріне қарағанда, әлде­қайда жылдам жы­лып келеді екен. Бұл судың басты көзі – мұздықтар көлемінің кішіреюіне әкеп соқтырады. Олардың Орталық Азиядағы көлемі соңғы 50 жылда 20, тіпті 30 пайызға кішірейген. Келешекте бұл Сырдария мен Әмудария өзендерінің ағысын бірнеше есе қысқартуы мүмкін деген болжам бар. Мұның бәрі аймақтың азық-түлік, энергетика және экология салаларындағы қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіріп отыр.

Қырғызстан 2022 жылды Тауларды тұрақты дамытудың халықаралық жылы деп жариялады. Тәжікстан 2025 жылды Мұздықтарды сақтаудың халықаралық жылы деп жариялауды ұсынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саммитте сөйлеген сөзінде Қазақстан мұндай бас­тамаларды қолдайтынын жеткізді.

Қазіргі таңда «тоғызыншы территорияда» 2 724 мұздық орна­ласқан. Өкінішке қарай, солардың ең үлкені – Тұйықсу мұздығының көлемі кейінгі жарты ғасырда 1 шақырымға дейін кішірейген. Тұйықсу жыл сайын 58 млн тонна көлемінің шамамен 1 млн тоннасын жоғалтады. Бұл 2040 жылға қарай су ресурстарының 20 пайыздан астам азаюына әкеледі.

Айта кететін тағы бір маңызды мәселе – өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру. Кейінгі 5 жылда Қазақстан мен Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымы 42 пайызға көбейіп, 6,3 млрд долларға жетті. Болашақта бұл көрсеткішті 15 млрд долларға дейін жеткізу жоспарда бар. Халықаралық сарапшылар алдағы 10 жылда Орталық Азияның шетелден тікелей инвестиция тарту жөніндегі әлеуетін шамамен 170 млрд доллар, соның ішінде шикізаттық емес секторға шамамен 70 млрд доллар көлемінде болады деп болжап отыр. Бұл – аз сома емес. Мұндай болжамды «қашпаған қара сиырдың уызына» балап, қол қусырып отыруға әсте болмайды. Сондықтан аймақтағы өзара сауда-экономикалық байланысты жолға қою керек.

Тарихқа көз жүгіртсек, Орталық Азия Ұлы Жібек жолының қақ жүрегінде орна­ласқанына куә боламыз. Қазіргідей аумалы-төкпелі заманда мұндай геогра­фия­лық байланысты ұтымды пайдалану қажет екені айтпаса да түсінікті. Мәселен, Қытайдан шыққан тауар теңіз арқылы Еуропаға екі айда жетеді. Орталық Азия­ транзиттік хабқа айналса, мұның мерзімі айтарлықтай азаяды.

Осы ретте Қазақстан Транс­каспий халықаралық көлік бағытын белсенді түрде дамытып отыр. Бұл бағыттағы контейнер тасымалы 2017 жылдан бері 3 есеге, яғни 25 мыңға дейін өсті. Бұдан бөлек Қазақстан «Мазари-Шариф – Кабул – Пешевар» бағытындағы темір жол құрылысына атсалысуға әзір. Сондай-ақ Шығыс Азия мен Парсы шығанағы елдерін байланыс­тыратын ең қысқа бағыт «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» темір жолы да тауар айналымын көбейтуге үлес қоса алады.

Таяуда алғашқы контейнерлік по­йыз Қазақстаннан Түрікменстан, Иран арқылы Түркияға жөнелтілді. Бұл жаңа ло­гис­ти­калық шешім 6 мың шақы­рым­­нан астам жолды 12 күнде жүріп өтуге мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ Қазақстанның Ақтау және Құрық порттары Таяу Шығыс пен Еуропа елдерінің нарығына шығуға септігін тигізеді. «Дарбаза – Мақтарал» темір жол желі­сі­нің іске қосылуы өткізу әлеуетін 2 есе арт­тыруға, ал жүк тасы­мал­дау мерзі­мін 1,5 есе қысқартуға жол ашты. Осы орай­да Қазақстан тарапы «Түрік­мен­башы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы» жаңа автожолын салу бастамасын қолдайды.

Бұдан бөлек жиын барысында білім және ғылым саласындағы ынты­мақ­тас­тықты арттыру, мәде­ни байланысты күшейту секілді мәселелер сөз болды. Қорыта айтқанда, Шолпан-Атада өткен саммит Орталық Азияның стратегиялық серіктестігі мол екенін аңғартты. Сарап­шы­лар да мұны қостап отыр.