Елорда • 25 Шілде, 2022

«Eden Life» қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық іс қозғалды

247 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында «Eden Life» қаржы пирамидасын құруға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Қаржы мониторингі агенттігіне сілтеме жасап.

«Eden Life» қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық іс қозғалды

«Қаржы мониторингі агенттігінің елордалық департаменті «Eden Life» қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Тергеу органы қаланың сенгіш тұрғындарымен түрлі сипаттағы инвестициялық бағдарлама келісімдерін жасап, ойдан шығарылған инвестициялық жобаларға қаражат салуды ұсынған тұлғаларды анықтады. Бұл ұйым өзін портфельдік инвестиция және қаржылық кеңес ұсынатын халықаралық қаржылық және аналитикалық компания ретінде көрсетеді. Департаментте аса ірі көлемде ақша немесе өзге де мүлікке қатысты қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр», делінген агенттіктің баспасөз хабарламасында.

Мәлім етілгендей, Қылмыстық-процесстік кодекстің 201-бабының талаптарына сәйкес басқа деректер тергеу мүддесі аясында жария етуге жатпайды.

Қаржы мониторингі агенттігі азаматтарды қырағы болуға және YouТube хостингіндегі «Eden Life» жарнамасына алданып, жинақтарын күмәнді қаржы институттарына салмауға шақырды.