Аймақтар • 25 Шілде, 2022

Шалқарда ән шалқыды

464 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысындағы әдемі демалыс орындарының бірі – Шалқар көлі жағасында республикалық «Шалқар толқыны -2022» ән байқауы өтті. Сайысқа жергілікті әншілерден бөлек, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Павлодар облыстарынан келген өнерпаздар қатысты.

Шалқарда ән шалқыды

Бұл байқау биыл үшінші мәрте өтіп отыр. Облықтық мәдениет басқармасы және Теректі ауданы әкімдігі қолдап өткізетін тамаша ән тойы пандемия кезінде тоқтап қалған болатын. Араға үш жыл салып қайта жанданған сайыс көрерменнің көңілінен шықты.п

Еліміздің әр жерінен жиналған 20 әнші байтақ даланың інжу-маржаны сынды Шалқар көлінде тамаша демалыс күндерін өткізді. Шалқар ауылдық округінің орталығы Сарыөмір ауылының тарихымен танысты. Бұл ауыл – белгілі жазушы Хамза Есенжановтың туған жері. Жазушы есімін иеленген орта мектепте шағын музей ұйымдастырылған.

Байқауға қатысқан өнерпаздар бірінші кезеңде Қазақстан композиторларының ел мен жер, Отан тақырыбындағы әндерін шырқаса, екінші кезеңде Ақжайық өңірі ақын-копозиторларының шығармаларын орындады.м

Екі күнге созылған ән додасында «Шалқар толқыны-2022» республикалық ән байқауының Гран-при сыйлығын Атырау облысы, Индер ауданынан келген Мұратбек Жұмашев жеңіп алды. І орынды – оралдық Рустам Хафизов иеленсе, қазылар алқасының шешімімен ІІ орын қостанайлық Тасқын Әжібай мен бөкейордалық Рауан Қажығалиевке бұйырды. Ал қаратөбелік Рүстем Ақташев пен Ақтөбе облысынан келген әнші Нұржан Әбжан ІІІ орынға ие болды. Бәйтерек ауданының өнерпазы Ақан Жекеков, Орал қаласының намысын қорғаған Балауса Әжгереева және Павлодар қаласынан келген «Самғау» квартеті байқаудың дипломанттары атанды. Өзге қатысушылар да алғыс хатпен, ескерткіш сыйлықтармен марапатталды.