Руханият • 25 Шілде, 2022

Манас, Мұхтар һәм мәдени дипломатия

16418 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Таяуда өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Саммиті аясында Шолпан-Атадағы Мұхтар Әуезов музей-үйіне арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың заңғар жазушының бюстін ашып, құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырғаны мәлім.

Әріден тартсақ, ақбас Алатау баурайында бір түйенің өркешіндей бірге жасасып, біте қайнасқан қазақ пен қырғыз тарихтың ұзын салқар керуенінде үзеңгілес те үндес жүргені белгілі. Сондықтан Мұхтар мен Шыңғыс, Кенен мен Оспанқұл, Жамбыл мен Тоқтағұл, Шоқан мен Боранбай сынды арда ұлдары төс түйістірген, тарихы ғана емес, тағдыры да қатар өрілген бауырлас жұртты біріктіретін қасиет-құндылықтар аз емес. Бұл орайда өнегелі өмірімен, рухани нәрлі тамырымен қырғыз бен қазақтың бекем бауырластығына алтын көпір болған, биыл  туғанына 125 жыл толып отырған сөз зергері Мұхтар Омарханұлының орыны айрықша. Классик жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Өз басым өзге елге сапарға шығып, өзге жұрттың табалдырығын аттай қалсам, әрқашан қасиет тұтып, өзіммен бірге қастерлеп ала жүретін екі түрлі асылым бар: бірі – «Манас», бірі – Мұхтар Әуезов» деп мақтаныш етуі де жарасымды жақындықты аңғартса керек.

Айырқалпақты ағайынның ұранына айналған «Манастың» басына қара бұлт үйірілгенде қырғыздың даңқты перзенті Исхақ Раззақов классик жазушы Мұхтар Әуезовті арнайы шақырып, оның беделімен ұлы эпосты қорғап қалуға тырысты. Расында Мұхаң Манасты қорғап қалды да. Қорғап қана қалған жоқ, Кеңес Одағы дәуірінде «Манас» эпосын ғылыми тұрғыдан кешенді зерттеудің арналы бастауында да марғасқа Мұхтар тұрды. Ол Ш.Уәлихановтың соқпағын жаңғыртып, манастануды жаңа сапалық деңгейге көтереді. Әсіресе «Манас» дастанына идеологиялық шабуыл жасалған 1952 жылдың 8 маусымында Фрунзе қаласында өткен талқылау жиынында жырды білімдарлықпен қорғап, эпостың қайтадан өмір сүруіне жол ашуы тар заманда жасалған рухани ерлік еді. Жалпы, өзі жазғанындай Мұхтар Омарханұлы «Манас» эпосын және манасшылардың шығармашылығын 1930 жылдардан бастап тиянақты түрде зерттеп келген болса, қырғыздың ұлттық ұлы мұрасының саяси тағдыры шешіліп жатқанда, «Манасты» біліктілігі мен бай тәжірибесіне сүйеніп, аман сақтап қалудың бірден-бір амалын тапқаны және эпостың ықшамдалған вариантын түзіп шығу идеясын көтеріп, Болат Юнусалиев бастаған қырғыз ғалымдарымен тізе қосып оңтайлы қаулыны қабылдатқаны нағыз жеңіс еді. Манасты «зиянды, буржуазияшыл, діншіл, халыққа жат эпос» деп жариялап, қара құйын соқтырып, эпосқа қаралы үкім шығарғалы келген екпінді топ ақыры дегеніне жетпей қалады. Сол күні «Манас ақталды!» деген сүйінші ақжолтай хабар Бішкек асып, бүкіл бауырлас жұртты тебірентіп жібереді.

Академик жазушының манастануға қосқан шоқтығы биік еңбегінің бірегейі – «Қырғыздың батырлық эпосы «Манас» деген көлемді зерттеуі. Бұл монографиялық еңбектің алғашқы нұсқасы 1934 жылы дайын болған көрінеді. Автор оны әртүрлі саяси-идеологиялық кедергілерге байланысты өзегін өзгертпегенімен әр жылдары шұқшиып редакциялап, еселеп өңдеп, болаттай шынықтырып, шыңдай түскені байқалады. Тіпті осы маңызды зерттеудің Қырғыз Ұлттық Ғылым Академиясы Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институты Қолжазбалар қорында 1936 жылы машинкаға терілген дайын нұсқасының сақталуы автордың Манасты зерттеуге ерекше ыждағат танытқандығының куәсі іспетті. Бұл іргелі еңбек аталмыш қорда сақталған алғашқы нұсқасымен толықтырылып, Түркі академиясы тарапынан ұлы жазушының 125 жылдық мерейтойына тарту ретінде жарияланды.

Мұхаңның ерен еңбегі мен ерлігіне әбден тәнті болған Раззақов 1959 жылы заңғар жазушыға Ыстық көлдің жағасынан арнайы үй салдырып берді. Ұлы жазушының шығармашылық шабытына дем берген, талай тарихи оқиғаларға, Әуезов пен әйгілі манасшы Саяқбай Қаралаевтың, көрнекті қаламгерлер Аалы Тоқамбаев, Түгелбай Сыдықбековтердің достығына, терең сырларға куә болған Шолпан-Атадағы құтты шаңырақ 1970 жылы кітапхана-музей болып ашылғанымен, соңғы жылдары жеткілікті назар аударылмай тасада қалған еді. Президенттің арнайы баруымен бұл рухани орталық жазушының мерейтойы қарсаңында қайтадан түлеуге қадам басты. Бауырлас халықтардың рухани тамырластығынын алтын арқау болған Мұхтар Әуезов осылайша аймақтағы ағайынның айтулы жиыны тұсында берекелі бекем достықтың айшықты айғағына айналды. Ұлы жазушыға құрмет көрсеткен жазушының ұлы тамырлас елдердің әдеби-мәдени байланыстарына жаңаша серпін берді. Құтты да баянды болғай!