Әлем • 25 Шілде, 2022

Украина астығын экспорттауға мүмкіндік алды

221 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткен жұмада Түркияда Украина бидайын экспорттау туралы келісімге қол қойылды. Келіссөздерге Ресей және Украина делегациялары, Түркия тарапы және БҰҰ Бас хатшысы қатысты. Келісімге сәйкес, Қара теңіз порттарынан астық тасымалдауға кедергі келмеуге тиіс.

Украина астығын экспорттауға мүмкіндік алды

Біріккен Ұлттар Ұйымы келісімді бес айға созылған қарулы қақтығыстағы үлкен дипломатиялық жеңіс деп санайды. Экспортты қалпына келтіру Украина үшін де, бүкіл әлем үшін де маңызды. Өйткені астық экспортының тоқтауы әлемдік азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.

ВВС тілшісіне берген сұхбатында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш қазіргі келісім осы уақытқа дейін атқарған жұмыстарының ішіндегі ең маңыздысы екенін мәлімдеген.

БҰҰ тарапы келісімнің тезірек орын­далатынына үміттеніп отыр. Сенбіден бастап Ыстамбұлда барлық тараптың қауіпсіздігі мен талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ететін үйлестіру орталығы құрыла бастайды. Ұйым сарапшыларының бағалауы бойынша, тасымалдау схемасын реттеу бірнеше аптаға созылуы мүм-
кін.

Ресми Киев келіссөздер кезінде Ресеймен тікелей келісімге қол қоюдан бас тартты. Оның орнына екі келісімшарт жасалды. Біріншісіне – Украина, Түркия және БҰҰ, екіншісіне – Ресей, Түркия және БҰҰ қол қойды. Екі айға созылған келісім 120 күнге арналған. Ыстамбұлда БҰҰ, Түркия, Ресей және Украина шенеуніктері жұмыс істейтін үйлестіру және бақылау орталығы құрылады. Екі жақ келіссе, оның мерзімі ұзартылуы мүмкін.

Құжатқа сәйкес, жүктер тасымалдаған кемелер портқа келгенде Ресей оларды атқыламауға тиіс. Украиналық кемелер жүк кемелерін теңіздің миналанған бөлігінен алып өтуге жәрдемдеседі. Түр­кия Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауы­мен лайнерлерді тексеріп отырады. Сөйтіп, Ресейдің қару-жарақ тасымалдау жөніндегі қаупін сейілтуге тиіс. Ресейдің астық пен тыңайтқышты Қара теңіз арқылы экспорттауына рұқсат етіледі.

Ресей тарапы Украина астығын тасы­малдауға кедергі келтіріп отыр деген әлем елдерінің айыптауын жоққа шығарады. Африкадағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралына берген сұхбатында Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров мұны «мүлдем негізсіз» деп мәлімдеді.

Әйтсе де, келісімге қол қойылғаннан кейін Ресей әскері Украинаның Одесса қаласын зымыранмен атқылады. Жалпы, шаһарға 4 ракета жіберілген екен. Оның екеуін әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі атып құлатқан. Қалған екеуі порт­қа келіп түскен. Одесса – елдегі портты қаланың бірі. Euronews арнасының хабар­лауынша, портта көп көлемде астық болған. Құдай сақтап, құлаған зымыран­дар астық сақталған қамбаға тимеген. Бірақ жарылыс салдарынан таяу маңдағы бірнеше ғимаратқа зардап келген көрінеді.

Ресей Сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова Одесса портына жасалған шабуылды ресейліктер жасағанын растады. «Калибр» зымырандары Одесса портының әскери инфрақұрылымын қиратып, Украинаның әскери қайығын Киев режімі жақсы көретін мекенжайға жоғары дәлдіктегі соққымен жіберді», деп жазды ол Telegram-каналында.

«Астықты тасымалдау жөніндегі келісімшарт жасалғаннан кейін бірден осындай оқиғаның болуы бізді қатты алаң­датты. Алаңдап отырмыз, бірақ келі­сімге сәйкес өз міндеттемелерімізді орындауды жалғастырамыз. Кездесуде тараптар арасындағы ынтымақтастықты са­бырлы және шыдамды түрде жал­ғас­тыруды жақтайтынымызды мәлімдедік», деді Түркия қорғаныс министрі Хулуси Акар.

Айта кетерлігі, бүкіл әлем Анадолыға көз тігіп, ақжолтай ақпаратты күткеніне біраз болған. Өйткені Украина бидайын тасымалдау аталған елге ғана емес, шартараптың түкпір-түкпірін мекендеген халық үшін өте қажет.

Украинадағы соғыс басталғалы Қара теңіз арқылы астық экспорттауға қиындық туды. Ресей әскері Украина порттарын блокадаға алып, бидай тиеген кемелердің емін-еркін жүруіне кедергі келтірді. Порт­ты қалаларда шамамен 20 миллион тонна астық қалып қойған көрінеді. Бұдан бөлек, Киев билігі басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін шетелге сата алмай қалды.

Жалпы, Украина астығы әлемдік эскпорт нарығының 10 пайызын құрайды. Жыл сайын пәленбай миллион тонна бидайын шетелге сатады. Ел президенті Володимир Зеленскийдің айтуынша, биылғы астық жинау маусымынан кейін қамбалардағы дәнді-дақылдың көлемі
75 миллион тоннаға жетуі мүмкін. Әрине, бұл соғысқа дейінгі кезеңмен салыс­тырғанда әлдеқайда төмен. Дегенмен осыны сату­дың, жеткізудің өзі оңайға түспейді.

Сарапшылар соғыстың кесірінен биылғы егін орағы кезінде өнім көлемі айтарлықтай азаятынын айтады. Мәселен, жыл сайын Украина 86 миллион тонна астық жинап алады. Chatham House сараптамалық орталығының азық-түлік жөніндегі сарапшысы Лаура Уэллеслейдің сөзіне сүйенсек, биыл Киев осы көлемнің 30 пайызын ора алмай қалуы мүмкін.

Украина – көлемі жөнінен әлемдегі төртінші ірі астық экспорттаушы ел. Әдетте, жер жаһанда қолданылатын күнбағыс майының 42 пайызын, жүгерінің 16 пайызын және бидайдың 9 пайызын өндіреді. Соғыс салдарынан әлемдегі ең ірі экспорттаушы Ресейде бидай экспорты төмендеген екен.

Батыс елдері салған санкциялар Ресейдегі ауыл шаруашылығына бағыт­талмаған. Бірақ Кремль билігі батыстағы мемлекеттерді сақтандыру тарифтерін көтеріп, төлемдерге әсер ету арқылы экс­портқа кедергі келтірді деп айыптайды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін тасы­малдайтын ресейлік кемелерге Еуропалық одақ порттарына кіруге тыйым салынбаған.

Сондай-ақ Украина мен Ресей Африка құрлығына көп көлемде дәнді-дақыл жеткізеді. Африкалық даму банкінің мәлі­метінше, әдетте, екі мемлекет Африка бидайының 40 пайыздан астамын қам­та­масыз етеді. Дегенмен соғыстың кесірінен қара құрлыққа 30 миллион тонна астық жетпей қалуы мүмкін. Өз кезегінде мұндай жағдай өңірдегі азық-түлік бағасының 40 пайызға өсуіне ықпал етті. Мәселен, қазірдің өзінде Нигерияда макарон және нан секілді негізгі өнімдердің бағасы 50 пайызға көтерілген.

Сонымен қатар Йемен әдетте Украинадан жылына миллион тоннадан астам бидай импорттайды. БҰҰ мәліметіне сүйенсек, қаңтар мен мамыр айларындағы тасымал көлемінің азаюы Йеменде ұн бағасының 42 пайыз, нанның 25 пайызға қымбаттауына әкеліп соққан. Украина бидайының тағы бір ірі импортшысы – Сирияда нан бағасы екі есеге өсті.

Бидайдың халықаралық нарықтағы бағасы келісімге қол қойылғаннан кейін шамалы арзандады. Алайда Лаура Уэллесли Украинаның астығы көп көлемде тасымалданбаса, Таяу Шығыс пен Африканың көптеген елі аштыққа ұшырайтынын алға тартып отыр.

Қазіргі таңда Украина астықты Дунай өзені, құрлық арқылы тасымалдап жатыр. Бірақ мұның көлемі жүк кемелеріне сай келмейді. Сондықтан миллиондаған тонна бидайды діттеген жерге жеткізу үшін әлі де көп уақыт керек.