Қазақстан • 25 Шілде, 2022

«Зерде» холдингі неге таратылады?

345 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елдегі заманауи ақпараттық технологияларды дамыту мақсатында осыдан 15 жылдай бұрын құрылған «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ басынан соңғы жылдары «бұлт арылған» жоқ. Бүгінге дейін еш жерде аты шықпай, елеусіз жұмыс істеп келген мемлекеттік компания Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің тексерісінен кейін бірден ақпарат құралдарының назарына ілікті. Бұл мәселе Президентке дейін жетіп, ақыр соңында холдинг жабылатыны белгілі болды.

«Зерде» холдингі неге таратылады?

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Зерде» холдин­гі­нің жұмы­сына күмән келтіріп, мә­се­лені жан-жақты қарастыруды тап­сырған. Іле Цифрлық даму, инно­вациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрі Бағдат Мусин «Зерде» холдингін таратып жі­беру ұсынылатынын хабарлады. Ал жа­қында министрлік холдингке байланысты өздері­нің ресми ұстанымын жариялады. Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Зерде» холдингі объективті және субъективті себептерге байланысты ақпараттық коммуникациялық технология­лар саласын дамытудың толыққан­ды институты ретінде қалыптаса алма­ған. «Бүгінде «Зерде» хол­дин­гі дербес табыс әкелмейді және ­өз кезе­гінде «Электронды үкімет­­­тің» ақпараттық-коммуникациялық ин-­
фрақұрылымы операторының функ­­цияларын жүзеге асыруға мем­­­­лекеттен тапсырыстар алатын «Ұлт­тық ақпараттық технология­лар» АҚ-ның дивидендтері есе­бінен қаржыландырылады. Мұны ауди­торлық есептер де растайды», делін­ген хабарламада.

2021 жылдың қорытындысы бойын­ша «Зерде» холдингінің та­бысы «Элек­­тронды үкімет­тің» ақпараттық ком­му­ни­ка­ция инфрақұрылымы мен ақпарат­тан­дыру объектілерін зерттеу жұмыстары есебінен ұлғайған. Осы­лайша, жақсы табысқа қол жеткіз­генімен компания жыл­дың соңын­да қайтадан шығынға ұшыраған. Республикалық бюд­жеттің атқа­ры­луын бақылау жө­ніндегі есеп комитетінің есебінше холдингтің жинақ­талған шы­ғыны 7 млрд тең­гені құраған.

Қазіргі уақытта «Зерде» хол­дингінің құрылымында үш еншілес ұйым бар: Astana Hub технопар­кі, «Ұлттық ақпа­раттық технологиялар» және Qazin­no­vations ак­цио­нерлік қоғамдары. Хол­динг та­ра­тылғаннан кейін бұл енші­лес ұйымдар Цифрлық даму министр­лігімен және мемлекеттік органдармен тікелей жұмыс істейді.

«Бүгінде біздің алдымызда жаңа стратегиялық міндеттер мен цифр­лан­дыру қарқынын жедел­дету мәселесі тұр. Сонымен қатар ­ақпа­раттық ком­муни­кациялық тех­ноло­гиялар саласын басқарудың сапалы жаңа тетігін құруымыз қажет. Бұл ретте алдағы транс­формация корпоративтік басқару­дың хол­дингтік құрылымын таратуға қа­тысты екенін атап өтеміз және бұл өзге­­рістер «Зерде» холдингі­нің өнді­ріс­тік персоналына әсер ет­пейді», дейді министрлік өкілдері.

Аталған мемлекеттік орган «Зерде­нің» қолында болған «сер­вис­тік интегратор» функцияларын «Цифрлы үкі­метті қолдау ор­талығы» РМК-ға беру туралы ше­шім қабылдаған. Оның не­гізгі міндеттері – мемлекеттік бас­қа­руды цифрлы трансформациялау процестерін әдістемелік және ұйым­дастырушылық сүйемелдеу және барлық ұлттық жоба мен бағдарламалық құжаттың іске асырылуына мониторинг жасау. Сол себепті Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша Цифрлы үкіметті қолдау орталығы мемлекеттік органдар үшін жетек­ші талдау орталығы ретінде құры­лып отыр және осы орталықтың құрамында Цифрлы трансформация орталығы да жұмыс істемек. Холдингтің бұрынғы қызметкер­лері де Цифрлы үкіметті қол­дау орталығына жұмысқа ауысады және өздеріне тиесілі бар­лық төлемді толық көлемде алады деп уәде бе­реді министрлік. «Бү­гінгі таңда кадрлық әлеуетті сақтай отырып, мемлекеттік IT-секторын басқа­ру­ды реформа­лау – біздің негізгі басымдығы­мыз. Бұл министрлік­тің, «Зерде» холдингінің және ондағы енші­лес ұйымдардың ортақ міндеті. Ми­нистрлік қызметкерлердің ең жоғары әлеуметтік қорғалуын қам­тамасыз ету қажеттігін және кейін­нен олардың мамандығы мен біліктілігіне сәйкес жұмысқа орналасуын ескере отырып, олар­дың мүдделерін негізге алатын болады. Холдингті тарату кезінде қызметкерлер өздерінің алдағы еңбек қызметінің перспективала­рына қатысты дұрыс шешім қабыл­дауы үшін бүкіл процесс ашық және айқын өтеді», делінген баспасөз хабарламасында.

20 шілде күні Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрі Б.Мусин холдинг ұжымымен арнайы кездесіп қайтты. Бұл жүздесуде алдағы жос­парлар талқыланып, холдингті тарату процесі жан-жақты айтылған. «Таратылып жатқан холдинг қыз­мет­­керлерінің басым көпшілігі жаңа жобалармен бірлесіп жұмыс істеуді жалғастыратынын және цифрлы ведомство жүйесінде қалады деп үміттенеміз», дейді ми­нистрлік мамандары.