Айналма жолдың әлегі көп
Жол, мейлі әуе, теңіз, темір және автокөлік жолдары болсын – экономиканың күретамыры саналады. Бұл жол инфрақұрылымының қаншалықты маңызды екенін әлемде қалыптасқан қазіргі геосаяси ахуал да байқатып отыр. Тіпті осы саланы дамыту арқылы бұдан түсетін табысты арттырып, мемлекеттік қазынаны ұлғайтып отырған елдер де бар. Өкініштісі сол, Ұлы Жібек жолының бойында орналассақ та, бұл бағытта айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмай келеміз. Керісінше аталған сала сыбайлас жемқорлықтан арыла алмай, арам пиғылды азаматтар жол құрылысына бөлінген ақшаны жымқыруды тоқтатар емес.
Президенттің сөзіне сүйенсек, жол жөндеуге бөлінген қаражаттың 44%-ына мемлекеттік сатып алу қорытындысы жасалмаған (464 млрд теңгенің 263 млрд теңгесі бойынша мемлекеттік сатып алу қорытындысы бар).
Еліміздің өзге өңірлеріндегі сынды бұл проблема Абай облысында да өзекті. Әсіресе мұны жаз мезгілінде анық байқауға болады. Неге десеңіз, өңірде туристер саяхаттап, демалуға арналған көрікті жерлер жетерлік. Алайда сол орындарға жетудің машақаты көп. Айталық, Қытаймен іргелес жатқан айдынды Алакөлдің шипалы суына шомылып, жазғы демалысты пайдалы өткізуді қалайтындардың саны жыл сайын артып жатыр. Бірақ та автокөлікті тізгіндеп, көлді көруге асыққан ағайынға біраз төзім керек.
«Жеке көлігімізбен елордадан Алакөлге барып қайттық. Павлодарға дейін жалғасып жатқан төрт жолақты күре жолдың жағдайы тамаша. Әрмен қарай Семейге дейін де жолдың сапасы өте жақсы. Семей мен Қалбатаудың арасы да дәл сондай. Қалбатаудан Аягөзге дейін 6 рет айналма жолға түсуге тура келеді. Оның ұзақтығы – шамамен 30 шақырым. Екі жыл бұрын 18 рет айналып, ой-шұңқырлы жолмен қатынап жүрдік. Аягөзден Таскескенге дейін тағы да 3-4 айналма жолды артқа тастадық. Тұтастай алғанда, жол ұзақтығы 16 сағатты алды», деп Шығысқа сапары жайлы ой бөліскен астаналық Ләйлә Мұсақан.
Сиырқұйымшақтанып кеткен Қалбатау-Майқапшағай бағыты
Абай облысы мәслихатының хатшысы Қуаныш Сүлейменов осы өңірдегі жолдардың жөнделуі мен сапасына байланысты «ҚазАвтоЖол» ҰК»
АҚ-ға арнайы сауалхат та жолдапты. Соған сәйкес компанияның өңірлік филиалы былай деп жауап берген:
«Республикалық маңызы бар Семей – Қайнар бағытындағы автомобиль жолына 2020 жылы жалпы ұзындығы 46 шақырымды құрайтын (112-132, 182-208 шақырым) учаскелерінде орташа жөндеу жүргізілді, сондай-ақ бұл жолда 2021 жылы жалпы ұзындығы 62 шақырымды құрайтын (132-182 шақырым, 208-220 шақырым) учаскелерінде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Осы жылы жұмыс жоспары бойынша ұзындығы 48 шақырымды құрайтын (220-268 шақырым) учаскесінде орташа жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ Қыземшек ауылының маңындағы Семей – Қайнар жолының 47-51 шақырым учаскесіне орташа жөндеу жүргізуге байланысты жұмыс жоспарына сметалык кұжаттама әзірленіп, ведомстволык сараптаманың қорытындысы алынды.
Аягөз ауданына қарасты республикалық маңызы бар Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Бұғаз автомобиль жолының ұзындығы 84 шақырымды құрайтын (620-660, 660-704 шақырым) учаскесін қайта жаңартуға жобалау-сметалық кұжаттама әзірленіп жатыр. Қайта жаңартуға арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары 2023 жылдың басында аяқталады.
Талдықорған – Қалбатау – Өскемен және Қалбатау – Майқапшағай автомобиль жолдарының қайта жаңарту жұмыстарының аяқталу мерзімі қосымша келісімшартка сәйкес екі дәліз бойынша 2023 жылдың соңына дейін көрсетілген. Бүгінгі таңда аталған екі бағыттағы автомобиль жолдарындағы учаскелерде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Талдықорған – Қалбатау – Өскемен автомобиль жолының құрылыс жұмыстарын жүргізуге жауапты бас мердігер – қытайлық компания Citic Construction Co., LTD. Сонымен қатар Қалбатау – Майқапшағай автомобиль жолының құрылыс жұмыстарын жүргізуге жауапты бас мердігер – қытайлық компания XinXing», делінген ұлттық оператордың жауабында.
Десе де, «ҚазАвтоЖолдың» бұл жауабы өңір депутаттарын қанағаттандырмаған сынды. Өйткені тағы екі сауалхат Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі мен аталған ведомствоға қарасты Автомобиль жолдары комитетінің басшысының атына жолданды.
250 шақырымдай жолды салуға уәде етті
Таяудағы Президенттің айтқан сыны мен өңірлерден түсетін шағым жиілеген соң жол құрылысына жауапты ұйым жоғарыдағы учаскелерде тиісті жұмыстар жанданғанын хабарлады.
«Тағы бір ұзақмерзімді нысанда құрылыс жұмыстары жанданды. Мәселе Талдықорған – Қалбатау – Өскемен тасжолына байланысты. Айталық, өткен аптада жол нысанында асфальт төсеу жұмыстары басталды.
Аталған трассаның жалпы ұзындығы 768 шақырымды құрап, 16 учаскеден тұрады. Малдың өтуіне және су өткізетін құбырларды орнату жұмыстары 81%-ға, ал көпірлерді орнату бойынша жұмыстар 63%-ға орындалды. Бас мердігер – қытайлық CITIC Construction компаниясы.
Негізгі мақсат – жылдың аяғына дейін барлық жолдың басым бөлігіне асфальтбетон жабынын төсеу. Бұдан басқа айналма жолдардың санын қысқарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Жалпы, еліміз бойынша республикалық маңызы бар жолдардың 95 учаскесі құрылыс жұмыстарымен қамтылған», деп көрсетілген ұлттық компания таратқан ақпаратта.
Аталған ұйымның мәліметіне сүйенсек, ұлттық оператор республикалық Қалбатау – Майқапшағай тасжолындағы құрылыс-монтаждау жұмыстарына байланысты консорциумының құрамын қайта қарап, қосымша келісімге қол қойылумен қатар қажетті көлемдегі арнайы техника мен мамандар жұмылдырылып отыр.
Осы жылдың аяғына дейін бас мердігер 250 шақырымдай жолды салып бітуге тиіс. Қазір мұнда 300-ге жуық арнайы техника мен 400-ден аса адам жұмыс істеп жатыр. Жұмысқа тартылғандардың 90%-ы – жергілікті халық. Олардың дені – техникалық мамандықтарды меңгеріп шыққан азаматтар.
Аталған автожолдың тұтастай ұзындығы – 415 шақырым. Жаңғырту жұмыстары аяқталған соң бұл күре жол 2 жолақтан тұрып, II-ші техникалық санатқа сәйкес келді деп сендіріп отыр бас мердігер.
Семейге саяхаттайтын туристер міндетті түрде Жидебайдағы ұлы Абайдың кесенесіне аялдап, хакімнің рухына тағзым етпей кетпейтіні белгілі. Бұл ретте облыс орталығы мен Қарауылдың арасындағы жол да жаңғыртуды қажет ететінін айта кеткен орынды. Қуантарлығы, облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Семей – Қарауыл бағытындағы жолды төртжолақты етіп салу мүмкіндігі қарастырылатынын жеткізді. Нәтижесінде, киелі өңірге сапарлайтын халықтың саны артып, туристік кластерді дамытуға жол ашылады.
Үкіметті ширатып алған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев автокөлік жолдары саласына түбегейлі реформа жүргізу қажет екенін айтып, «ҚазАвтоЖол» мен «Қазақавтодорды» біріктіріп, біртұтас автожол компаниясын құруды тапсырды. Нәтижесінде, қызметкерлердің саны қысқарып, бұл тұтастай саланы кешенді түрде дамытуға серпін беруге тиіс деді. Ал бұдан министрлер кабинеті қандай сабақ түйгенін уақыт көрсетер.
Абай облысы