Аймақтар • 26 Шілде, 2022

Табындық жер тарылып тұр

190 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бірі мыңдаған гектар жерді қоршап алып, өзі де пайдаланбайды, өзге біреуге де бермейді. Енді бірі болса, шабындық пен табындық жер таппай сандалып жүр.

Табындық жер тарылып тұр

Суретті түсірген автор

Облыс орталығының іргесін­де­гі аудандарды айтпағанда, шал­ғай­да­ғы шекара шебін жайлап отырған ауылдардың да проблемасы – жайы­лым мен шабындық. Шынында, қордаланған мәселенің шешімін табу қиын. Жерді 49 жылға дейін жалға алған ірі шаруашылықтар мен алпауыт жер иелері жеріне мал кіргізбек түгілі, маңайынан тышқан жорытпайды. Сонда қойын құрттап, айранын ұрттап отырған қарапайым халық қайтіп күн көрмек?!

Өңірде иесіз қалған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұ­мыс­тары жүргізілуде. Алайда жүр­гі­зіліп жатқан жұмыстардан нәтиже бар ма?

– 2021 жылы Мемлекет басшысы қараусыз қалған жерлерді қай­та­ру­ға қатысты тапсырма бер­ді. Жер­гiлiктi әкiмдiктер бос жат­қан жер­лердiң тiзiмiн жасады. Атқа­рылған жұмыстардың нәти­же­сінде, бұ­рын пайдаланылмай келген 1 млн гек­тардан астам жер анықталды. Бү­гінгі таңда Шығыс Қазақ­станда мал жаюға қажетті жер көлемі 146 мың гектарды құрайды, – деді об­лыстық жер қатынастары бас­қар­масының басшысы Надежда Михейлис.

Надежда Михейлистің айтуынша, бүгінде Бесқарағай, Бородулиха, Ұлан аудандарында және Өскемен қаласында жайылымдық жер тап­шы­лығы ерекше сезілуде. Ал пайдаланусыз жатқан жерлерді мемлекетке қайтару процедурасына бір жылға жуық уақыт кететін көрінеді.

Аталған мәселе облыс әкімді­гі­нің де тұрақты бақылауында тұр. Өңір басшылығының берген мәл­і­меттеріне сүйенсек, биылғы жыл­дың жартысына дейін бұрынғы облыстың жер көлемімен есептегенде, бізге былтыр 1 млн 607 мың гектар жайылымдық жер жет­пеген болатын. Сол уақыттан бері пай­да­­ланусыз бос жатқан жер­лерді мем­­лекет меншігіне алу, ауыл шар­уашылығы, орман шаруа­шы­лы­ғы қоры жерлерінің есебінен жайылымды кеңейту жұмыстары үздіксіз жүргізілді. Нәтиже бар. Ал облыс екіге бөлінген соң, қазіргі Шығыс Қазақстан облысының аума­ғында 55 мың гектар жайы­лым­дық жер жетіспеуде. Оны шешудің жолы оңай. 45,5 мың га жер пайдаланылмай жатқан жерлердің есебінен жабылады. Ал қалған он мың гектардың мәсе­лесін ауыл маңындағы жерлерді жайы­лымдыққа беру, орман қоры аумағынан жер бөлу арқылы күнде­лік­ті жұмыс барысында шешуге болады.

Облыс әкімі Даниал Ахметов Орталық коммуникациялар қыз­ме­ті алаңында өткен брифингте жа­йылымдық жер мәселесін об­лыста жылдың соңына дейін түбегейлі шешетінін айтқан. Мұны уақыт көрсетеді. Өңірде күрмеуі шешілмей уәде күйінде қалған проб­лема көп. Десе де, жақсылыққа үміт артайық.

– Жұрт бүгінде жаппай жайы­лым­дық жер іздей бастады. Бұрын бұл мәселе мүлде көтерілмейтін. Себебі ел ертеңін, болашағын ойлай бастады, сол үшін мал басын жап­пай көбейте түсуде. Бүгінгі жа­­йы­лымдық оған он жылдан ке­йін де керек. Осылайша, балама, немереме мұра етіп қалдырып кетсем дейді. Мал басы көбейген соң, жайылымдық жер мәселесінің туын­дауы да заңдылық, – деді облыс әкімі брифингте.

Әлбетте, халық мал басы көбей­ген соң жер іздейді. Әсіресе шекара шебінде жатқан ауыл халқының малдан басқа айналысар кәсібі жоқ. Ауылдық жерде екі қолға бір күрек табу қиынның қиыны. Жан бағу үшін мал асырайды. Облыс әкімінің айтқан сөзі айнымай келсе, келер жылы тұрғындар жерден тарықпайтын болады.

 

Шығыс Қазақстан облысы