Қазір жасанды ұшып-қону жолағына асфальтбетон жабынын төсеп, 2 100 метрге дейін ұзарту арқылы екі әуе кемесіне шақталған жолдар мен перронды орнатуға байланысты жұмыстар аяқталды. Сол секілді патрульдік жолды жайластыру мен қойма, жағармай материалдарының зертханасын салуға арналған жер учаскелерін дайындау жұмыстары орындалып бітті.
Әуежайды электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін кабельді орнату жұмыстары да аяқталуға жақын.
Бұған дейін Индустрия министрлігі Үржар әуежайындағы құрылыс-монтаж жұмыстарын дереу аяқтауды тапсырған еді. Жергілікті атқарушы органдар жаңғыртуға қатысты барлық жұмысты туристік маусымның басталуына қарай аяқтауды көздеген болатын. Алайда мердігерлер тарапынан тиісті жұмыстардың кеш орындалуына байланысты іске қосу мерзімі кейінге ауыстырылды.
Өткізілген конкурс қорытындысына сәйкес Үржар – Алматы және Үржар – Нұр-Сұлтан әуе бағытындағы тасымалдау қызметін атқаруға «Южное небо» авиакомпаниясы белгіленді.
Рейстер «Ан-24» әуе кемелерімен жазғы маусымда әр бағыт бойынша, аптасына 10 рейс жиілігімен, қалған уақытта 5 рейстен орындалады. Билет құны 14-16 мың теңгенің аралығын құрайды.
Жаңа жөндеу кестелерін ескере отырып, Үржар әуежайындағы жөндеу жұмыстары тамыздың басында аяқталады деп жоспарланып отыр.
Абай облысы,
Үржар ауданы