Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес қазіргі кезде елімізде азаматтығы жоқ 7 473 адам тіркелген. Сонымен қатар соңғы 3 жылда анасының азаматтығы жоқ 1500-ге жуық нәресте тіркеуге алынған. Бүгінгі күні ата-аналарының құқықтық мәртебесіне қарамастан сәбилерді тіркеу тәртібі өзгертілген. Тисінше, жеке басты куәландыратын құжаты жоқтығына қарамастан, Қазақстанда туған нәрестелерге қажетті медициналық көмек көрсетіледі.
Ал осы жылдың алты айында 684 адам Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылданған. Сонымен қатар 490 азамат құжаттарын ресімдеген. Десе де шетелдерге қоныс аударған қандастарымыздың өзге елдердің азаматтығын алу фактілері де жыл сайын айтарлықтай өсіп отырғанын айтады мамандар. Өйткені елімізде қос азаматтық алуға заңмен тыйым салынған. Осындай 400 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған, себебі олар өзге елдің азаматтығын ала отырып, елдегі тиісті органдарға дер кезінде хабар бермеген. Негізінен егер адамның қос азаматтық алғаны анықталса, құқық қорғау орындары оның Қазақстан азаматтығынан айырылғанын құжат жүзінде тіркейді. Ал екі елдің азаматтығын алып, Қазақстанның құжатын одан кейін де пайдаланып жүрсе, заң бұзушы тұлғаға 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынады. Биыл қос азаматтығы анықталған «тұлғалардың ішінен мемлекеттік қызметшілер кездескен жоқ», деп атап өтті Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі. Еске салсақ, 2020 жылы қос азаматтыққа ие болған мемлекеттік қызметшілерге қатысты 431 факті анықталған болатын. Осы мәселені Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев көтеріп, қос азаматтық үшін жауапкершілікті қатаңдату керегін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында да ескертіп айтқан еді.
Сондай-ақ ІІМ мәліметінше Қазақстанда құқықтық мәртебесі белгісіз адамдар да бар. Бұл санатқа көбінесе бұрынғы кеңестік республикалардан қоныс аударған адамдар кіреді. Әдетте, олардан ТМД елдерінің бірінің жарамдылық мерзімі өткен төлқұжаты немесе 1974 жылғы үлгідегі КСРО төлқұжаттары анықталады. Олардың басым бөлігі Өзбекстан Республикасы мен Ресей Федерациясынан келген. Жалпы, елімізде азаматтығы жоқ және оған сәйкесінше тиісті куәлігі бар барлық адам заңда белгіленген тәртіппен Қазақстан азаматтығына қабылдау туралы өтініш беруге құқылы. Сондай-ақ азаматтық біздің ел ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленген тәртіппен берілуі мүмкін. Атап айтқанда, 1957 жылғы Тұрмысқа шыққан әйелдің азаматтығы туралы конвенция, бұған Қазақстан 1999 жылы қосылған. Аталған Конвенцияға сәйкес, некеде тұрған әйел күйеуінің азаматтығын оңайлатылған тәртіппен ала алады. Бұл шетелдік әйелдер мен азаматтығы жоқ әйелдерге бірдей қатысты. Осының негізінде 2021 жылы Қазақстан азаматтығына 110 әйел қабылданған.
Құқық қорғау органдарының өкілдері азаматтығы жоқ тұлғалардың медициналық, әлеуметтік көмек ала алмайтынын ескертеді. Әсіресе ата-аналар баласын мектепке құжатсыз беруге мәжбүр болып, кейін оның болашағына кері әсерін тигізеді. Бейресми түрде мектепке қабылданған оқушыға мектеп бітірер кезде аттестат бере алмайды, әрі қарай да білім алуға мүмкіндік болмайды. Сондықтан алдымен әрбір адам азаматтық мәселесін шешуге асығулары қажет дейді мамандар. Сондай-ақ мұндай санаттағы тұлғалар медициналық, әлеуметтік көмектен қағылады. Әсіресе әлемдік пандемия кезінде жарияланған карантинде азаматтығы жоқтар мемлекеттен берілген 42 500 теңгені ала алмады, деген еді Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы директорының орынбасары Денис Дживага.
БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасы (БЖКБ) бағдарламалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі, Қазақстандағы ұлттық кеңсенің басшысы Ирина Билялованың айтуынша, ел азаматтығын алмаған тұлғалардың саны жылдан-жылға азайып, 2024 жылы мүлдем жойылмақ.
«Біз #Belong жалпыұлттық науқанын жарияладық. Науқан аясында Қазақстанда азаматтығы жоқ адамдарды анықтау және құжат беру, атап айтқанда, ата-анасының құқықтық жағдайына қарамастан медициналық мекемелерде туған балаларды тіркеу іс-шарасы жүргізіледі. Сонымен қатар елдегі азаматтардың азаматтығы жоқтығын анықтаудың ұлттық механизмін енгізу қолға алынады», деді Ирина Билялова.
Мамандардың айтуынша, аталған науқан мемлекеттік, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өзара ынтымақтастығының негізінде жүзеге асырылып, тиімділігін көрсеткен. Іс-шара екі жылдан бері жалғасып келеді.
«Науқанды коронавирустық пандемияға қарамастан қолға алғанымызға өте қуаныштымын. Адам құқықтары жөніндегі бюро мен «Сана сезім» үкіметтік емес ұйымының заңгерлері Ішкі істер министрлігімен бірлескен брифингтер өткізіп, Қазақстанның 14 қаласында азаматтығы жоқ тұлғаларды қабылдады. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен және азаматтығы жоқ тұлғалармен кездесулер өткізіліп, өңірлердегі үкіметтік емес ұйым заңгерлері мен көші-қон қызметкерлерінің өзара іс-қимылы күшейтілді. Бұл азаматтығы жоқ адамдардың істерін жедел шешуге ықпал етті. Науқан аяқталғаннан кейін де Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, азаматтығы жоқ адамдардың құқықтық мәртебесін анықтау бойынша жұмысты жалғастырамыз. 2024 жылға қарай қойып отырған мақсатымызға жетеміз деп сенемін», деді Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы директорының орынбасары Денис Дживага.
Салалық ведомство болса шетелдік әріптестерімен келіссөз жүргізіп жатыр. Мұндағы негізгі мақсат – Қазақстанның БҰҰ азаматтықтығы жоқ тұлғаларға қатысты конвенцияларына қосылу. БҰҰ-ның азаматтығы жоқ адамдардың санын қысқарту конвенциясы 1961 жылы қабылданған болатын. Оған қосылған мемлекеттер азаматтығы жоқ адамдарды барынша жедел реттеп отыруға міндетті.