Қазақстандықтар Елбасы Н.Назарбаевтың М.В.Ломоносов атындағы
Мәскеу мемлекеттік университетінде сөйлеген сөзін осындай тұрғыдан бағалап отыр
Елбасының жүзеге асқан еуразиялық жобасы
2014 жылдың наурызында «Н.Назарбаевтың өмірде жүзеге асқан еуразиялық жобасы. 1994–2014 еуразиялық жобаның 20 жылдығына орай» кітабы жарыққа шықты. Басылымның авторы – белгілі қазақстандық саясаткер және дипломат, ЕурАзЭҚ Бас хатшысы, экономика ғылымдарының докторы Тайыр Мансұров. 2014 жылдың 22 мамырында Астанада ЕурАзЭҚ Бас хатшысы Т.Мансұровтың баспасөз мәслихатында VII Астана экономикалық форумына аккредитацияланған БАҚ өкілдері үшін «Н. Назарбаевтың өмірде жүзеге асқан еуразиялық жобасы. 1994–2014 еуразиялық жобаның 20 жылдығына орай» кітабының тұсаукесері өтеді. Кітапта деректі негізде 1994 жылдың наурызында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев М.В.Ломоносов атындағы ММУ-де сөйлеген сөзі барысында ұсынған «Мемлекеттердің Еуразиялық Одағын құру туралы жобасын» іске асыру мәселесі жан-жақты қаралады. Тайыр Мансұров посткеңестік елдердің алдында жаңа мүмкіндіктер мен кемел келешекті ашатын тиімді экономикалық және әлеуметтік дамудың өзекті құралы ретінде еуразиялық жобаның тарихи рөлін жүйелі түрде талдап көрсеткен. Басылым қалың оқырманға, ғалымдарға, мемлекеттік басқару мен халықаралық қатынастар саласының мамандарына, қазіргі заманғы тарихпен айналысатын оқырмандарға арналған. Кітапта еуразияшылдық философиясының мәселелері көрініс тауып, Н.Ә.Назарбаевтың осы жаһандық жобасының басты аспектілері жан-жақты қарастырылған, посткеңестік мемлекеттердегі экономикалық ықпалдасудың басты кезеңдері сараланып, олар аталмыш жобаның өмірге жолдама алуын айғақтай түскен. Еуразиялық экономикалық кеңістікті, Кеден одағын, Біртұтас экономикалық кеңістікті және келешекте Еуразиялық экономикалық одақты құру басты нысанаға айналған. Еуразиялық ықпалдасуды ілгерілету Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өмірлік ісі болып табылып отыр. Елбасы ықпалдасу бастамаларының нәтижелілігіне Ресей және Беларуссия президенттері В.В.Путин мен А.Г.Лукашенконы, сонымен қатар, өзге посткеңестік мемлекеттердің көшбасшыларын да сендіре алды. Қазіргі таңда олардың қайраткерлік қатысуларының арқасында еуразиялық жобасы жүйелі түрде өмірге жолдама алды. Еуразиялық жобаға 20 жыл толған сәтте Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи мәні бар 1994 жылғы идеясы аса маңызды және өміршеңдігін жоғалтпағанын атап өту қажет. «Тарих бізге ХХІ ғасырға өркениетті жолмен енуге мүмкіндік беріп отыр. Біздің пайымдауымызша, посткеңестік кеңістік дамуының объективті қисынын және халықтың ықпалдасуға деген ерік-жігерін бейнелейтін Еуразиялық одақ құру бастамасының ықпалдасу әлеуетін жүзеге асыру соның әдіс-тәсілдерінің бірі болып табылады», деген еді ММУ қабырғасындағы дәрісінде Қазақстан басшысы осыдан тура 20 жыл бұрын. Сәулебек БІРЖАН.Үдеден шыққан үдеріс
Гүлнәр МҰҚАТАЕВА, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері. Интеграция идеясын алғаш рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде жариялаған еді. Жиырма жылда жетілген ойдың нәтижесінде осы жылдың мамыр айында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылады. Осылайша, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа интеграциялық бірлестік – Еуразиялық экономикалық одақ дүниеге келмекші. Еуразиялық одақ арқылы шағын және орта бизнес жүргізу үшін жағдайлар кеңейіп, қарапайым халыққа көптеген мүмкіншіліктер ашылады, халықтың әлеуметтік деңгейінің өсуіне болашақта кепіл болуы күтілуде. Мысалы, Еуразиялық экономикалық одақтың бастамасы болған Кеден одағы арқылы Қазақстанда өндірілген 170 миллион құрайтын зат тұтынушыларына жетіп отырмыз. Мұны ескере отырып, саяси арандатушылыққа назар аудару орынсыз. Кеңес Одағының тарихта қалдырған ізі қазақтың әлі есінде. Сондықтан, оның қазіргі заманда қалпына келіп бас көтеруі ақылға сыярлық жағдай емес. Бұны, қазақстандықтардың көзі жетіп отырғандай, Ресей мен Беларуссия азаматтары да жақсы түсінеді. Егемендігіміз санамызға сіңіп, ділімізбен бірге қайнасқан. Сондықтан, Кеңес Одағының жандануы туралы әңгіме ақылы дұрыстың сөзіне жатпайды. Еуразиялық интеграцияның басты мақсаты саяси өзгерістер енгізу емес, керісінше, Қазақстанның экономикалық жағдайын арттыру мен индустриялық және инновациялық жаңа даму сатысына өрлетуді, экономикалық прагматикалықты көздейді. Экономикалық интеграцияның маңыздылығын біле тұра наразылық тудыру – Қазақстан халқының бірлігін жоюға апарар жол. Қазақстан халқының ауызбіршілігі мен тұтастығы құрыштай берік болып тұрғанда бірде-бір интеграция мен одақтасу егемендігімізге қауіп төндіре алмайды. АЛМАТЫ.Өмір сүру сапасының жақсаратыны күмәнсіз
Оңғар СӘЛІМБАЕВ, Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінің проректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор. Уақыт керуеніне бөгет жоқ. 1994 жылы Қазақстан жаңадан тәуелсіздік алып, әлі буыны қатпаған мемлекет еді. Сол кезде Президентіміздің Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы идеясын ТМД-ның көптеген саясаткерлері түсінген жоқ және бағаламады. Бүгін бұл идея өзінің өміршеңдігін, өзектілігін дәлелдеді. Еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде еуразиялық интеграция тақырыбында дәріс оқыды. Шынында, Еуразиялық экономикалық одақ жаһандық инновациялардың жаңа орталығына айналуы тиіс. Бұған қоса, біз екі аймақ арасындағы тауар жеткізушісі ғана болмауымыз тиіс. «Еуразиялық экономикалық одақ ғаламдық инновациялардың және трансұлттық шекаралар тартылысының жаңа орталығына айналуы тиіс. Біздің ықпалдастығымыздың маңызды бөлігі оған қатысып отырған әрбір елді әлемнің ең дамыған мемлекеттері қатарына енгізу болып табылады. Еуразиялық экономикалық одақ барлық ұлттық мемлекеттер халқы үшін ауыртпалық болмай, игілікке айналуы тиіс. Бізде еуразиялық ықпалдасудың халық тұрмысы деңгейіне, мемлекет өндірісі мен бәсекеге қабілеттілігіне ықпалын өлшейтін индикаторлардың нақты жүйесі болуы қажет. Осындай ұстанымдарды алға қою арқылы ғана біз Еуразиялық экономикалық одақтың тартымдылығын қамтамасыз ете аламыз», деп толықтырды Мемлекет басшысы өз ойын. Елбасы дәрісте Қазақстанның ТМД ішінде алғашқы болып «жасыл экономиканың» даму стратегиясын қабылдағанын мәлімдеді. Дәріс тыңдаушыларына мол мағлұмат, үлкен серпіліс берді. Халықаралық сарапшылардың пайымдауынша, 2030 жылға қарай Еуразиялық экономикалық одақтың Қазақстан, Ресей және Беларусь елдеріне әкелетін жалпы табысы 900 миллиард доллар көлемінде болады. Бүгінгі таңда әлемнің 111 мемлекеті қазақстандық дайын өнімді алуда. Білім беру саласында да маңызды өзгерістер жүріп жатыр. Әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында 20 000-ға жуық қазақстандық оқиды. Бағалардың төмендеуі мен еңбекпен қамтылған азаматтардың артуына байланысты экономикалық интеграция бірыңғай кеңістіктегі өмір сүру сапасын жақсартатынына біз сенеміз! Жамбыл облысы.Сенімді бекіте түсті
Бибінұр ӘЛІПБАЕВА, О.Тұрмағанбетұлы атындағы Жаңаөзен мұнай және газ колледжінің директоры, Ы.Алтынсарин атындағы медаль иегері, Білім беру ісінің үздігі және құрметті қызметкері. Еліміз қазір Еуразиялық экономикалық одақ деп аталатын үлкен бірлестік табалдырығынан аттағалы тұр. Осыдан 20 жыл бұрын біздің Елбасымыз Н.Назарбаев бастамасымен өмірге келген бұл идея қазір нақтылық сипатқа еніп келеді. БАҚ беттеріндегі әртүрлі пікірлер мен пайымдарды оқи жүріп, біраз жыл дүдәмал ойда жүргенімді жасыра алмаймын. Бірақ, әлемдегі күрделі әлеуметтік-экономикалық ахуал, дағдарыс пен жаһандану құбылыстары бізден жайбарақаттықты емес, тас түйін дайындықты қажет етеді. Біз Еуразиялық экономикалық одақ идеясынан осы дайындықты, өзгелермен бәсекеге қабілетті болу үшін көршілермен терезесі тең дәрежеде одақтасу қажеттігін аңғарамыз. Елбасы одақ құрамындағы әрбір ел өз тәуелсіздігін сақтайтындығын, ешкім ешкімнің саяси мәселесімен айналыспайтындығын, тек экономикалық тұрғыда біріге қызмет ететіндігін айтты. Мәскеудегі М.Ломоносов атындағы мемлекеттік университетте оқыған «Еуразиялық одақ идеясынан – еуразиялық интеграцияның жаңа перспективаларына» атты дәрісінде осыдан 20 жыл бұрын айтқан идеясының уақыт ағынымен бірге жоғалып кетпей бүгінге дейін пісіп-жетілгендігін, нақты құрылған соң әлемдік деңгейде көшбасшылыққа ұмтылатындығын жария етті. Қазақстан мүше болған одақ әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің легінен табылып жатса, ол сүйсінерлік іс. Экономикалық ықпалдасудың халықтар арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдете түсетіндігін айтқан Елбасы, одақ құраушы үш мемлекет тұрғындары бір-бірінің тарихын, әдебиетін, тілін оқып-үйренуі қажеттігін алға тартты. Осы орайда, қазақ тілі Ресей және Беларусь елдерінде оқытылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Елбасының ресейлік ғалымдар алдында оқыған дәрісі – кең дүние өтінде көршілермен көңіл жарастырып, аралас-құралас тірлік етуден ұтылмайтындығымызды нақтылай түсті. Маңғыстау облысы.Баспалдақ бастауына айналған дәріс
Болат СЕРИЕВ, заңгер ғалым. Үстіміздегі жылды еуразиялық интеграция үдерісі үшін маңызды жыл деп атауға болады. Бір жағынан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) құру идеясы екі онжылдықты артқа тастап қиын жолдардан өтті, екінші маңызды аспект дәл осы жылы еуразиялық интеграция жаңа сапалы кезеңге өтуде. Интеграция (integration) — жеке элементтерді біртұтас бүтінге біріктіру деген ұғымды білдіреді. Міне, осы тақырыпқа орай Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясына жұмыс сапары барысында М.В.Ломоносов атындағы ММУ-де болып, онда «Еуразиялық одақ идеясынан – еуразиялық интеграцияның жаңа перспективалары» тақырыбында дәріс оқыды. Еуразиялық интеграцияның өзектілігі мен көпқырлылығын атап өте отырып, Елбасы осыдан 20 жыл бұрын ұсынылған ЕАЭО-ны құру тұжырымдамасы осы елдердің барлық азаматтарына жақын әрі таныс шындыққа негізделгенін атап өтті. Бұл – ортақ тарих, өзара экономикалық тартымдылық, мәдениеттердің тығыз өзара байланысы мен адамдардың жақындасуға ұмтылысы. Біз «Қазақстан-2030» Стратегиясын мерзімінен бұрын жүзеге асырдық және енді өз алдымызға жаңа – ХХІ ғасырдың ортасына қарай әлемдегі ең дамыған 30 елдің біріне айналу мақсатын қойдық, деп нық шешімдерді негізге алды. 2009 жылдан бері Қазақстанның Еуразиялық экономикалық кеңістік және Кеден одағы әріптестерімен тауар айналымы 88 пайызға артып, 24,2 миллиард АҚШ долларына жетті. Үлкен үш мемлекетті – Қазақстан, Беларусь және Ресейді біріктіретін Кеден одағы 2011 жылдан бастап қана жұмыс істеп келеді. Кеден одағы мемлекеттері арасындағы бірлескен шекаралар біздің елдеріміздің азаматтары кедергісіз кесіп өту үшін, жүктер мен тауарлар, валюта қаржыларын алып өту үшін мөлдір болып келеді. Қазақстан, Беларусь және Ресей Біртұтас Кеден кодексін қолданып, өздерінің макроэкономикалық саясаттарын үйлестіріп отыр. Бұл кодекс үш мемлекеттің тауар айналымы, өнім шығару мүмкіндігі, салық саясаты деген сияқты мәселелерді топтастыратын құқықтық акт болмақшы. Ресей Қазақстанның аса ірі сауда әріптесі екендігін атап өте отырып, өткен жылы біздің елдеріміздің арасындағы тауар айналымы 24 миллиард долларды құрағандығын және мұның Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістіктің арқасында болғандығын атап өтті. Елбасы «Сенім, тең құқықтылық және өзара тиімділік қағидаттарына негізделген ол еуропалық және азиялық өлшемдерді қоса алған болар еді», деп ойын түйіндеді. Алматы облысы.Интеграция игілігі
Елбасымыздың М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде еуразиялық интеграция туралы сөйлеген сөзін біз университеттің №5 жатақханасындағы бөлмемізде теледидардан тыңдадық. Ерекше әсер еткені соншалық, уақыттың қалай өткенін білмей де қалыппыз. Еуразиялық экономикалық одақтың елімізді болашақта зор табыстар мен жеңістерге жеткізетінін Президентіміздің нақты мысалдарды келтіре отырып айтқан сөздері арқылы ұғынғандай болдық. Биылғы жылдың 29 наурызында Мемлекет басшысының Еуразиялық одақ идеясын ұсынғанына 20 жыл толды. Ол кезде мен әлі дүниеге келмеген болатынмын. Осы даталы күн қарсаңында бұқаралық ақпарат құралдарында Елбасының Еуразиялық одақ идеясына қатысты мақалалар, сұхбаттар көптеп жариялана бастады. Сөйтіп, Президентіміздің осыдан 20 жыл бұрын Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған дәрісімен танысу үшін Алматыдағы Ұлттық кітапханаға бардым. Елбасының сөйлеген сөзінің толық нұсқасы «Егемен Қазақстан» газетінің 1994 жылғы 30 наурыз күнгі нөмірінде жарияланған екен. Президентіміз сол кездегі сөзінде «Біздің елдеріміздің еріктілік пен тең құқықтылық қағидаттарында қалыптасқан жаңа мемлекетаралық бірлестігі негізіндегі өзара қарым-қатынастың сапалық жаңа деңгейіне ауысу қажеттілігі пісіп-жетілді. Ондай бірлестік Еуразиялық одақ бола алар еді», – деп атап өтіпті. Мемлекет басшысының көтерген Еуразиялық интеграция бастамасы енді жүзеге асқалы отыр. Бұл мәселелерде өткен жиырма жыл ішінде көптеген ірі де аса ауқымды істер атқарылғанынан хабардармыз. Елбасымыз Мәскеу мемлекеттік университетіндегі сөйлеген сөзінде еліміздің Еуразиялық экономикалық кеңістік пен Кеден одағы жұмыс істей бастаған төрт жыл аралығында тауар айналымы 88 пайызға артып, оның көлемі 24,2 миллиард долларға жеткенін келтірді. Бұл интеграциялық байланыстардың нәтижесі болып табылады. Себебі, кез келген елдің дамуы интеграцияға тікелей байланысты. Ал интеграциялық ынтымақтастық бәсекелестікке қабілеттілікті арттыруға ықпал етеді. Президентіміз, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақтың таяудағы кезеңдерде даму стратегиясындағы басымдықтарды қарастыруды және маңызды сол басым бағыттарды да атап өтеді. Олар – инновациялық технологиялық серпіліс үшін арқаулық жағдайлар қалыптастыру, Одақты жалпыұлттық инфрақұрылымның озық буынына айналдыру, жалпыеуразиялық-экономикалық негізінде шағын және орта бизнесті құрып, оны дамыту. Қазақстан басшысының сөйлеген сөзі өзінің маңыздылығымен студент жастар тарапынан үлкен қолдауға ие болды деп айтуымызға әбден болады. Өйткені, еліміздің жан-жақты дамуы өзара ынтымақтастық пен ықпалдастыққа байланысты. Еңлік ЖАКУЛИНА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті.