Азот диоксиді екі есеге ұлғайды
Осылай деуге Шығыс Қазақстан облысының экология департаменті келтірген мәліметтер негіз болып отыр. Өз алдына жеке облыс болып, әкімшілік-аумақтық бөлініс амалдары жүзеге асырыла бастағанымен өңірдің экологиялық деректері шығысқазақстандық ведомствоның қолында. Енді осы құзырлы органның ақпаратына сүйенсек, биыл Семей бойынша азот диоксидінің көрсеткіші біршама ұлғайған.
«Семейде азот диоксидінің күрт өскені байқалды – орташа деңгейі ұлғайып, рұқсат етілген шекті деңгейден шамамен 2,7-ге асып кеткенін көрсетті. Былтыр оның көлемі әлдеқайда аз болған еді. Сондай-ақ кейінгі 2 жылда қаладағы атмосфераның ластану индексі күрт өскен. Бұл бірінші кезекте қалада жұмыс істеп тұрған ескірген жылу қазандықтарына байланысты. Жылу электр орталығында электр сүзгілерінің жұмысы нашар, сол секілді жеке сектор толығымен көмір жағады. Жеткізілетін көмірдің сапасы да сын көтермейді», деді Шығыс Қазақстан облысының экология департаментінің басшысы Данияр Алиев.
Зиянды қалдықты шамадан артық шығарады
Жауапты ведомствоның басшысы ауаға тарайтын зиянды қалдықтың көлемін белгілі нормадан жиі асырып отыратын қазандықтар туралы да айтты. Олардың қатарында «Ғаббасов» және «Орталық» қазандықтары бар. Жылу электр орталығы да өрескел бұзушылықтармен жұмыс істейтіні белгілі болды.
«Жылукоммунэнерго» кәсіпорнына 7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Қазір олар қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, қазандықтарды ауыстырып жатыр. Соның нәтижесінде, қаладағы ауа тазарады деп ойлаймын», деді Д.Алиев.
Семейліктер қаладағы цемент өндіретін зауыттың қызметіне байланысты да шағым түсіріпті. Тиісті тексеріктен соң аталған кәсіпорын да айыппұлдан құтыла алмаған.
«Үш пештің ішінен ара-тұра бір-екеуі өшіріліп отырған. Соған сәйкес эмиссия көлемі де жобалық көрсеткіштен әлдеқайда төмен болды. Алайда көміртегі диоксидіне байланысты қалдық мөлшері асып кеткені анықталып, кәсіпорынға шамамен 12 млн теңге сомасында айыппұл салынды. Қазір оларға электр сүзгілерді жөндеу бойынша ұйғарым берілді», деді департаменттің басшысы.
3-ЖЭО салу мәселені шеше ме?
Жырға айналған жылудың проблемасы Семейдің «атын» алысқа асқақтатқаны рас. Бұл жайттан облыс әкімі де хабардар. Нұрлан Ұранхаев қызметке кіріскен бойда өңірдегі жылумен жабдықтау жүйелерінің мәселесімен айналысуға басымдық беретінін жеткізген болатын.
«Бірқатар нысанды аралап көрдім. Әлбетте, жылдар бойы шешімін таппаған өзекті мәселелер бар. Айталық, жылумен жабдықтау мәселесі. Қазір бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Бюджет жеткілікті. Бүгін 1-ЖЭО-да қазандықтарға сүзгі орнату мәселесі айтылды. Мұны мамандармен әлі талқылау керек. Жылыту маусымы басталғанға дейін жылу нысандарындағы қазандықтардың қызметіне байланысты мәселелер шешілетін болады. Мұны өз бақылауыма аламын.
Оң жағалауда тағы бір ЖЭО салуға келсек, оның құрылысы жайлы 2007 жылдан бері айтылып келеді. Шамамен 5 млрд теңге көлемінде қаражат бөлініп, бірақ құрылыс тоқтатылған еді. Осы орайда 3-ЖЭО құрылысын аяқтау – бұл бірінші кезектегі міндетіміз деп санаймын», деді Н.Ұранхаев.
Жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сүйенсек, биылғы жылу беру маусымының дайындығына, атап айтқанда, ЖЭО-дағы жаңғырту мен жоспарлы жөндеу жұмыстарына 3,806 млрд теңге, оның ішінде екі қазандықты жаңартуға 2,002 млн теңге бөлініпті.
Бұдан бөлек 630,6 млн теңгеге 14 жылу көзіне жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп көзделіп отыр. Тарифте қарастырылған меншікті қаражат есебінен жылу көздері мен жылу желілеріне жөндеу жүргізу үшін 594,3 млн теңге сомасына жабдықтар мен материалдар сатып алу жоспарланған. Осы арқылы қазандықтардың қызметі жақсарып, экологиялық ахуал реттеледі деп үміттеніп отыр жергілікті билік.
Десе де өңір халқы көгілдір отынға қосылу мәселесін көптен бері айтып келеді. Расымен де газдандыру облыстың экологиялық проблемасын шешіп қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық мәселелерге нүкте қояр дейді семейліктер.
P.S. Қазақстан климат жөніндегі Париж келісіміне қосылғаны мәлім. Еліміз экономиканы көмір қышқыл газынан арылтуға байланысты 2060 жылға қарай көміртегінен толығымен арылуды мақсат етіп отыр. Осыдан бір жыл бұрын бұл бағытта жаңа Экологиялық кодексте қабылданған еді. Алайда аталған реформада көзделген «Ластаушы төлейді және түзейді» қағидаты іс жүзінде қаншалықты орындалып жатқаны үлкен сұрақ? Түйіндей келгенде, төмен көміртекті саясат өңірлерден басталса игі.
Абай облысы