Таным • 26 Шілде, 2022

Бауыржанның батасы: Жұрт жарыса таратқан ақпараттың ақ-қарасы

3753 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеңес Одағының Батыры, әйгілі әскери стратег, даңқты жауынгер жазушы Бауыржан Момышұлының өміріне қатысты кез келген дерек оқырманды бейжай қалдырмасы анық. Бірер жылдың бедерінде ер Баукеңнің батасын сайттар мен әлеуметтік желілерде жарыса жазғандар аз болған жоқ Алайда олар ақиқатын жазды ма? Осы мәселеге қатысты батырдың немере інісі Бекет Момынқұлға хабарласқан едік...

Бауыржанның батасы: Жұрт жарыса таратқан ақпараттың ақ-қарасы

Б.Момынқұлдың айтуынша, «Бауыр­жан Момышұлы Қырғыз Республикасына әскери қызметке жіберілді», деген әңгіме шындыққа жанаспайды.

«Көзі тірі кезінде-ақ аты аңызға айналған қазақтың біртуар перзенті Бауыржан Момышұлы туралы айтылар әңгіме көп. Оның ішінде «Бауыржанның батасы» ел арасында кеңінен тараған болатын. Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, «Бауыржанның батасының» бірнеше нұсқасын оқисыз. Тіпті алғысөз ретінде мынандай дерек келтіреді:

«Ұлы Отан соғысы аяқталған соң, Бауыржан Момышұлы Бішкек қаласына әскери қызметке жіберіледі. Ол жолшыбай өзінің туған жері – Жуалы ауданына (Жамбыл облысы) 4-5 күн аялдайды. Батыр ағамыздың жанына облыстың, ауданның біраз басшы қызметкері еріп жүреді. Ауыл ақса­қал­дарымен бірге жақсы сөзге жаны құмар жастар да Баукеңнің әңгі­месін тыңдайды.

Сапарының соңғы күні Баукең жалғыз баласы соғыста қаза болған қасіретті қарияның бірінің үйінен дәм-тұз татып шықпақшы болады. Қанша үйдің дәмін татса да, астан кейінгі бата беруді ауыл ағалары өз міндетіне алады. Енді елден аттанар алдындағы дәм-тұздың батасын беруді жұрт Баукеңнен өтінеді. Баукең сәл ойланады да, тебірене түсіп, былайша термелеп кетеді...».

Бұл «алғысөз» оқырманды шатастыратыны анық. Бауыржан Момышұлы «Ұлы Отан соғысы аяқталған соң Бішкек қаласына қызметке жіберіледі» дегенді кім жазса да жалған жазған», дейді ардагер қаламгер.

Ол Баукеңнің өміріне қатысты дерек­терді бұрмалағандарға ренжулі. Жалған ақпарат тарих беттеріне сол күйі қат­талып кете ме деген күдігі де жоқ емес.

«Біріншіден, соғыс аяқталған жылдары Қырғыз елінің астанасы Бішкек емес, Фрунзе деп аталған болатын. Екіншіден, Бауыржан Момышұлы әлгі қалаға әскери қызметке жіберілмеген. Олай айтып жүргендердікі тап-таза өтірік. Ал жалған айту кімге керек?

Осыдан екі-үш жыл бұрын мен Бауыржан атамыздың немересі әрі мұрагері Ержан Момышұлынан Баукең­нің үйдегі мұрасы ретінде сақталған біраз құжаттарды алып зерттедім. Сол кезде талай дүниені таптым. Сонда Бауыржан атаның өз қолымен жазған батасының нұсқасы қолыма түсті. Бата Баукеңнің пікірімен берілген. Жалпы, Баукеңнің батасына қатысты мың құбылған әңгі­мені ойдан құрастыратындар тізігін тартса екен», дейді ол. Ақиқатты ашып айтқан Бекет Момынқұл соңыра бізге аталған батаның түпнұсқасын ұсынды. Қолжазбамен жазылған мәтінді Баукең бірнеше мәрте түзегені айқын аңғарылып тұр.

Жас кезінде батырдың қасында отырып, талай рет тағылымға толы әңгімесін тыңдаған Бекет Момынқұл Бауыржан Момышұлына қатысты жа­зыл­ған мақалалардағы асыра сіл­теу­лерге ұдайы ренжіп жүреді. «Өзі білмейтін дүниені білетіндерден сұрау керек қой», дейді ардагер журналист. Онікі әбден дұрыс. Қанша дегенмен аңыз адамның немере інісі. Көп ел білмейтін дүние оған етене таныс. Сондықтан тарихи тұлғалар туралы жазғанда абай болған жөн секілді.

 

Жамбыл облысы