Коронавирус • 26 Шілде, 2022

COVID-19: Елордада сақтық шаралары енгізілді

236 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Аурудың қай-қайсысы болса да жақсы емес. Оның ішінде коронавирус деп жүргенімізге де екі жылдан асты. Сала мамандары сақтық шараларын сақтауға шақырады. Көпшілік жиналатын жерлерге бармауға үндейді. Бірақ қауіпті індетті қайтару үшін қатаң тәртіпке бағыну керек екенін түсініп жүргендер аз.

COVID-19: Елордада сақтық шаралары енгізілді

Денсаулық сақтау министр­лі­гінің кешегі мәліметіне сүйенсек, 19 571 адам коронавирус инфекциясы­нан емделуде, олардың ішінде 1 472 пациент стационарда, 18 099 нау­қас амбулаториялық деңгейде ем қабыл­дау­да. Індетке шалдыққандардың арасында 33 адамның жағдайы ауыр, 12 пациенттің жағ­дайы өте ауыр, 6 науқас ӨЖЖ аппа­ра­тында жатыр.

Еліміз бойынша екпе алушы­лар­дың да қатары күн сайын артуда. Нақтырақ айтсақ, бірінші компонент­ 10 777 692 адам вакцина салдырды, екінші компонент – 10 506 711 адам алған. Ревакциналанғандар саны – 4 977 049 адам. Ал Pfizer вакцинасының бірінші дозасын 1 231 796 адам салдырса, екінші дозасын 1 179 694 адам салдырды. Оның ішінде бірінші компонент вакцина салдырған жасөспірімдер – 869 781, жүкті әйелдер – 41 334, бала емізетін әйелдер – 145 108. Ал екінші компонент салдырған жасөспірімдер – 850 809, жүкті әйелдер – 39 024, бала емізетін әйелдер – 140 438 адам.

Денсаулық сақтау министрлігі Вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының бас сарапшысы Айдана Ергасен коронавирусқа қарсы вакцина алу  аурудан қорғанудың бірден-бір жолы екенін алға тартты.

«Адам ең алдымен екі дозамен толық вакциналаудан өтуі керек. Содан кейін 6 айдан кейін иммунитет төмендей бастайды. Оны зерттеулер көрсетіп отыр. Сондықтан 6 айдан соң 3-дозаны, тағы 6 айдан соң 4-дозаны алуды ұсынамыз. Оның адам ағзасына кері әсері жоқ. Қайта коронавирус инфекциясына қарсы ұжымдық иммунитетті сақтап тұрады. Жаңа штамдардың шығуына тосқауыл болады», деді маман.

Елордада «Омикрон» және «Стелс-Омикрон» коронавирус штам­да­рына байланысты эпи­де­мия­лық жағдай нашарлап, қаланың «сары аймаққа» өткенін жазған едік. Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласының Бас мемлекеттік са­ни­тар­лық дәрігері бірқатар шектеу ша­расын қабылдады. Дәлірек айтсақ, науқаспен жақын байланыста болған адамдарды қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру, COVID-19-ға қарсы вак­циналауға абсолютті қарсы көр­се­ті­лімдері бар қызметкерлерді және жүкті әйелдерді қашықтан жұ­мыс істеуге ауыстыру, адам көп жина­ла­тын орындарға (сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, жа­бық базарлар, концерт залдары, театрлар, кинотеатрлар, стадиондар және басқа да спорт ғимараттары және т.б.) барған кезде, сондай-ақ 5 жасқа дейінгі балаларды қоспағанда және тамақтану кезінде, қалалық қоғамдық көлікте жол жүрген кезде маска тағу, 10-нан аса адамның қатысуымен өтетін жиындарды онлайн форматқа көшіру ұсынылды.

Сонымен қатар елордалық са­ни­тар­лық-эпидемиялық ба­қы­лау депар­та­менті барлық адамды еш себеп­сіз көп жиналатын орындарға бар­мауға, шектеу шараларын сақ­тауға шақырады.