Алматыда өтетін XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға Италияның спорт делегациясы құрамында 62 спортшы қатысады. Команда Италияның шаңғы спорты федерациясының қатаң бақылауымен дайындықтар жүргізген екен.
Бұл елдің спортшылары дәстүрлі түрде тау шаңғысы және конькимен жүгіру, фристайл және мәнерлеп сырғанау секілді спорт түрлерінде басым саналады, сондықтан осы жарыстарда жоғары марапаттар үшін күресетін болады. Италияның жастары Универсиада-2017 кезінде жалпыкомандалық есепте үздік ондықтың қатарына енуден үмітті. Алдыңғы универсиадаларда Италия осындай жоғары рейтингке жетіп, ойындарға қатысып отырған бүкіл кезең ішінде сол орнын сақтап келеді.
Италия құрамасының делегация басшысы Еугенио Меччиоз басты қарсыластары ретінде Швейцария, Франция және Австрияны атап отыр.
Универсиаданы өткізіп отырған Қазақстан елі италиялық спортшыларға біршама таныс. Бірнеше жыл бұрын Италия студенттік спорт қауымдастығының спортшылары мен өкілдері Қазақстанда конькимен жүгіру спортынан өткен халықаралық жарыстарға қатысқан болатын.
Италия спортшылары Алматыдағы жарыстарға қатысатын барлық елдердің ойыншыларына «BUONA FORTUNA!» дейді.