Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады. Құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас институционалдық моделін қалыптастыруға тиіс. Сөйтіп, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналатын болады. Қазіргі қоғамдық кеңестердің бәрін өз айналасына топтастырады», деген еді Президент Қ.Тоқаев.
Ұлттық құрылтайдың құрамында еліміздегі барлық аймақтың өкілдері енді. Сонымен қатар оған Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың мүшелері, беделді қоғам қайраткерлері, өндіріс және ауыл шаруашылығы еңбеккерлері, бизнес өкілдері және тағы басқа азаматтар кірді. Осылайша, сан түрлі қоғамдық пікір иелерін түгел қамтитын өкілді құрылым қалыптасты.
Кез келген мемлекет өмір сүру тарихында дамудың түрлі кезеңдерін бастан өткереді. Бұл өзгермейтін аксиома. Сондықтан уақыт өте бұған дейінгі құрылымдар ауысып, орнына жаңасы келетіні басы ашық мәселе. Бұған көз жеткізу үшін қазақ халқының өткеніне көз жүгіртсек жеткілікті. Жалпы, Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз. Адалдықты ту етіп ұстаған бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиындарда талқылап, оң шешімін тауып отырған.
Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар аз емес. Мәселен, Талас өзенінің жағасында өткен осындай ауқымды құрылтайдан кейін Алтын Орда қағанаты дербес мемлекет болып жарияланды. Қалмақтың үздіксіз шапқыншылығынан қорғану үшін үш жүздің басы Қарақұм мен Ордабасыда жиналды. Сөйтіп, халқымызды ел қорғауға ұйыстырды.
Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды. Егемендік алған алғашқы жылдары Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өтті. Іргелі жиында сырттағы қандастарымыз Атамекенге шақырылды. Ұлы көш тәуелсіз Қазақстанға бет алды. Қазіргі батыс дәріптейтін демократиялық құндылық осылайша көне заманнан бері дала философиясында көрініс тапты. Ал демократия – керемет өмір туралы жалпылама ұғым, түсінік емес. Бұл күнделікті тынымсыз еңбекті талап ететін өркениетті өмір салты екені түсінікті.
Қаңтардағы қайғылы оқиға ел дамуына жаңа көзқарас қажет екенін анық аңғартты десек қателеспейміз. Байлықтың санаулы адам қолына топтасуы, жұмыссыздық, инфляцияның тоқтаусыз өсуі халық наразылығын туғызды. Демек қоғам мен мемлекет арасындағы байланыстың жаңа платформасын әзірлеу қажет екенін көрсетті.
Әлбетте, Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтыны түсінікті. Бұл – қоғамды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үдеріс. Мұны жүзеге асыру бір адамның, не топтың қолындағы шаруа емес. Бүкіл ел болып жұмылғанда ғана көздеген мақсатымызға жетеміз. Осыны ескерсек, Ұлттық құрылтай шақыру бастамасы халық пен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты жетілдіретіні түсінікті.
Сөйтіп, мемлекеттікті нығайту мақсатында құрылған Ұлттық құрылтайдың тұңғыш жиыны исі қазақтың қастерлі мекені Ұлытауда, Жошы хан кесенесі іргесінде өтті. Бір жағынан мұның символдық мәні бар екенін айта кеткен жөн. Мемлекетігіміздің тарихы Алтын Ордадан бастау алып, Қазақ хандығы дәуірінде қалыптасып, Алаш Орда кезеңінде жалғасып, тәуелсіз Қазақстан тұсында қайта жаңғырды. Ендігі жиын түгел түркінің темірқазығы Түркістанда өтпек. Ұлытау да, Түркістан да халқымыз үшін киелі мекен. Мемлекетімізді қалыптастыруда үлкен рөл атқарған қасиетті жер.
Ұлттық құрылтайдың тағы бір маңызды құндылығы – мемлекет мүддесін бәрінен биік қою. Ұлытаудағы жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайта жаңғыртып, оған мемлекеттік мәртебесін беруді ұсынды.
«Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын», деді Мемлекет басшысы.
Пайымдауымызша, бұл қадам тәуелсіздік идеясымен мемлекеттік құндылықтарды берік орнықтыра түсуге бағытталған. Дана халқымыз «Отан – ана» дейді. Осы орайда түріктердің мына сөзі ойға оралады. «Devlet baba’dır» (Мемлекет – әке) дейді Анадолыдағы ағайын. Мұның себебін былай түсіндіреді. Түркі халқының түсінігінде әке – отбасының басқарушысы һәм қорғаушысы. Сондықтан түріктер мемлекетті әкемен теңестіреді. Өйткені мемлекет халықтың әл-ауқатын арттырып, қорғанышы болатын институт. Ал «Отан – ана!». Оны қорғау – әр азаматтың міндеті.
Осылайша, екі ұғымға ерекше назар аударады. Мемлекет пен Отанды бірге қарастырып, біреуінен қорғаныш тапса, екіншісін қорғау идеясына басымдық береді. Рас, елімізде әлі шешімін таппаған түйткілдер жетерлік. Олардың шешімін табу елдегі әрбір азаматтың да, мемлекеттік саясатты жүргізіп отырғандардың да қажырлы еңбегін талап етеді. Мемлекет пен халық мүддесін бәрінен биік қойғанда ғана мақсатымызға жетеміз. Нағыз мемлекетшіл адам қара басының қамын емес, халқының игілігін ойлауы керек. Ендеше, ұлтымызға ұйытқы болған Ұлттық құрылтай осы тұрғыдан да маңызға ие.
Жоғарыда Ұлттық құрылтай Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына құрылғанын айттық. Бүгінге дейін Ұлттық кеңес атқарған шаруа шаш етектен. Үш жылдың ішінде көптеген бастама көтерілді. Ұсыныстардың біразы заңдық тұрғыда бекітілді. Мәселен, бейбіт жиындарды өткізу тәртібі өзгерді, сайлау кезінде партиялық тізімдерге әйелдер мен жастардың 30 пайыздық квотасы енгізілді. Қазақстан Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге ратификацияланған Екінші факультативтік хаттамаға қол қойды. Яғни өлім жазасына тыйым салынды. Сөйтіп, «тоғызыншы территория» мұндай жазадан бас тартқан елдер қатарына қосылды. Бұл қадамды Amnesty International секілді ұйымдардың жоғары бағалағаны есімізде.
Балаларға қатысты жыныстық қылмыстар үшін жаза күшейтілді, саяси партияларды тіркеу межесі төмендетілді. Сайлау бюллетеніне «Бәріне қарсымын» бағаны енгізілді. Саяси партиялардың мәжіліске өту шегі төмендетілді, ауыл әкімдерін тікелей сайлау қолға алынды. Шетелдіктерге жерді сатуға және жалға беруге тыйым салынды. Міне, үш жылдың ішінде атқарылған жұмыстардың алғашқы легі осындай. Ресми мәліметке сенсек, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде айтылған мәселелер бойынша 100-ден астам нормативтік-құқықтық акті қабылданды.
Саясаттанушы Самат Нұртаза Ұлттық құрылтайдың келешегінен зор үміт күтеді. Оның айтуынша, бұл платформа жергілікті халықтың мәселесін Президентке тікелей жеткізуге мүмкіндік береді. Ал саясаттанушы Бауыржан Серікбай Ұлттық құрылтай Қазақстанның ұзақ мерзімді даму перспективаларын анықтайтынына сенімді.
«Құрылтайда халыққа танымал, беделді тұлғалар өз ой-пікірін айтып қана қоймай, шешу жолдарын тауып, ортақ байламға келіп, Үкіметке ұсынады. Сол арқылы халқымыздың мәселелерін шешу жолдарын ұсынатын, түпкілікті шешімін табатын, қоғамдық ой-пікір ашық айтылатын және оларды нақты іске асыратын тетіктердің бірі болады деп есептеймін», дейді саясаттанушы.
Қысқасы, дала философиясына негізделген Ұлттық құрылтай «тоғызыншы территорияның» дамуына соны серпін береді десек қателеспейміз. Ең бастысы, алда ауқымды шаруа күтіп тұр.