Қоғам • 27 Шілде, 2022

Бұрынғы сатира – бүгінгі стендап

412 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Күлкі өмірді ұзартады дейді ғалымдар. Ол қандай күлкі? Сіз бен біздің ғұмырымызға ән, көңілімізге сән сыйлайтын мағыналы әзіл қайсы? Бұрнағы қазақтың әжуасында әр, мазағында мән, келекесінде көркемдік бар еді. Қазір езу тартысы ерсілеу, жымиы­сында жылу жоқ секілді. Әсіресе заман ағымына ілескен жастардың эмоциясы ерекше. Олардың бұратартпа сөзі, сиқырлы сықағы – кішігірім комикс. Бұл – батысша айтқанда стендап. Бүгінгі біздің әңгімеміз қазіргі қазақтың қалжыңы туралы.

Бұрынғы сатира – бүгінгі стендап

Стендап (Stand-UP) – XXI ғасырдағы әзіл-сықақ шоулардың ең мерейлі стилі. Қысқа да нұсқа комедиялық өнер. Әзілкеш бүтін аудитория алдында жеке-дара қойылым қояды. Мұнда күлкі кейіпкері – автордың өзі, көбіне олар қу тілді келеді. Кейбір әзілкеш халыққа өтімді болу үшін музыкалық аспаптарды, вентрилокизмді, қызықты әдістерді пайдаланады. Стендапер алдын ала дайындалған мәтінмен жұмыс істейді, бірақ оны оқымайды, ауызекі айтып береді. Стендап комедиясы әзіл-сықақ клубтарында, барларда, пабтарда, клубтарда, театрларда, демалыс орталықтарында, тіпті саябақтарда қойыла береді. Сонысымен де көпшілікке өтімді.

Бұл заманауи юмор бір адамның күн­делікті өмірдегі «қожанасырлығы» десек дұрыс болар. Сол әпенділігін әшкерелей отырып, көрерменді күлкіге қарық қылады. Қазір қазақша стендап елімізде қарқынды дамып келе жатыр. Жастардың дені Жай­дар­ман немесе белгілі әзіл-сықақ театрларына барғаннан гөрі, осы жеңіл әзілдерді жиі тыңдайды. Ойға қонымды, жүрекке жұмсақ әрі санаңызға салмақ түсірмейді. Стенд-аптың ең бір оғаштығы маңайда бала-шаға, үлкен кісілер жүргеніне қарамастан, әзілге бейпіл сөздер араластырып, боғауыз қосады. Сол арқылы автор әңгімесін әрлейді, яки бұл – күлкінің кульминациясы. Таяқтың екі ұшы бар дегендей, бұл заман талабы деп жа­у­ырды жаба тоқығанымызбен, дөрекі күлкі қоғамның санасына үлкен соққы. Әсіресе жастардың этикалық қалыбын құртады. Мұны театр майталмандары да мойындауда.

«Бүгін бұрынғы әзілмен көп­шілікті күлдіре алмайсың. Себебі заман басқа, уақыт пен талап та басқа. Оның үстіне көрерменнің талғамы өзгерді. Әрине, қазір жеңіл күлкіге әуес болып кеттік. Кейбір жастарымыз тез танымал бол­ғысы келеді. «Жайдарман» ойнаймын деп өздерін театр актерларымен тең ұстайтындары да бар. Артист болу кез келген адамның маза­ғы емес. Ол үшін де оқу-білім керек, қасиет қажет. Сондықтан мен «Та­машаның» актерларына арзан әзіл­ге әуес болмауды үнемі айтамын. Өйткені біздің өз көрерменіміз бар. Біз жұртты көп күлдіре алмасақ та, көр­сеткен әр сатирамыздың аста­рында шынайы көп дүние жатыр. Көрер­мен күлу үшін емес, кү­ліп отырып жылап кету үшін келу керек. Өзінің кемшілігін, қоғам­да болып жатқан ақиқатты біз ұсын­ған қойылымдарымыздан көре бі­луі қажет деп ойлаймын», дейді «Та­ма­шаның» тарланы Асылбек Боранбаев.

Театр майталманының сөзіне сү­йен­сек, әзілдегі мәдениетті жо­ғалт­пау қажет. Жасыратыны жоқ, мұн­дағы жас­­тардың әзілі тұрпа­йылау, әйтсе де осы бағыттағы қал­жыңдар оқырманға өтеді. Бір жұм­бақ диллема дерсіз. Та­рих сахнасына XVIII ғасырда шыққан өнер саласы о баста музыканттардың кө­рерменнің көңілін көтеру үшін тапқан әдісі еді. Артынан бұл дәстүр ескіріп, әзілкештердің жеке орындауында көрініс тапты. Отаны – Ұлыбритания. Бірақ бізге бұл өнім Батыстан не Еуро­падан келген жоқ, көрші Ресейден енді. Қызығы, бұл жанрды орыстардың ортасында жандандырған қазақ баласы екен. Белгілі стандапер – Нұрлан Сабуров.

Енді қараңызшы, сол Нұрлан шоуда үнемі өз ұлтын, әйелін және қызын әзілге қосады. Аздап пафосқа толы шы­найы оқиғалар желісін көрермен жылы қабылдады. Ол сөйлеу мәнерімен, ми­ми­касымен, әртістігімен баурап алды. Ең күлкілі нәрсені байсалды жүз­бен жет­кізеді. «Мен қазақты мазақ қыл­­май­мын, мақтанышпен айтамын. Мы­салы, менің әзілдерімді қазақ ауди­то­риясының қабылдауы екіұдай. Біз, қазақтар, жайдарлы халықпыз, бі­рақ біреуді күлкіге қалдырғанды ұнат­пай­мыз. Ресейде бұл неғұрлым бөлек. Мұн­да олар өздері­не де, басқаларға да бірдей күледі», дейді өзі.

Уақыт өткен сайын әзіл де, оны орын­даушы да түрленеді. Сын-сапасы, тақы­рып аясы кеңиді. Қазір қа­рапайым халықты бірнеше ми­нуттық монолог­тар мезі етеді, оған қа­рағанда қысқа-нұс­қа, дәмді әзілдерге сұраныс жоғары. Мұны мойындау қажет. Әрі комиктер белгілі бір образды нысанаға алып, әзілдерін соның аясында өрбітеді.

Қазақстанда онға жуық стендап-клуб бар. Жыл өткен сайын қатары көбейіп келеді. YouTube желісінде жеке арналар ашып, әлеуметтік желі арқылы таралуда. Бұл үрдісті әуелде америкалықтар пайдалан­ған. Әсіресе түнгі және кешкі шоулар­да жас таланттар елге танылуда. Соған сай жекелеген бағдарламалар­дың да саны артып келеді. Батыста бұл тенденция өткен ғасырда бастал­ған. Ендеше, бүгінгі даму қарқынын өзіңіз ойлай беріңіз. Ақыр соңында, бұл бағыт әлемге таралды. Кеңес идеологиясы жүргізген цензураның салдарынан бұл жоба посткеңестік елдерге енді-енді тәй-тәйлап келе жатыр.

«Стендап спектакльдерінде айтыл­ған әңгімелер автордың жүз пайыз өмі­рінен алынды деуге келмес. Әдетте монолог 50 пайыз шын­­дық және 50 па­йыз көркем «қос­па­лардан» құралады. Сон­дай-ақ аздап шыншыл әзілдер де болады, оларда шынайылық басым, ал қалғанын комедияға қиял қосып жеткізеді. Неліктен қазір бұлай бо­лып жатқанын білгіңіз келе ме? Стендап – адамның сахнаға шы­ғып, әзіл айтуы туралы әңгіме емес. Бұл өмірге, адамдарға, сезімдерге, оқиғаларға, табиғатқа деген көз­қарастан туған сыршертпе. Ең алды­мен, халықты күлдіру басты жос­парға қойылмайды, мұнда әзіл ар­қылы қоғамның кемшілігін бетке басу бар. Сол арқылы ұрымтал тұсын тауып, күлкіге жығу. Әзіл­кештің бет-жүзінде әлемдегі қиғаш оқиғаларға деген мысқыл тұрады. Меніңше, бұрынғы сатира, бүгінгі стен­дапқа ұласқан секілді», дейді стендапер Нұркен Қойшыбаев.

Оның айтуынша, заманауи стендапта әзілкеш қойылымына бала­ғат сөздерді қолдануға тыйым салын­байды. Алайда радио мен теледидарда таратылған кезде мұндай тұрпайы сөздердің орнын арнайы дыбыстар басады.

«Әзілдеп біреуді мазақтау өнер емес» деп түсінетін Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Асқар Най­мантаев арзан күлкінің сахнаға шыққанын жеткізді.

«Арзан күлкі дегеніміз – көп­шілік­тің көріп жүрген сөз қуалаған күлкі. Былайша айтқанда, қысыр сөз. «Қысыр сөз күлмекке жақсы» дейді. Сахнада қысыр сөзді мен де айтамын. Халықты күлдіріп, өзіңе қаратып алу үшін ол да керек. «Ойын білмеген бала шешесінің етегін көтеріп ойнайды» деп қатты айтады қазақ. Бізде қазір дәл осын­дай қал­жыңдар қаптап кетті. Ең сорақы, ең арзан, ең масқара күл­кі, міне, осы. Баяғы сатираның сайып­қырандарында сахнаға деген үлкен құрмет бар еді, қазіргі жас­тарда ол жоқ», дейді А.Наймантаев.

Ал біздің есімізге данышпан Абай түседі. Қазақтың рухы мен адам­гер­шілігін бір ізге салған алып­тың өсиетіне тағы аялдасақ. Хәкім өзінің төртінші қара сөзінде орынды және орынсыз күлкінің арасына даналық құяды. Тағы бір мәрте көз жүгіртіңізші.

«...әрбір жаман кісінің қылығы­на күлсең, оған рахаттанып күлме, ыза бол­­ғаныңнан күл, ызалы күлкі – өзі де қайғы. Ондай күлкіге үнемі өзің де са­лынбассың, әрбір жақсы адам­ның жақ­сылық тапқанына рахат­танып күл­сең, оның жақсылықты жақсы­лығы­нан тапқандығын ғибрат көріп күл. Әр­бір ғибрат алмақтың өзі де мастыққа жібер­мей, уақытымен тоқтатады. Көп күлкінің бәрін де мақтағаным жоқ, оның ішінде бір күлкі бар-ау, құдай жаратқан орныменен іштен, көкіректен, жүректен келмейді, қолдан жасап, сыртыменен бет-аузын түзеп, бай-бай күлкінің әнін сәндеп, әдемішілік үшін күлетін бояма күлкі».

Құрметті оқырман, кімге күліп жүр­­генімізді, неге күліп жүрге­німізді білейік!