Қазақстан • 27 Шілде, 2022

Гуманитарлық байланыстар жанданады

391 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстанның сыртқы саясатында геосаяси тұрғыдан маңызды елдердің бірі – Қытай Халық Республикасы. Бүгінде үкіметтік және мемлекетаралық екі жүзден астам құжатқа негізделген қарым-қатынас аясында стратегиялық әріптестік декларация­сын іске асыра отырып, тараптар көкжиегі кең конструктивті әрі ашық диалогта сауда-экономикалық, инвестициялық, сонымен қатар мәдени ықпалдастықты нығайтуға күш салып отыр.

Гуманитарлық байланыстар жанданады

Осы орайда сарапшылар соңғы 30 жылдағы тату көршілік қарым-қатынастарды әрі қа­рай дамытумен қатар жаңа техно­логиялық мүм­кіндіктердің де зор екеніне айрықша назар ауда­рудың маңыз­ды екенін алға тартады. Бүгінде Қытай елі әлемде ең ірі энергия тұтынушы әрі жаһандық эколо­гиялық бастамаларды қолдап отырған мем­лекет ретінде белгілі. Транс­ше­каралық су ресурстарын үнем­деуге, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға басымдық бере отырып, жасанды интеллект, инновациялық экономика, робот техникасын жылдам дамытып отыр­ған Қытай елімен алдағы уақыт­та ғылым, білім, мәдени-гума­нитарлық сала­дағы интегра­цияны қарқынды дамыту уақыт талабынан туындап отыр.

Философия, саясаттану және дін­тану институ­ты ғалымдары Шэнь­си педа­го­ги­калық универ­ситетінің «Бір белдеу, бір жол» мә­дени зерттеулер институты­мен бір­лесіп өткізген «30 жыл­дағы Қазақстан-Қытай ынтымақ­тастығы» халықаралық симпозиумында жетекші ғалымдар, тиіст­і министрлік мамандары сарап­та­малық және талдау қоғам­дас­тығына екіжақты қарым-қаты­настарға қатыс­ты ғылыми және қолданбалы сипатта бірқатар мә­селені талқылауға ұсынды. Осы орайда Қазақстан мен Қытай елінің жетекші ғалымдары мен сарапшылары пікір алмасып, ықпалдастық жобаларды ғылыми тұрғыдан зерделеп, дамытудың маңызына тоқталды.

Симпозиум модераторы, Шэнь­­си педагогикалық уни­вер­ситетінің «Бір белдеу, бір жол» мәдени зерттеулер институтының атқа­рушы директоры, профессор Хэ Чжилун әлемдік ахуал­дағы жағ­дайларды қаперге ала отырып, өзгермелі кезеңде Қытай-Қазақ­стан ынтымақтастығын ғылыми-талдамалық тұрғыдан зерделеу керегін атап өтті. Сарапшының айтуынша, екі елдің соңғы 30 жыл­дағы экономикалық, гумани­тарлық ынтымақтастығы өз алдына терең талдауды қажет етеді. Өзара интеграциялық әріптестік эко­номикалық тұрғыда ғана емес, мәдени-гуманитарлық саладағы жоба­ларға негіз бола алады.

Жаңа дәуірде бұл бағыт­тағы қа­рым-қатынасты әрі қа­рай дамыту екі ел үшін де тиім­ділі­гін көр­сетеді, деп пікірге қолдау білдір­ген Шэньси про­вин­циясының әлеуметтік ғы­лым­дар федера­ция­сының төр­ағасы, Шэньси пе­да­гогикалық уни­верситеті­нің «Бір белдеу, бір жол» мә­дени зерттеу­лер институты­ның директоры Гань Хуэй отыз жылдық ынты­мақтастықтың рет­­­роспективасында Қазақстан-Қытай қатынастарының жай-күйі мен дамуына жоғары баға бере келіп, әсіресе экономикалық, гуманитарлық бағытта іске асқан жобалардың нәтижесі туралы айтып өтті.

Ал қол жеткен жетістіктер­ді саралай келіп, экономикалық және саяси жетістіктерге егжей-тег­жейлі ғылыми талдау жасаған Фило­софия, саясаттану және дін­тану институтының бас дирек­торы, ҰҒА академигі Серік Сейду­мановтың айтуынша, екі елдің «Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асыру жөніндегі табысты ынтымақтастығына және ауыл шаруашылығы, «жасыл» энергетика, жасанды интеллект, қар­жы, электрондық сау­да салаларын­дағы өзара іс-қимылдың нәтижесі ерекше назар аударуды қажет етеді. Экономиканың болашағы зор сала­ларын дамытуды екі елдің ғалымдары зият­керлік тұрғыдан қолдаған жағ­дайда алдағы жылдарда ауқымды жетіс­тіктерді көруге болады.

Келесі кезекте сөз алған сая­саттану ғылымдарының докторы Ақан Бижанов екі ел ға­лым­дарының тарихи тату көр­шілік жолын және өңірлік эко­но­микалық тұрақ­ты­лық­ты қамтамасыз етудегі ресурс­тық мүм­кіндіктерді ұтымды пайдалану барысына тоқталды. Ал оны әрі қарай дамыту үшін ғылыми тұрғыдан дамытуға мән беру қажет.

Халықаралық симпозиум са­рап­­шылары 30 жылдағы өз­ара тиім­ді саяси, сауда-эконо­ми­калық, ин­вес­тициялық жә­не мәдени-гума­нитарлық ын­ты­мақ­тастық негіздері мен жетіс­тіктерін саралай келіп, әсіресе елеулі кезең ҚХР Төраға­сы Си Цзиньпин­нің 2013 жылғы қыр­күйекте Қа­зақстан астанасын­да Жібек жолының экономика­лық белдеуін бірлесіп салу туралы бастамасымен байланысты екеніне ерекше тоқталды. Осы бастама аясында экономика, сау­да және көлік, сондай-ақ мә­дени-гуманитар­лық өзара іс-қи­мыл салаларындағы ын­тымақ­тас­тықты үйлестіру бо­­йынша жо­балар тың серпін ал­ды. Осы орайда Қазақстан көр­ші елмен ынтымақтастыққа ерек­ше мән бере отырып, цифр­лық тех­но­ло­гиялар, ауыл шаруа­шы­лы­ғы, көлік және логистика сала­ларын­дағы жобаларды дамытуға да ерекше көңіл бөліп отыр.

Сарапшылар екі ел қатынас­тарының пандемия кезінде тың серпілісте болғанын атап өтіп, алдағы уақытта Қазақстан-Қы­тай ынтымақтастығын кәсіби тұрғыда жетілдіре түсу үшін зияткерлік бағытта өзара тиімді жобаларды қолдап, іске асыруға, әрі қарай нығайту үдерістеріне басымдық беруге байланысты ұсыныстарымен бөлісті.

 

АЛМАТЫ