Спорт • 27 Шілде, 2022

Жүлдесі мол желаяқтарды баптау қиын ба?

495 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елдің абыройын асқақтатып, атын әлемге танытатын бірден-бір оқиға – спорттық сайыстар. Әсіресе әлем чемпионаттары мен Олимпия ойын­да­ры­ның шоқтығы биік. Таяуда, АҚШ-тың Орегон штатындағы Юджин қала­сын­да өткен жеңіл атлетикадан XVIII әлем чемпионатының финалында қазақстан­дық спортшы Нора Джеруто мәреге бірін­ші жетіп, алтыннан алқа тақты.

Жүлдесі мол желаяқтарды баптау қиын ба?

Джерутоның жеңісі Қазақстан жеңіл атлетикасы тарихындағы ерекше сәт. Себебі бұған дейінгі әлем чемпионаттарында бірде-бір спортшымыз Көк туымызды көкке көтере алмаған болатын. Ең қызығы, спорттық бәсе­ке­лердегі ең көп жүлде сарапқа салынатын спорт түрі – жеңіл атлетика. Онымен айналысатындар халықаралық додаларда қос-қостап медаль тағынады. Тіпті Усейн Болт секілді желаяқтар кез келген әлемдік жарыстарда алтыннан тау тұрғызып, қоржыны ешқашан бос қайтқан емес.

Сөзіміз дәйекті болу үшін цифрларды сөйлетейік. 1896 жылы Грекия астанасы – Афиныда өткен тұңғыш Олимпиадада осы спорт түрінен 16 жүлде ойнатылып­ты. Дəл осы Афиныда бір ғасырдан кейін, яғни 2004 жылы ұйымдастырылған Олим­пиада кезінде жеңіл атлеттер 46 медаль жиын­тығын сарапқа салды. Ал Бейжің мен Лондонда жүлделер саны біреуге артты. Коронавирусқа байланыс­ты бір жыл кейінге шегерілген Жапониядағы байрақты бәсекеде спортшыларға 48 медаль үлестірілді. Ал биылғы әлем чемпионатында атлеттер 49 жүлдені бөлісті.

Осы спорт түрінің мәліметтеріне көз жүгіртсек, Джерутоның туған жері Кения мен Усейн Болттың отаны Ямайканың өзгелерден оқ бойы озық екенін аңғарамыз. Алғашқы мемлекет алыс қашықтыққа жү­гі­руден алдына жан салмаса, кейінгісі ұшқыр желаяқтардың томағасын сыпырудан ешкімге дес бермейді.

Алақандай Ямайка өз тарихында дербес ел ретінде Олимпиадаға 18 рет қатысыпты. Жалпы есепте 87 медальға қол жеткізген. Оның 26-сі алтын, 36-ы күміс, 25-і қола. Жалғыз қоладан басқасы түгелдей жеңіл атлеттерге тиесілі. Ямайкалық жеңіл атлеттер Афиныдағы Олимпия ойындарынан бастап (2004 жыл) алтынды қос-қостап тағынды. Желаяқ Усейн Болт бір өзі Олимп шыңын сегіз рет бағындырды. Бұдан бөлек, 11 мәрте әлем чемпионатында топ жарды.

Тағы бір ямайкалық желаяқ Элейн Томпсон 5 мәрте Олимп шыңына шықты. Деген­мен оның әлем чемпионаттарында жолы болған емес. Небәрі 1 мәрте тұғыр­дың ең биік сатысына көтеріліпті. Алтын көрсе соңынан қуып жететін тағы бір желаяқ – Шэлли-Энн Фрейзер-Прайс. Оның бір басында Олимпиаданың – 3, әлем чемпионатының 10 алтын жүлдесі бар. Вероника Кэмпбеллдің де жұлдызы жарқын. Оның да еншісіне Олимпия ойындарының үш, әлем чемпионатының үш алтыны бұйырған. Санай берсеңіз, тізімді осылай таңға дейін жалғастыра аламыз.

Кения да желаяқтар баптаудан ешкімнен кенде емес. Кения сайыпқырандары жарты ғасырдан аса уақытта Олимпиаданың 113 медалін жеңіп алған екен. Соның 7-еуі боксшыларға тиесілі болса, төрт жылдықтың басты додасында 106 жүлдені ел қоржынына Кения желаяқтары салған. Соның 35-і алтын, 42-і күміс, 36-і қола медаль.

Олимпиададан қос-қостап алтын алғандар Кенияда да жетіп-артылады. Кениялықтар үшін Кипчоге Кейноның орны дара. Екі мәрте Олимп шыңын бағындырған, ел әнұранын тұңғыш рет байрақты бәсекеде шырқатқан желаяқтың ел тарихындағы үлесі ерен. Оның ізін басқан Эзекиель Кембой, Дэвид Рудиша, Фейт Чепнгетич Кипьегон, Элиуд Кипчоге Олимпия ойындарында Кения әнұранын екі мәртеден шырқатты.

Кениялық атлеттердің бағындырған біре­гей белестері әлем чемпионатында да бар­шылық. Эзекиель Кембой мен Вивиан Черуйоттың әрқайсысы төрт мәрте жеңіс тұғы­рының ең биік сатысынан көрінді. Асбель Кипроп, Мозес Киптануи секілді желаяқ­тар да үш мәрте алтын тұғырға көте­рілді.

Жеңіл атлетиканың саңлақтарын баптаудан Эфиопия да алдына жан салмайды. Аталған ел қатысқан Олимпиадаларда тек осы спорт түрінен жүлде алған. Эфиопияда да медальды топтап алатын спортшылар жетер­лік.

Жоғарыда аты аталған елдердің қай-қай­сына қарасаңыз да, экономикасы асып-тасып тұрмағанын, халқының тұрмысы төмен екенін байқайсыз. Бірақ жеңіл атлетикадан шашасына шаң жұқпай тұр. Бір қызығы, жүгіруге басы артық жабдық керек емес екенін ескерсек, желмен жарысқан желаяқтарды баптауға көп қаражат кетпейді де. Ендеше, осы орайда алыстағы Кениядан спортшы алдыртқаннан, елдегі сайыпқырандарды баптаған дұрыс еді ғой деген ой келеді...