Қазақстан • 28 Шілде, 2022

Біліктілігін арттырады

257 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде екі мыңнан астам ауыл, ауылдық округ әкімдері және Аmanat партиясының аумақтық филиалдарының атқарушы хатшылары оқытылды. Арнайы курстарды AMANAT партиясының Саяси менеджмент академиясы ел Үкіметімен бірлесіп іске асырылып келе жатқан «Ауыл аманаты» жобасы аясында әзірледі.

Біліктілігін арттырады

Осы жылдың 13 маусым мен 20 шілде аралығында Аmanat партиясының Саяси менеджмент академиясы «Ауыл аманаты» жобасы аясында еліміздегі 17 өңірдің ауыл және ауылдық округ әкімдерін кешенді оқытудан өткізді. Олардың 89 пайызы ер, 8 пайызы әйел (192 адам). Оқыту Ұйымдастырушылардың айтуынша, оқыту «Табысты көбейту мақсатында халықтың экономикалық белсенділігін арттыру саласында басшының біліктілігін жетілдіру» тақырыбында көшпелі 3 күндік семинар форматында ұйымдастырылған. Аталған іс-шараға тиісті сертификаты бар 30 тренер, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм саласындағы сарапшылар шақырылған. 

«Олар жалпы саны 80 семинар өткізді. Арнайы курсқа қатысқан азаматтар маркетингтік талдау жүргізуді және ауыл экономикасын дамытатын болашағы бар бағыттарды анықтауды үйренді», деді Саяси менеджмент академиясы директорының міндетін атқарушы Сәуле Бақтымбет білім беру бағдарламасының қорытындысы жарияланған брифингте.

Аmanat партиясының кезектен тыс ХХІІ съезінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев басшыларды даярлау сапасын жақсартуды, жүйелі, толыққанды дайындық бағдарламаларына көшуді, сондай-ақ жергілікті жерлерде партия активін оқыту үшін көшпелі тренингтер өткізуді тапсырған болатын. Осы орайда, Саяси менеджмент академиясы партиялық оқыту жүйесінде жаңа әрі сапалы тәсілді қолға алуды ұйғарған.

«Еліміздегі әлеуметтік-эконо­микалық және саяси жаңаруды ескере отырып, депутаттарға, әкімдер мен партия белсенділеріне арналған заманауи оқыту бағдарламалары әзірленді», деп атап өтті С.Бақтымбет.

«Ауыл аманаты» партиялық жобасы – биыл 14 сәуірде қабылданған «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарының қосалқы бағдарламасы. Жоба – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігіне және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешуді көздейді. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін партия жанынан арнайы жобалық кеңсе де іске қосылған.

«Ұлы Дала» ауыл бизнесін дамыту қауымдастығы» ҚБ президенті Ақмарал Бекмұрзаеваның сөзіне сүйенсек, Қазақстанда жеке қосалқы шаруашылықтардың жиынтық үлесіне азық-түлік тауарлары өндірісінің 70 пайызы тиесілі. «Бұл көрсеткіш елдің экономикалық климатын қалыптастыратын ауылдар мен ауылдық округтерді дамыту қаншалықты маңызды екенінің дәлелі бола алады. Біз курсқа қатысушыларды сауатты бизнес-жоспарын әзірлеуге, жобаны қаржыландыру көзін іздеуге үйретуге тырыстық. Кооператив құру мен өнім өткізу тізбегін қалыптастыру жөнінде тренингтер ұйымдастырылды. Технологиялық карталар ұсынысы қатаң сақталған жағдайда ғана өнімді өндіріске қол жеткізуге болады. Тұрғындардың табысын арттыруды талап етіп қана қоймай, оның қалай іске асырылатынын көрсету маңызды», деді А.Бекмұрзаева.

Тренингке қатысқан бірқатар әкім оқыту курсы әсерімен бөлісті. «Дәріскерлер маркетингтің заманауи құралдарының негіздерін, болашағы бар бизнес-жобаларды анықтау әдістерін нақты мысалдармен түсіндірді. Мәселен, жемшөп дайындау, ет және сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамыту, ірімшік жасау және тағы басқа өзекті бағыттар мысалында бизнес-жоспарлар жасадық. Жұмыс дәптерінде жобалардың нақты есебі қамтылған. Алған біліміміз тұрғындар табысын арттыруға, тұрақты жұмыс орындарын құруға көмектеседі деп сенемін», деді Ақмола облысы Шортанды ауданы Бектау ауылдық округінің әкімі Асқар Махфуз. 

Биыл аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер мен ауылдық округтер әкімдерінің алғашқы тікелей сайлауының қорытындысы бойынша Amanat партиясының мүшелері 87,3 пайызбен жеңіске жеткен болатын. Аймақтарда партиядан ұсынылған 746 кандидат, сондай-ақ өзін-өзі ұсынған 124 адам әкімдікке сайланды. Олардың көбі – бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен партияішілік праймериз қатысушылары.