Қоғам • 28 Шілде, 2022

Шетелдік көлікті аларда абайлаған жөн

290 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы кездерде шетел азаматтарының Қазақстан аумағына көлік құралдарын уақытша алып келу оқиғалары жиілеп кеткен. Бұлар негізінен Грузия мен Әзербайжан азаматтары. Олар «өзіміз мінеміз» деп әкелген көліктерін қазақстандықтарға нарықтағыдан арзан бағаға сатады. Бірақ мұндай автомобильдердің көбі кеден жағынан «таза болмай» шығады екен.

Шетелдік көлікті аларда абайлаған жөн

Қаржы министрлігінің Мемле­кет­тік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сар­таеваның хабарлауынша, Еура­зиялық экономикалық одақтың кеден аумағына басқа елдерден (яғни ЕАЭО құрамына кірмейтін мемле­кет­терден) уақытша әкелінген кө­лік құралдары шетелдік тауар­лар болып саналады және кедендік бақы­лауда болады. Сондықтан мұндай көліктерді Қазақстан аума­ғында пайдалану үшін алдымен кеден жағынан тексеріп, алым­дар мен салықтарды төлеген­нен кейін ғана қолдануға рұқсат беріледі. «Шетелдік азаматтар «өзіміз пайдаланамыз» деп сырт­тан көлік кіргізгенімен оны қазақ­стан­дықтарға сату мақсатында тасымалдайтыны байқалуда. Өйткені олар көлік құралын әкелгеннен кейін біраз уақыттан кейін өздері Қазақстан аумағынан кетіп қалады, ал көлігі кеден­дік тазартудан өтпестен еліміз­де қалады. Ал заң бойынша уақыт­ша әкелу мерзімі аяқталғаннан кейін (бұған бір жыл уақыт беріледі) авто­көлік құралдары ЕАЭО аумағынан шығып кетуі қажет. Егер шығып кетпесе, ЕАЭО-тың қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қолданылады», дейді А.Сартаева.

Комитет полиция департа­мент­терімен бірлесе отырып, арнайы рейдтік шаралар жүргізген. Осы­лайша, уақытша жүру мерзімі аяқтал­ған 116 автокөлік құралын анықта­ған. Бұл автокөліктер қазіргі таңда уақытша сақтау қоймала­рына орналастырылған. Бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жалғастырамыз, дейді мамандар.

Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан азаматтарынан жеке пайдалануға арналған автокөлікті сатып аларда абай болып, еліміздің заңнамасын сақтауға шақырады. «Егер сатып алғалы жатқан автокөлігіңіздің шығу тегі немесе заңдылығы күдік туғызар болса, онда Қазақстанда кедендік тазартудан өткені және тиесілі кедендік алымдар мен салықтар төлегені туралы ақпаратты мемлекеттік кірістер органдарынан білуге болады. Ол үшін Комитетке (тел: 8 7172 71 77 24) немесе тұрғылықты мекенжай бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне және ҚМ МКК байланыс орталығына хабарласуға болады», дейді А.Сартаева.