05 Мамыр, 2014

Телағыс

624 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
IMG_9455 Қырғыз халқының шоң ақыны, саңлақ сазгері әрі әншісі Тоқтағұл Сатылғановтың туғанына 150 жыл толу тойы ЮНЕСКО тізіміне кіріп, кеңінен аталуда. 1986 жылғы қазан айының соңғы аптасында Қазақстанда Қырғыз әдебиеті мен мәдениетінің күндері өтті. Бұл алқалы жиынға қырғыз туғандарды «адамзаттың Айтматовы» атанған ұлы қаламгер Шыңғыс аға Айтматов бастап келген еді. Бұл кез Шыңғыс Төреқұлұлының бір кітаптан соң бір кітап туындатып, қолы да, жолы да жүріп тұрған жемісті де жеңісті кезеңі болатын. Айтматов әлеміне бойлаған оқырман қауым – қазақ жұрты жан дүниесін жаңғыртып, санада селт етіп бас көтере бастаған ұлттық намыстың ұшқынын көңіл құндағына ұялата бастаған шақ туған. Сол кезде одақ бойынша өзінің таралуы жағынан 300 мың данадан еркін асып, бәйге басын бермей, ұлттық ұстахана көрігін дүрілдетіп тұрған жас­тар газеті – «Лениншіл жас» жаңадан «Сұхбат-телефон» деген айдар ашып, оның аясында ұлтымыздың ұлағатты тұлғаларының алғашқы толқыны оқырман қауымға жүрекжарды пейілін көрсетіп те тастаған-ды. Халық пен басылым арасында рухани алтын көпір орнаған. Газеттің редакторы, сардар басшы Сейдахмет Бердіқұлов ежелден Шыңғыс ағамызға іні-дос, үзеңгі жолдас болатын. Әрқашан озық ойы алда жүретін, жаңалық атаулы десе қашанда ақмылтық азамат, қуатты қаламгер Сейдағаң Шыңғыс Айтматовпен осы «Сұхбат-телефон» айдарында газет атынан интервью алуға алдын ала қам жасап, редакция қызметкерлері жабыла жұмыс жасап, заңғарға қояр сауалдардың дестесін жасадық. Бұл жұмысқа сол кезде «Лениншіл жастың» әдебиет және өнер бөлімін басқарып отырғандықтан мен жетекшілік жасайтын болып бекітілдім. Күндер өткенше біздер Шыңғыс ағамызға қойылатын жүзге жуық сұрақ дайындап, елеп-екшеудің арқасында соның 70-ке жуығын бөлек дайындап, құнттап, құндақтап алдық. Сейдағаң күндердің қорытындысында Шыңғыс ағамызбен кездесіп, бұл жолғы бұйымтайдың жай-жапсарын айтып, уәделесетін болып сонда кетті. Түске таман көңілді оралды. «Шықаң келісті, «бұл бір тосын тәсіл екен, уақытты ұтуға да қолайлы, әрі жаңалығы да жан қызықтырар жақсы екен, оның үстіне шетелге іс-сапарға жүрер кезім, менің де уақытым шектеулі еді», деп қуанып қалды. Ал, батырлар, бұл бір қызықты да күрделі сапар болғалы тұр, дайындалыңдар, ең әуелі ішкі дайындық керек, үйренгендерің мен үйренбектерің осы жерден көрінеді», деп Сейдағаң бізге толқи қарады. Біз – Сейдахмет аға Бердіқұлов, мен және газеттің фототілшісі Рахымбай Ханалиев үшеуіміз қажетті асай-мүсейімізді алып, есік алдына асығыс шыға бердік. Өйткені, Шыңғыс ағамен келісім бойынша оны Ұзынағаштың ұзын даңғылының бойында, қара жолдың қайқаңға көтерілер тұсында күтіп алып, онымен бір машинада отырып, ұлық жолаушыны жолдан қалдырмай дайындап алған сұрақтарымызды сол көлік ішінде қойып, сыр-сұхбатты радио-репортерге жазып алмақпыз. Есік алдында біздерге Ақселеу Сейдімбеков ағамыз кездесті. «Сәке, бір қызықты да ғажап сапарға кетіп бара жатыр екенсіздер, шіркін-ай, мен де ілесер едім, реті келсе» деп алдымызды орады. Сейдағаң қашанда жаңалықты, әсіресе, жастар газетіне қажет жаңалық пен тосындықты басқаға сыр етіп ашпауға дағдыланған жан болатын. «Ақа, оның рас, біздің де көңіліміз дауыл күнгі теңіздей, оқырманды оқыс қуантуға деген жастар басылымының әдетін өзің де білесің, осы жолы да сол дәстүрден аттай алмай тұрмыз, ренжіме, бірақ Шықаңа қояр сауалың болса, сенің атыңнан қоюға дайынбыз» деді. Ақселеу ағамыз сұрақ жа­зыл­ған қағазын маған ұсына берді. Да­йын­далып келген екен. Қозғалып кеттік. Көңіл қобалжулы, қуанышты толқын да бойымызда желең жамылып, жүгіріп-жүгіріп кетеді. Енді ше, жиырмасыншы ғасырдың ұлы қаламгерімен бетпе-бет кездесіп, емін-еркін сұхбат алмақпыз. Реті келсе дас­тарқан жайып, дәм-тұз ұсынбақпыз. Бір кезде Ұзынағаштың биігіне көтерілер даңғылдың бұрылысынан қара «Волга» шыға келді. Тұра ұмтылдық. Қонақтың машинасы келіп тоқтап, ішінен жолға ыңғайлы спорттық шалбар киіп, тор көзді күздік матадан пиджак киген Шықаң шыға берді. Жапырлай амандасып жатырмыз. «Ал, Сайдахмад, ұрыста тұрыс жоқ демей ме қазақ бауырлар, мен сенің көлігіңе отыралы, әңгімені де бас­тай берелі, сен, Өтөгөн інім, машиннің алдына отырып, сұрақтарыңды қоя бергін, біз Сайдахмад ағаң екеуміз әңгімені бастай берелі, менің машинама мына Рахаң отырсын, оның ішінде жеңгелерің Мариям мен кенже ұлым Элдар бар», деп сапар барысының тізгінін қолына алды. Сәлден кейін ақ пен қара екі «Волга» қара жолдың бойында құйрық тістесіп ағып бара жатты. Осы сапар қорытындысы менің авторлық жазуымда «Жол мұраты – жету» деген атпен сұхбат болып, ертесіне «Лениншіл жастың» бірінші бетінен басталып, үшінші бетін толық алып жарық көрді. Бұл сыр-сұхбатқа ел оқырмандарынан бес жүзге жуық хат келді. Мақала белгілі жазушы Бақытжан Момышұлының аудармасында орыс тілінде «Ленинская смена» газетінде жарияланды. Бұл енді басқа әңгіменің сорабы. Осы сапар барысында Шыңғыс ағамызға қойылған 70-ке жуық сұрақтың ішінде жоғарыда айтқан Ақселеу ағамыздың да сауалы бар болатын. Ол сауалында көкірегі шежіре, көңілі мұражай, білгір де ілгір Ақселеу ағамыз қазіргі түркологияның жай-жапсарын айтып, «Біз отандық түркология ғылымын жеке-жеке бөліп алып қарастырып, шашыраңқылық пен шатасуға ұрынып жүрген жоқпыз ба, өз тарихымызды өзіміз қашан түбегейлі зерттеп, зерделей аламыз, отандық түркологияның тынысы қалай, қайтіп ашылады» деген сауал қойған-ды. Мен бұл сұрақты сол күйінде Шыңғыс ағаға жеткіздім. IMG_9456 Бұл күнде аяулы да асыл ағалардың екеуі де арамызда жоқ. Бірақ сұрақ қалды. Бұл сұрақ әлі де күн тәртібінде. Толық жауабы Шыңғыс ағада арман күйінде айтылса, Ақселеу ағамыз да осы сұрақтың түйінін тарқату үшін талай тер төкті. Енді осы сұрақтың жан-жақты толымды да қонымды жауабын берер жас ұрпақ, жаңа толқын келді деп ойлаймын. Жас толқын жасқанбай қимылдаса, жоғымыздың талайы табылып, толайы молыға түсер еді. Түркі академиясының осы бас қосуы қырғыздың ұлы ақыны, күрес­­кер тұлға Тоқтағұлға арналып басталуында уақыттық нышан, көңілге үміт ұялатар сенімге бастайды. Қырғыз-қазақ әдебиетіндегі асыл арналар, ұлттық дәстүрлер, халықтық болмыс бір-бірімен етене егіз, ежелден еншілес. Тоқтағұл жырларындағы тау суындай тасқын, дала желіндей аңқылдақ самал, қазыналы керуеннің көз жауын алар жүгіндей жақұтты теңеулер мен бақытты баяндаулар бізді алыс-алыс замандарға, арғы да бағзы бастауларға қарай алып кетеді. Көне түркілердің сарыны мен дабылы, ағымы мен сағымы, батырлар жыр­­­ларының сан алуан шұғылалы бояуы бойы­мызға жұққандықтан қос халық­­тың қазынасы әкеміздің үніндей, анамыз­дың тіліндей, жанымыздың діліндей. Алып Манастың тұлпар мініп, ту алған ұлы бейнесін ұлы манасшы Саяқбай Қаралаев таңды-таңға қосып ырлағанда қазына-қарттың миллион жолдық ұлы туындысын көзі боталап отырып тыңдаған абыз қаламгер Мұхаң – Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің қаһарман қайраткерлігін Шыңғыс аға ғұмыр бойы аузынан тастаған жоқ. Сол үшін қырғыз туғандарға шоң рахмат дейді қазақ халқы. Тоқтағұл жаламен жапа шегіп, итжеккенге айдалып, орыстың алып жазушысы Лев Толстой бақилық бол­ған жылы тар қапастан қашып шығып, туған жерін бетке алғанда Қарқа­ра­лының қалың орманын төр еткен қазақ бауырларға келіп, ай жатып, арыған көңілін семіртіп, күн жатып, кіді күндердің мұзын жібітіп, қазақтың әні мен күйін көкірек сарайына қондырып, ата жолымен ат мініп, шапан киіп аттанған. Ұзынағаштың ұзақ жолында оны бауырым алыстан арып-ашып келеді деп күтіп алып, бауырына басып, қапалы жүректің қайта жырлауына құлақ ашқан өткен ғасырдың Гомері атанған ұлы Жамбылдың пейілі мен қамқорлығын қырғыз бауырлар әлі күнге ұмытқан жоқ. Сол үшін қазақ жұр­ты қырғыз туғандарға үлкен рахмет ай­тады. Кезінде Жамбыл мен Тоқтағұлдың жырлары мен ырлары, Тоқтағұл мен Кененнің кең тынысты әндері домбыра      мен қомуздың қос ішегіндей болып, қатар күмбірлеп, қатар самғаған. Бұл күнде сол абыздар арамызда жоқ, бірақ олардың мәңгілік туындылары бір-бірімен иық тірескен қазақ және қырғыз Алатооындай болып қатар асқақтайды. Бұл бас қосу Тоқтағұл салған тоқтаусыз жолды қазақ елінің жаңа астанасына алып келді. Тоқтағұл жырлары азаттық пен еркіндік аңсаған қырғыз-қазақ жұртының ту ұстар туындылары болғаны кеше болса, одан берідегі заманда қырғыз поэзиясы ұлттық қайнарларын суалтқан жоқ. Қилы кезеңдерде де қырғыз ырлары қиқулап қырға шауып, жүрек қазығына ат байлаумен келеді. Бұл әсіре мырзалық сөз емес, мен кезінде қырғыз поэзиясының көрнекті өкілдері Сүйінбай Ералиев­­­тің, Сооронбай Жүсеевтің, Жолон Мамытовтың, Майрамхан Абыл­қасымованың, Қамбаралы Бобулов­тың, Акбар Рысқұловтың, Мархабай Ааматовтың көптеген жырларын қа­зақшаға аударғанмын. Ойшыл ғалым, аға-дос, академик Ғарифолла Есім айтқандай: «қырғыз жырын қазақша көшіргенмін». Қырғыз поэзиясы Манас заманынан бері ат үстінен түспей, еңку-еңку жер шалып, егеулі найза қолға алып, тебінгісі терге малшынып келе жатқан жүйрік те жігерлі поэзия. Есімдері аталған шайырлардың бәрі Тоқтағұл аталарына ат шалдырып, сыры кетпес сындарлы сыбағадан ауыз тиген. Құйрық-жалы төгіліп, бауыры бырт-бырт сөгіліп, ертеңге қарай емініп, туу биіктен көрініп келе жатқан қырғыз ырлары белдеуге ат байлаған қазіргі кезеңдерде де әрқашан ерулі. Ал, әріге бақсақ, Тоқтағұл туын­­­дыларындағы тақырыптық туыстық, поэтикалық бояулар мен дәстүрлі теңеулер мен салғастырулар, жырлау әдісіндегі халықтық сарындар мен саздар екі елдің де поэтикалық тарихында шендес, ендес, етене жақын, ерекше тұтас. Қилы замандарда қиғаш тартқан тұстарымыз болғанмен, көркемөнерде бұра тартып, бұрыла шапқан кезіміз болған жоқ. Айылды жырмен тербеген қырғыз ақындарының ырларын қазақ даласының дархан желі қазақ ауылдарына да қапысыз жеткізіп тұрған. Соның ішінде екі алып – Жамбыл мен Тоқтағұлдың туындылары уақыт жағынан үндес, заман жағынан үйлес, саясат жағынан күйлес. Ал, батырлық дастандар мен ел тарихын екшеген шығармаларында Тоқтағұл да, Жамбыл да құйрық тістесіп қатар шапқан қазанаттарға ұқсайды. Елшіл, халықшыл пейіл мен ұлтшыл ниет қазақ-қырғыз жырларының негізгі алтын арқауы десек, өршіл көңіл мен аршыл арманның телқоңыр тізгіні бүгінгі қазақ-қырғыз ақындарының қуатты қолдарынан түскен жоқ. Сондықтан да, қырғыз ырлары бізге қазақ жырларындай әрі жақын, әрі ыстық. Кезінде «әдебиеттер достығы – халықтар достығы» деген ұранның аясында көп жұмыс тындырылған болатын. Туысқан халықтар әдебиетінің даму тенденциялары мен өркендеу үрдістерін тәуелсіздік жылдарында біршама шабандатып алдық. Азаттықтың алғашқы жылдарындағы аласапыран күндер мен одан кейінгі нарықтық қатынастар кезеңіндегі материалдық кедейлік рухани кедейліктің айылына қоңсы қонды. Сол кездерде арналы бастаулар, ұлы дәстүрлер біршама бәсеңсіп, Тоқтағұл жырлары аяқ суытқандай болған. Өз тарихымызға өз көзімізбен қарау, бұрынғыларды зерделеу барысында ұлттық мүддені ерекше ескере отырып, сараптама жасау, түркінің ортақ тарихын жасау барысында бүгінгі дамыған ақпараттық-технологиялық мүмкіндіктерді барынша пайдалану, түркологияның тынысын ашатын жас түркологтардың қатарын жасақтау, түркі тілдерімен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі тілдерін меңгерген ұлттық кадрларды қатарға тарту, ортақ түркі энциклопедиясын түзу, ортақ ғылыми-сараптамалық басылым шығару секілді маңызды жұмыстарды жүзеге асыратын қолайлы кез келді. Кезінде Шыңғыс Айтматов арман­даған, тәуелсіздік жылдарында Ел­басымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев тереңнен қозғаған, өзі бас болып, «Тарих толқынын» жаңа заман желімен тербеген, «Ғасырлар тоғысында» түркі жұртының басқалардан мойны озық, ілімі ілгері болуына ерекше назар аударған, түбі бір түркі жұртының бірлігі мен ынтымағына баса мән беріп, әлемдік-түркілік идеясын бастаған кемел кезең есік ашты. Шаңырағы ортақ осы орданың түндігі әрқашан түрулі болса деп армандаймыз. Түркілік интеграция бір-бірімізге үрке қарауды қажет етпейді. Түркі мәдениетінің кредосы біздің көне тарихымызда, көшелі баянымызда жатыр. Біз аталас туыстардың алыстап кеткен балалары секілдіміз. Қайта табыссақ құшағымыз ашық болмағы ләзім. Әсіресе, қазіргі кезеңде, әркім туысын бауырына тартып, айтақшылардың дауысы айға шауып жатқанда түркілік тұтастық керек-ақ. Тоқтағұл конференциясында айтылған ойлар мен түйінделген пікірлер, бас қосу қорытындысындағы алда атқарылар іс-шаралар жөніндегі жүйелі тұжырымдар жүзеге асса, аға ұрпақ армандаған ұлы істердің ұлағатын кейінгі ұрпақ көретін болады деген сенім бар. «Таудан панасы бардың, тастан жүрегі бар» деген сөзге бақсақ, Түркі академиясының алдындағы тұрған келелі міндеттерді ел болып еңсеріп, көп болып көтеріп кететініміз айдан анық. Осы жазба басындағы сыр-сұхбатта Шыңғыс Айтматов: «Менің шетелге сапарға шыққанда ала жүретін екі пірім бар: бірі «Манас», екіншісі, ұстазым Мұхтар Омарханұлы Әуезов», деп ағынан жарылғаны бар. Бұл сөз оған дейін де әртүрлі нұсқада айтылып, жазылып жүргенмен, негізгі нүктесі сонда қойылған болатын. Шыңғыс ағамыз айтқан бұл сөз өшпес өсиеттей болып кейінгі буынның да жүрек түкпірінен орын алды. Біз бұл үшін қырғыз бауырларға дән ризамыз. Конференцияның атбайлар сөзі де, тоқтар тірегі де осынау абыздар арасындағы алтын көпірге айналған айшықты сөздерге келіп құйылып жатты. Ақындар ағасы атанып, «ашулы Грозный патшадайын» деген Мұқағалидың мәңгілік тіркесіне кейіпкер болған Әбділда Тәжібаевтың: «Басымда менің ақ қалпақ, Оюлап шетін сырғызған. Менің де бетім жап-жалпақ, Айырмам қайсы қырғыздан», – деген әр қазақтың жүрегінде жүрген жақсы сөз осы бас қосуда да жарқ етіп көрініп, жалт етіп жанымызды баурап, залда отырған егіздің сыңарындай екі жұрттың перзенттері бір-біріне күле қараса, фольклорлық-этнографиялық топ орындаған қырғыз-қазақ күйлері бас қосудың көркемдік ноталарына өз нақыштарын өрнектеп салды. Жалпы, қырғыз-қазақ достығы біздің туыстас әдебиетте, соның ішінде поэзияда айқын көрініп, айқұлақтанып көзге түседі. Қазақ-қырғыз ақын-жазушыларының достығы мен өзара қарым-қатынасы кеше аңыздай еді, бүгін сәл бәсең тартқаны көңіл пернесін қағып-қағып кетеді. Дегенмен, жүрген із, қансонарда түскен сүрлеу көнермек емес. Бүгінгі қырғыз әдебиетінің өкілдері осынау дәстүрлі даңғылға соңғы кездері ат ізін жиірек сала бас­тады. Біз осыған қуанамыз. Біз осыған сенеміз. Біз осыған сай «сыйға – сый, сыраға – бал» деген тіркесті қайыра тірілтеміз. Қырғыз жұртында байтақ өлкеге жарық беріп тұрған Тоқтағұл атындағы алып ГЭС бар. Ол қазақ даласына да жарық пен жылу таратып тұр. Тоқтағұл жырлары да қырғыз-қазақ жұртына жарық пен жылу таратып тұрған рухани алып ГЭС. Бұл жарық пен жылу ешқашан сөнбейді. Өйткені, оның қуаты қос халықтың жүрек шақпағынан от алады. Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.  

Алатаудың бұлбұлына арналды

Қырғыз жұртының айтулы ақыны, жыршысы, сазгері, үстем күштің талай тауқыметін тартқан Тоқтағұл Сатылғановтың 150 жылдық мерейтойы елордадан бастау алды. Бір замандары: «Қазақ пен қырғыз бір туған, айналдым қазақ елінен», деп өзі айтқандай, бұл атаулы шараға Түркі академиясы ұйытқы болғанын айта кетсек дейміз. Алғашқы сөзді академияның президенті Дархан Қыдырәлі алып: «Түркі академиясының басты мақсат­тарының бірі – Түркі әлеміне ортақ тұлғаларды түгендеу, еңбектерін жинақтау, соңғы буынға таныту», деді. Шынында, елдіктің арқасында түп тамыры бір түркі жұрты осындай бір әдемі үрдісті жалғастыру үстінде. Айтулыларының мерейтойларын бір елдің шеңберімен шектеп қалмай, осылайша қолдаса көтеріп жатуы мерейіңді өсіреді екен. Бұған Қырғыз елінен арнайы келген Мәдениет, ақпарат және туризм министрі Кәмила Талиеваның сөзі дәлел болғандай. Ол бір замандары Тоқтағұл Сібірге айдалып, сол жақтан еліне қайтқанда қазақ топырағына табан тіреп, Сарыарқаны кесіп өтіп, Балқаш бойын жағалап келе жатқанда бауырлары ыстық құшағын ашып, қамқор болғанын тілге тиек етіп, мерейтойын елордада бастап кетуі туыстықтың жарасымы деп тебіренді. Осыдан соң қонақтардан тағы да профессор Магира Амердинова, Қырғыз халық әртісі Саламат Садықова және Анаш Қадырова сынды белгілі руханият өкілдері Тоқтағұл әлемін әңгімеледі.  Қазақ елі жағынан Түркі ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов қазақ пен қырғыздың арасындағы достық жайын тереңнен қозғап, Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың сыйластық сәттеріне тоқталды. Ал ақын Өтеген Оралбаев Тоқтағұл туралы кең толғанып айтты (сөздің нұсқасы газетте беріліп отыр). Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, қырғыз бен қазақ әдебиетін жан-жақты зерттеп, келелі пікірлер айтып жүрген Бауыржан Омарұлы Тоқтағұл Сатылғановтың шығармашылығына тереңдеп барып, Жамбыл, Тоқтағұл, Кенен, басқа да тау тұлғалы алыптарымыз туралы ағынан жарылып, бұлардың бәрі адамдық биіктен адамзаттық биікке көтерілгенін нақты дәйектермен алға тартты. Академиктер Сейіт Қасқабасов пен Ғарифолла Есім, көрнекті ақын Несіпбек Айтұлы екі елдің арасына алтын көпір болған ақын-жыраулар, қоғам қайраткерлері жайлы пікірлерін білдірді. Тоқтағұл Сатылғановтың 150 жылдық мерейтойына арналған арнайы медалін зерделі әдебиеттанушы Бауыржан Омарұлының өңіріне тағылды. Соңы Түркі академиясының жанынан құрылған «Қорқыт» ансамблі мерейтойға шашу ретінде қазақ күйлерін асқақтатып, Тоқтағұлдың әсем саздарын әуелетті. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».