Қоғам • 28 Шілде, 2022

Қандас журналистер «Егемен Қазақстанда» тәжірибеден өтеді

445 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» ЖШС Бас директоры Дархан Қыдырәлі «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы президенті Абзал Сапарбекұлымен кездесті. Кездесу барысында қордың негізгі бағыттары мен жобалары талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қандас журналистер «Егемен Қазақстанда» тәжірибеден өтеді

Жылы шырайда өткен әңгіме барысында ынтымақтастық қалыптастыру мақсатында бірлескен бағдарламалар мен шетелдегі белсенді отандастар, елге оралған қандастар туралы, сонымен қатар мәдениет, өнер, ұлттық құндылықтар бағытындағы сайт және газет беттерінде арнайы айдарлар ашуға, қазақ диаспорасына арналған іс-шаралар жұмысына ақпараттық қолдау көрсету үшін жобалар мен бағдарламалар жасауға келісті.

з

Сонымен қатар «Отандастар Қоры» КеАҚ жанынан құрылған шет елдердегі қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарымен ақпарат алмасуға, бірлесе жобалар жүргізуге, өзара ынтымақтастақ орнатып, арнайы мамандарын түрлі кәсіби бағыттарда тәжірибеден өткізу және шеберлік сағаттарын ұйымдастыру туралы да сөз қозғалды.

«Басты мақсатымыз – бүкіл әлем қазақтарын тарихи және этникалық Отаны төңірегінде біріктіру. Негізгі бағыттарымыз – шетелдегі қазақтарды ақпараттық-консультациялық қамтамасыз ету және мәдени-гуманитарлық қолдау. Осы бағытта «Егемен Қазақстан» республикалық газетімен» ортақтаса отырып «Отандастар» деген атаумен 3 айда бір, яғни тоқсанда бір шығатын журнал шығаруды жоспарлап отырмыз», деді А.Сапарбекұлы.

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» ЖШС Бас директоры Дархан Қыдырәлі «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлына ризашылығын білдіріп, қордың жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ қандастар мәселесіне «Егемен Қазақстан» республикалық газеті бейжай қарамайтынын алға тартып, еліміздің бас газетінде Өзбекстан, Моңғолия, Түркия, Ресей және Ирандағы қандастарымызға қатысты материалдар жүйелі түрде жарияланып отыратынын тілге тиек етті. Кездесу барысында Дархан Қыдырәлі мырза бүгінде қолға алынып жатқан, «Отандастар» журналының шығуына және ақпараттық контент жасауға, редакциялауға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

«Біз ақпараттық қолдау көрсетуге әрдайым дайынбыз. «Егемен Қазақстан» газетінде шеттегі қандастарға, елге қоныс аударып келген қандастарға аса көңіл бөлуге тырысып отырамыз. Шалғайдағы қазақтарға қатысты арнайы материалдар жазылды. Алдағы уақытта қандастар мәселесін көтеретін арнайы айдар ашуға да болады», деді Д.Қыдырәлі.

Тараптар ынтымақтастық қалыптастыру мақсатында бірлескен бағдарламалар мен қазақ диаспорасына арналған іс-шаралар жұмысына ақпараттық қолдау көрсету үшін жобалар мен бағдарламалар жасауға келісіп екі жақты меморандумға қол қоюға уағдаласты.