Өнер • 28 Шілде, 2022

Аспан сәулеті

408 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейіне барып, бауырлас қыр­­ғыз елінің шебер суретшісі Сабиджан Бабаджановтың «Бұлт­қа апарар жол» атты жеке көрмесін тамашалаудың сәті түсті.

Аспан сәулеті

Экспозицияға автордың 60-тан астам кескіндеме және гра­фикалық мәнердегі карти­налары қойылған. Қырғыз да­ла­сының сұлулығын паш еткен пейзаждар, сюжеттік һәм жанр­лық композициялар мен графикалық нобайлар көрме құндылығын арттыра түскен. Өнер жәрмеңкесінің тақырыбы бізді табиғат құбылысына мұқият зер салуға шақырады. Кенептегі жағындылар дүниедегі әр минут тау-тас, өзен-тоғай, гүл-өсімдік, құс-жәндікке қарап ойлануға, сол арқылы Жаратқанның шеберлігін жан-жүйеңмен тануға жұмсалуы тиіс дегенді меңзейтіндей. Өнер адамы көрерменін аспанның ас­қақтығына тамсандырып, жүрек көзін биікке бағыттайды.

Әлемге әйгілі Николас Рерих бұлттарды «Аспан сәулеті» деп атады. Ол: «Адамдар екіге бө­лінеді. Кейбіреулер аспан сәулетімен қуануды біледі, ал бас­қалары үшін бұл жай ғана үн­сіздік, дәлірек айтқанда, олар­дың жүректері үнсіз. Бір ғажабы, балалар бұлтқа қа­рап қуанып, қиялын қалай ас­қақ­тату керегін біледі. Біздің қия­лы­мыз тек бақылаудың салдары. Айна­ланы тануға ұмтылған ал­ғаш­­қы күндерден бастап әрбір адам сөзбен жеткізе алмай­тын көк­те­гі кітаптың кілтін табу­ға тал­пы­нуы керек», деп жазады. Рерих өз еңбектерінде мәде­ниет пен өнер­дің адамзат бо­ла­ша­ғы үшін алатын орны мен маңы­зын үнемі атап өткен. Са­бид­жан Бабаджанов үшін де өнер өмір­ді танудың өзегі екенін қол­таң­басына қарап аңғару қиын емес.

«Суретші әртүрлі техника мен әдісті жетік меңгерген. Бұл акварель парақтары, сия мен қаламмен жасалған жұмыстар, кенепке, картон мен қағаздағы майлы бояу, аралас техника. Жұмыста жарық, жылу, ауа көп. Кейбір шығармалар ашық түстермен және темпераменттік жазуымен ерекшеленеді, өзгелер үшін ұстамды және монохромды. Бірақ тұтастай алғанда суретшінің өмірлік ісіне, сұлулығына, өне­ріне деген шынайылығы мен сүйіс­пеншілігін сезінуге болады. Қазақ көрермені кезек­ті рет талантты өнер иесі Сә­бид­жан Камалұлының сан қыр­лы шығармашылығымен та­ны­су­ға мүмкіндік алды. 2012 жылы Ә.Қастеев атындағы өнер музейі суретшінің «Кетіп бара жат­қан керуеннің ізімен» атты жеке көрмесін, 2014 жылы Шың­ғыс Айтматовтың шығарма­шы­лығына арналған «Ол аспан да, жер де, таулар да еді» атты бей­нелер мен символикаға толы көрмесін сәтті өткізген болатын», дейді көрме жетекшісі өнер­танушы Наталья Баженова.

Мәңгілік тақырыбы суретші­нің бүкіл жұмысында қызыл сызық арқылы өтеді. Суреттер ғарыш рухына толы. Талғампаз кө­рермен ақшағыл бұлттардан, өзен бұрылыстарынан, жақпар таулардың керім-келбетінен уақыт үнін тыңдайды. Кенеп­тегі кемеңгер уақыт бізді арман­дардың, аңыздар мен мифтердің әлеміне жетелейді.

Сабиджан Бабажанов Қыр­ғыз­станның Еңбек сіңірген мә­де­ниет қайраткері. График. Ди­­зайнер. 1941 жылы Қы­тай­дың Құлжа қаласында дү­ниеге келген. 1955 жылы отбасы Қырғызстанға көшіп кел­ді. 1963 жылы Фрунзе көр­кем­­сурет училищесін бітір­ген. 1970 жылдан бастап Мәс­кеуде бес жыл дизайнер маман­ды­ғы бойынша оқыды. Сәбид­жан Камалұлы көптеген рес­пуб­ликалық, бүкілодақтық, ха­­лықаралық көрменің қаты­су­шысы. 1986 жылдан КСРО Су­ретшілер одағының мүше­сі. 1998 жылдан бері Кали­фор­ния ғылым, өнеркәсіп, білім және өнер халықаралық ака­демиясының құрметті мүшесі. Суретшінің туындылары Қыр­ғызстан, Қазақстан, Ресей, Фран­ция, Италия, Германия, Канада, Түркия, Иран, Жапония және әлем­нің басқа елдерінің көптеген мұражайы мен жеке кол­лекцияларында сақтаулы.

 

АЛМАТЫ