05 Мамыр, 2014

Рухани сілкініс

266 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Ресей Федерациясының Қостанаймен іргелес Челябі облысында 36 мың қазақ тұрады. Қандастар арасында тіл мен ұлттық салт-дәстүрдің, ұлттық бояудың соңғы уақытта тым көмескіленіп бара жатқандығы көңілге қаяу түсіреді. Нағайбақ, Қызыл аудандарында ғана қазақтар топтасып отырған бірер елді мекен болмаса, қалғандары облыстың әр шалғайындағы ормандай орыстың арасында тарыдай шашылып жүр. Челябі қазақтары өздерін Оңтүстік Оралдағы жергілікті халықпыз деп санайды. Сонау 60-шы жылдары Нағайбақта қазақ мектебі болған. Өткен ғасырда мұндағы қазақтар тілді де, дәстүрді де жақсы сақтап келді. Өмірдің заңымен аға ұрпақ өкілдері өмірден өткен соң, ұлттық тінді кейінгі буын босатып алды. Бүгінде орыс дәстүрімен жүріп, тілі орысша шығып, орыс мектебінде білім алған ұрпақ қазақ тілінен де, ділінен де мақұрым қалған. Ресей халықтарының бірлігін ойлаған ұлттық саясат Ресейде де жүргізілуде. Соған орай, қазақ ұлттық мәдени орталықтарының өткізіп жататын шараларына немесе Қостанайдан, жалпы Қазақстаннан барған өнерпаздар концерттеріне негізінен жасы егде адамдар келеді. Барып-келіп жүрген сапарымызда мәдени шаралардан жастарды көрмейтінбіз. Челябі облысындағы «Азамат» қазақ ұлттық-мәдени қоғамдық ұйымының жетекшісі Қанат Сейтіков: «Қыстың қақаған аязды күндерінің бірінде «Нағайбақ ауданына барып, «Азамат» жастарының концертін қойып келдік. Осындай жақсы ісімізді келіп, көріп, елге жеткізбейсіздер ме?» деп наз айтқан болатын. Жақында Қанат Хакімұлы «Біздің жастар Магнитогор қаласына барып, концерт қояды» деп хабарлады. Барып көруге ниет еттік. Магнитогорск-1 Магнитогорск-2 Магнитогордағы «Береке» қазақ ұлттық-мәдени қоғамдық ұйымы мәдениет сарайының концерт залын жалға алыпты. Белгіленген уақытта ағайындар жиналып қалды. Сыртта жүрген қазақтардың тілге шорқақ болғанмен, ән мен күйге шөлдеп отыратыны белгілі. Магнитогор қаласында 6 мың қазақ тұрады. Концерт бағдарламасын әзірлеген 26 студенттің барлығы Челябіде оқитын қазақ жастары. Сахналық жобаны қауырсын қанат балапанның ұшарға талпынысымен салыстырған жөн болар еді. Жастар ғаламторды мүмкіндігінше молынан пайдаланыпты, одан қалды Челябі өнер академиясының хор дирижері факультетінің екінші курсында оқып жүрген Мейірхат Қалиев және оның достары концертті музыкамен тәп-тәуір көркемдеген. Бір айта кететіні, олардың ара­сында Челябіде оқитын қара­ған­­дылық үш жігіттен басқа қазақ тілін еркін түсінетін жан-жоқ­қа тән. Сондықтан, кон­цертті жүргізушілердің: «Эн айткан Асель мен Алия! Кошэ­мэт! Баре­кэлдэ, осы эн ушэн! Ендэшэ алдарынызда салт-дастурдэн узэндэ», деп хабарлауына Қостанайдан барған біздер езу тартқанымызбен, жүрегіміз езіліп отырдық. Қазір Қостанайда қазақ тілін білмейтін жастар некен-саяқ, ал мемлекеттік тілді игерудегі өзге ұлт өкілдерінің талпынысы да айтарлықтай. Мемлекеттік тілді оқыту балабақшаларда жақсы жолға қойыла бастады. Ең бастысы, мемлекеттік тілді үйренуге оң көзқарас қалыптасты. Ал челябілік жастардың сахнадан қазақ тілінде сөйлеуге ұмтылысы сырттағы қандастардың рухани сілкінісі секілді әсер еткені сөзсіз. Кеш жастардың «Қара жор­ғаны» билеуінен басталды. Музыкалық білімі жоқ жас­­тар үшін қазақ ұлттық ән өне­рі мен би кереметі үлкен құн­ды­лық болып саналатынын бай­қа­дық. Сондықтан қазақ эстрада жұлдыздарының репер­туа­­рындағы әндерді айтуға талпынған жастар бірнеше биге барынша тер төгіпті. Оның барлығын Челябі медицина колледжінде оқитын Қаламқас Әлмұхамбетова есімді қаршадай қыз қойғаны қуантты. Сахнада өнер көрсеткен жастардың барлығы дерлік ұлттық киіммен шыққанда «әттеген-ай», дегізетін тұстар көзге шалынып қалды. Ұлттық киімдер қарабайыр тігіл­ген, – қос етек көйлек, қыс­қа камзол, бас киімсіз, ою-өрне­гінің жұпынылығы жұмыр ой туғызбайды. Студенттер сахнада жастық шаққа тән КВН әзілдерін де ұмыт қалдырмады. Оны өздерінің орындауына жеңіл орыс тілінде жеткізді. Сонымен қатар, концертте тыва және башқұрт тіл­дерінде де шығармалар орындалды. Мұның себебін концерт соңында, жастармен сөйлескенде білдік. «Азамат» қазақ ұлттық-мәдени қоғамдық ұйымымен тыва, башқұрт ұлтының жастары да тығыз араласып тұрады екен. Сахнада шаңқобызды безіл­дете тартқан қыздың аты-жөні – Сорунзан Чончобай. Челябі мем­лекеттік университеті Бас­қару факультетінің 1 курсында оқиды. – Біздің дініміз бөлек болға­нымен, тіліміз қазақтар секілді түркілік, дәстүріміз өте ұқсас. Құрбым Монгаш Олджана екеу­міз тыва және орыс тілдерінде таза сөйлейміз. Сондықтан қа­зақ кітаптарын оқи аламыз, қазақ­шаны тәп-тәуір түсінеміз. «Азамат» ұйымының жастары бізді түркілік деп өздеріне жақын тартады. Арақ ішпейтін, темекі шекпейтін жастар ортасына тап болғанымызға өте қуанып жүрміз. «Азаматтың» жұмысына белсене қатысып кеттік, – дейді Сорунзан қыз. Челябідегі педагогика уни­верситетінде оқитын башқұрт қызы Азалия Құнанбаева да қазақ құрбыларының шақыруымен «Азамат» ұйымының жұмысына белсене атсалысады. Концерт аяқталған соң жүргі­зушілер «Азамат» қазақ ұлттық-мәдени қоғамдық ұйымының жетекшілігін өткен жылы ғана қолына алған Қанат Сейтіковті сахнаға шақырды. – Ағайын, діннен, тілден, дәстүрден айырылсақ сіздердің балаларыңыз болмаса да, не­мере-шөберелеріңіз қазақ деген атты алып жүре алмайды, олар генетикалық тұрғыда көп­тің арасына сіңіп, жоқ болады. Мына балалардың бүгінгі ісі жо­ғалмауымыздың қамы еке­нін түсініңіздер, – деді Қанат Хакім­ұлы. Мұнан кейін ол жастармен қалай жұмыс жүргізіп отырғанын тілге тиек етті. «Азамат» қазақ­тар­дың ұлттық-мәдени қоғамдық ұйымы соңғы жылдары қазақ тілін оқып үйретуді қолға алған болатын. Қостанай облыстық тілдерді дамыту басқармасы жыл ­сайын тілек білдірген қазақ тілі мұғалімдерін оқытып, сертификат тапсырып отырады. Оларға жеңілдетілген бағдарламалар дайындап береді. Алайда, қазақ тілі Челябіде негізінен мектеп балаларына үйретілетін. Міне, енді жастар осы игі істі өздері қолына алып отыр. – Жастармен жұмысты қолы­ма алғандағы екінші әрі басты себеп, халқымыздың жас буынын­ бүгінгі уақыттың келеңсіз құ­бы­лыс­тарынан сақтап қалу болатын. Қазір бұл жастар қала­дағы дис­котекаларға бармайды, ішім­дік, сыра ішпейді, темекі шек­­­пей­ді.­ Ондайға бұлардың бір ми­нут уа­қы­ты жоқ, – деді Қанат Ха­кім­ұлы.­ «Азаматтың» жетекшісі осылай дегенде, зал дуылдата шапалақ ұрды. Өйткені, «Азамат» өзекті, әркімнің жүрегіндегі запыранды қозғады. Сахнадан Қаламқас Әлмағанбетова «Балалар үйінде тастандылар көбейіп барады. Челябі облысындағы әйелдердің 60 пайызы, ерлердің 80 пайызы темекі шегеді, ішімдікке салыну өте өзекті мәселе болып тұр» деген статистиканы алға тарт­қанда да зал дуылдап барып басылған. Қазір жастардың адасып, түрлі секталардың соңында кетуі де жасырын емес. Ондай қасіретті сырттағы қазақтар да сезініп отыр. «Азамат» қан­дас жас­тарды заманның осы қасі­ретінен қорғауға кірісіпті. Қазір қазақтардың бұл ұйымына Челябіде оқып жатқан елуден аса жастар келіп, бос уақытын өткізеді. Тіл үйренеді, футбол, волейбол командаларының жарыстарына қатысады, көркемөнерпаздар үйірмесінің жұмысы, өзге де шаралар тағы бар. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Қостанай облысындағы филиа­лы челябілік жастарға көмек көрсету үшін қазақтың ұлттық тоғызқұмалақ пен асық сияқты спорт ойындарын ала барған еді. Қостанай мемлекеттік педагогика институтындағы денешынықтыру пәнінің мұғалімі Кәрішал Қақашев сахнадан тоғызқұмалақ туралы айтып, асық ойынын ойнатып көрсетті. Алдағы уақытта жастарға осы ойындарды үйреніп, Қостанайда өтетін жарыстарға қатысуға шақырды. Облыстық Тіл үйрету орталығының маманы Тоты Айтмағанбетова жастарға қазақша кітаптар таратты. – Осы студент жастар ертең-ақ белгілі мамандық иесі болады, шаңырақ көтереді. Олардың тойы ішімдіксіз өтеді, асаба да өздері болады. Алдағы уақытта концертімізді Астанаға апарып қоятын боламыз, – деп Қанат Хакімұлы басқосуды жоғары екпінмен аяқтады. «Астанаға концерт қоямыз» дегенін жұртшылық әзіл ретінде қабылдап жатты. Оны байқаған «Азамат» қазақтың ұлттық-мәдени қоғамдық ұйымы­ның жетекшісі Қанат Сейтіков: – Астанаға баратынымыз рас. Ол үшін қазақ тілінде әлі-ақ таза сөйлеп кетеміз. Ең бастысы – алдымызға мақсат қойдық. Талпынған мұратқа жетеді, мен жастарға сенемін! – деп түзете сөз сөйледі. Жастар талпынысына қарап, Қанат Хакімұлының сөзіне біз де сендік. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Ресей Федерациясы, Магнитогор қаласы.