Әдебиет • 28 Шілде, 2022

Медреседен Нобель мінберіне дейін...

290 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Танзанияда туып, Англияда өскен Абдулразак Гурнаның өткен жылғы Нобель әдебиет сыйлығының иегері екенін оқырман қауым жақсы біледі. Диккенстің «Тұңғиық үй» романын жатқа оқитын, Флоберге іші жылымайтын жазушының қаламы осал емес. «Қажылық сапары», «Жұмақ», «Қиыршық жүрек», «Соңғы тарту» сияқты үлкен романдары оны танымал етті.

Медреседен Нобель мінберіне дейін...

Біз оның шығармашылық құпиялары мен сырларына тоқ­тал­ғымыз келді.

Оның ең алғашқы оқыған кітабы қасиетті «Құран Кәрім» екен. Бұл туралы оның өзі былай дейді: «Менің ең алғаш оқыған кітабым Құран Кәрім болды. Занзибарда өскен мен Чуониде, яғни біз медіресе деп атайтын мектепке бес жасымнан бастап бардым, бір жылдан кейін ғана мемлекеттік мектептің табал­дырығын аттадым. Сол кезде мен қысқа сүрелерді оқып, жат­тай алатыныма сенімді бол­дым. Есімде қалуынша, мем­ле­кеттік мектепте оқып жүр­ген алғашқы жылдарда бізге үйре­тілетін мәтіндердің бірі Эзоп мы­салдарының кисвахили тіліндегі аудармасы болды, онда түлкінің жүзімге құмарта секіргені және тасбақа өтіп бара жатқанда, жол бойында жатқан қоянның әрекеті бейнеленген. Сол суреттер әлі күнге дейін көз алдымда».

Ана тілі кисвахали тілі бол­ғанымен, шығармаларын ағыл­шын тілінде жазатын жазу­шы­ның жеткен жетістігі аз емес. Әлем әдебиетінің қоржынына он роман салған ол ең алғашқы шығармасын небәрі жиырма жасында, туған ауылына ар­нап жазыпты. Уақытпен жарысқан қаламгер өз өмірінің әрбір сә­тін еске алудан жалыққан емес. Бізге азық болып отырған – сол естеліктердің бір парасы.

Ол бірде өзінің сүйікті кіта­бы туралы да айтады: «Мың бір түннің» қысқартылған нұс­қадағы кисвахили тіліндегі аудар­масы мені өсірген кітап дер едім. Осы кітаптан мен а­лғаш рет «Қамар Заман мен хан­шайым Бадура» хикаясын оқы­дым, аталған хикая содан бері менің есімнен еш кетпеді. Бірақ ол кітаптың аудармашысы мен алғысөзін жазғандар отаршыл шенеуніктер еді. 10 жасқа дейін ағылшын тілінде оқыған кітаптарым тек комикстер мен мектептің мақтау қағаздары болды. Әлгі комикстер «Әлем халықтары» деп аталатын, мен оны бір-екі жыл бойы қайта-қайта оқитынмын. Өкініштісі, онда менің туған жерім Занзибар туралы ештеңе айтылмаған».

Жасөспірім кезін есіне алған Гурна өзін өзгерткен кітап­тар­дың да атын атады.

«Момбасадағы нағашы ағам­ның қарапайым үйінде төсеніш үстінде жатып «Анна Каренинаның» ескірген көшір­месін оқығаным есімде. Одан кейін не болғаны есімде жоқ. Нағашы ағам кітапқұмар емес еді. Сол кезде менің жасым 13-те болса керек, романдағы көп нәрсені түсіне алмадым, бірақ мен жылап жібердім. Бізд­ің мектеп кітапханасынан алып оқи­тын кітаптардың не жетіс­кені бар дейсің, негі­зі­нен отарлық жүйедегі мемле­кет­тік қызметшілерден қайы­рым­дылыққа келген кітаптар еді. Мен Джеймс Болдуиннің «Басқа ел» кітабын оқығанда 15 жаста едім, оның қаншалықты әсерлі болғаны әлі есімде. Ұстазы­мыз маған В.С.Найпаулдың «Мис­тикалық массажист» романын да оқуға берді, менің ойымша, бұл менің алғаш рет тұшынып оқыған романым болуы керек».

Қолына қалам ұстаған әр қаламгер үшін дүниенің сыры, айналадағы құбылыс, орта – шабыттың қайнар көзі. Тіпті жазушылардың бір-біріне деген әсері де ерекше. Біздің кейіпкеріміз Абдулразак Гурнаға да қатты әсер еткен жазушылар жетерлік. Ол он сегіз жасында жазушы Уильям Сароянның «Ұшатын трапециядағы батыл жігіт» романын оқиды, оқып қана қоймай, терең ойланады, оған бұл шығарманың еркіндігі мен ашықтығы ұнайды. Аталған шығармадағы өзіндік ерекшелік пен бір тылсым үн оған өмір бойы серік болады.

Енді оған ұстаз болған кітап­тарға тоқталайық. Бұл тізім­нің басында америкалық автор­лар: Саул Беллоу, Бернард Ма­ламуд және Болдуин тұр. Олар­дың әр шығармасын үзбей оқы­ған Гурна солар сияқты жазу­ды қиялдады. Оның ұқып­тылығы сонша Джеймс Бол­дуин­нің «Келесі жолы өрт» романының «Пингвин» деп аталатын бұрынғы қағаз нұс­қа­сын сары майдай сақтап ке­леді екен. Джозеф Конрад пен Д.Х.Лоуренс, Надин Гор­димер мен Вол Сойин­ка­ны да көп оқығаны оның шығар­машылықтағы сти­лінен білінеді.

Ол мектепте оқып жүргенде Диккенстің «Тұңғиық үйінен» үзіндіні жаттап алуға және үз­діксіз қайталауға өзін мәж­бүрлепті. Сондағысы, тілдің көркем­дігін жақсы меңгеруге деген ұмтылыс болмақ. Бірде ол мектептегі көркем сөз оқу бәсекесіне қатысады, анығында мектеп директоры оған қолқа салады. Сол сәтте ол үзіндінің не туралы екенін, қайдан шыққанын да білмейтін еді. Осы сәті туралы ол : «Содан кейін Диккенстің кітабын көргенде ұзақ уақыт шыдай алмадым, бірақ кейінірек оның романдарын жақсы көріп, оны өзіме үлгі тұттым» дейді.

Оның қайталап оқитын кітап­тары да аз емес екен, Дж.М.Кутзидің «Варварлар­ды күту» шығармасы тілінің дәл­дігі мен адамның қатыгездігін жеріне жеткізе бейнелегендігі себепті Гурна оны кейде қай­та оқып тұрады. Ал күллі әлем ұна­тып оқыған Гюстав Фло­бердің «Бовари ханымы» оны қызықтыра алмапты.

Біз үшін әдебиет әлемі телегей теңіз сияқты. Сол теңізде небір інжу-маржандар, лағыл тастар, тіпті құм-шағылдар да кездеседі. Оның керегін қалай алу, керекке жарату оқырманның өз еншісінде. Осындайда Жұматай Жақыпбаевтың «Қисық-қыңыр болса да мен жүрген жол, бақыт үшін күреске таптырмайды» деген тармағы еске түседі. Өт­кен жылы Нобель сыйлығын алып, әлі ыстығы басылмаған жазу­шының балалық шағынан Нобель мінберіне дейінгі шығармашылықтағы сапарының өзі бір кітаптың жүгі шығар. Оны болашақ жазар, болашақта оқырмыз.