Руханият • 28 Шілде, 2022

«Нама» жанрын зерделеуге жол ашқан әдебиеттанушы

646 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақ әдебиетін дәуірлеу, оның ішінде көне жазбаларды зерттеу ісі бір ғасырға созылған ұзақ кезеңді басынан өткергені белгілі. Бұл кеңестік идеологияның қырын қарауының cалдарынан аршылмаған көмбе тәрізді, көпшілік ғалымдар бара қоймаған тың тақырыптардың бірі болды. Өткен ғасырдың 60-70-жылдарына қарай ғана қазақ әдебиетінің ерте кезеңдерін зерттеу және жүйелеу мәселесі біртіндеп қолға алына бастады. Аталған салада, дәлірегі ежелгі жазба ескерткіштерін, басқа да көне жәдігерлерді зерттеуде Н.Сауранбаев, Ғ.Айдаров, І.Кеңесбаев, Е.Жанпейісов, Ә.Құрышжанов, Ә.Ибатов, М.Томанов, Ж.Бектұров, М.Балақаев, С.Аманжолов, Р.Сыздықова, Б.Әбілқасымов, М.Исаев сынды көптеген тілші-ғалым үлкен үлес қосты. Сонымен қатар қазақ әдебиеттануында М.Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Қоңыратбаев, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаевтар көне мұраларды алғаш зерттеген ғалымдар болды. Сол ұлылардың ізін жалғап, там тұмдап айтыла бастаған тақырып төңіре­гінде уақыттың қиындығы мен күрделі кедергілерге қарамастан, ­Алтын Орда тұсындағы әдебиетті зерттеген ғалымдардың бірі – Алма Мүтәліпқызы Қыраубаева еді.

«Нама» жанрын зерделеуге жол ашқан әдебиеттанушы

Алма Мүтәліпқызы толымды ізденісі мен қажырлы еңбегінің арқасында ұстазы Бейсенбай Кен­жебаевтың асыл мұратын жал­ғап, үмітін ақтаған шәкірті бола білді. Бұлай деуімізге себеп, қазақ әдебиетін Бұқар жырау­дан бастау туралы нақтылы тұ­жырымдарды бұзып жарып, әде­биет тарихының тым арыдан ­басталатынын дәлелдеу ерлікпен тең іс еді. Қазақ әдебиетінің тарихын сонау ескі заманнан бас­тауды көздеген ғалым Бейсенбай Кенжебаев Орхон-Енесей жазбаларын Мырзатай Жолдасбеков­ке жүктесе, Мұхтар Мағауинге ХІV-ХVІ ғасыр әдебиетін, Қа­би­бола Сыдиықовқа ХVІІ-ХVІІІ ғасырдағы жыраулар поэзия­сын, ал Алма Қыраубаеваға орта ғасыр әдебиетін ғылыми не­гіздеуді ұсынады. Жастығына қа­рамастан, бір ұлттың тағдыры жазылған тарихтың батпандай жүгін арқалаған жас ғалым, ғы­лымдағы жолын осындай үлкен жауап­кершілікпен бастайды. Нәтижесінде, Алма Мүтәліпқызы 1974 жылы «Қисаc-и Рабғузи» мен «Махаббатнаманың» идеялық-көркемдік ерекшеліктері» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады. 1985 жылы Хорезмидің «Махаббатнама» ­дастанын тұңғыш рет қазақ тіліне аударды. Тиянақты зерттеу мен тыңғылықты ізденіс барысында 1988 жылы «Ғасырлар мұрасы» атты еңбегін жазды. Араға жылдар салып, 1997 жылы «Қазақ әде­биетіндегі шығыстық қисса-дас­тандардың түп-төркіні мен қа­лыптасуы» тақырыбында док­торлық диссертациясын қор­ғады. Сонымен қатар ол қазақ ғылымының қоржынын 1988 жылы «Түркі әдебиеті», 1999 жылы «Ежелгі әдебиет», 2001 жылы «Ежелгі дәуір әдебиеті» сынды оқу құралдарымен то­лықтырды. «Ұзақ ғасырлар бо­йын­да жарияланбай келген «Ма­хаб­батнама» жыры соңғы кезде ғана шет пұшпақтап тек­серіле бастаған. Бұл дастанды қазақ әдебиетшiлерi мен тiлшiлерi келешекте зерттеп шығуы парыз» деген аға буын аманатын болашаққа жалғаған ғалымдардың бірегейі, әдебиеттанушы Алма Қыраубаева. Oның бойынан ға­лым Н.Конрадтың: «Настоящий филолог не имеет права быть только лингвистом. За явлениями языка он должен видеть самый язык, а через него – мышление, ум. За романом или стихотворением он должен уметь разглядеть творческий гений народа. Филолог должен быть и историком, но таким, который видит в истории всю целостность жизни, борьбы и творчества» деп нағыз филологке берген сипаттамасы толық табылады. Алма Мүтә­ліпқызы шығыстанушы-фи­лолог мектебінен өтіп, бар­лық филологиялық біліммен қаруланып, филологиялық зерттеу әдісін меңгерген толыққанды маман бола білді. Бұл жайлы профессор Өмірхан Әбдиманұлы: «Алтын Орда – қыпшақ дəуірінің жауһар жəдігерлері «Рабғузи қиссалары», Хорезмидің «Ма­ха­ббатнамасы» оңай шағылар жаңғақ емес, оған қайтпас қа­жыр, жасымас жігер, бірегей білім, ересен еңбек керек. Алма бойынан осының бəрі де табылды» десе, профессор Тұрсынбек Кәкішев: «Алма Қыраубаеваның «Қазақ əдебиетінің қысқаша тарихына» жазып берген «Ежелгі түрік əдебиеті» бөлімінің əрбір та­қырыпшасының өзі арнайы зерт­теуді қажет ететін жəне күні бүгінге дейін көбіміздің тісі­міз батпайтын арналар екенін мойындауға тиістіміз» деп аза­мат­тық пікірін білдірген болатын. Бір сөзбен айтқанда, Алма Мү­тә­ліпқызы қазақ әдебиеттануын­да жиырмасыншы ғасырдың ал­пысыншы-жетпісінші жылдарынан бастап қарқынды дамыған тың тақырыптың зерттелуіне бар ғұмыры мен қажыр-қайратын арнаған ғалым. Ол өзінен ке­йінгі буынның Алтын Орда әде­биеті, оның ішінде Хорезмидің «Махаббатнамасын» терең зерттеп білуіне, сондай-ақ «нама» жан­рын зерделеуге жол ашқан әдебиеттанушы десек, қате айт­­қандық емес. Ғалым Алма Қыраубаева Түркі халықтары əде­биетінің жанрында араб, парсы терминдері «Қисса», «Хамса», «Нама», т.б. көп қолданылады деуі арқылы, қазақ әдебиеттануын­да «қисса, хамса» секілді «нама­ның» да өзіндік орны бар екенін мең­зейді. Сонымен қатар қазақ әдебиеті тарихында «наманы» жанрлық формаларына қарай топтастырудың үлгісін жасап, оны ХХ ғасырдың соңғы ширегінде әдебиеттанушылар назарына ұсынған да осы Алма Қыраубаева болатын. Ғалым наманың жанр­лық формалары көп. Оларға: «Эпи­калық поэмалардың циклі» (Шаһнама); «Жеке поэмалар» (Ескендірнама, Шайбанинама, Бабурнама, т.б.); «Саяхатта, сапарда көрген-білгені, алған əсері жайын­дағы шығарма»; «Өлеңмен жазылған арнау» (Хорезмидің «Махаббатнамасы», Ходжендидің «Латафатнамасы», Амиридің «Дах­намасы») жатады дейді өз зерттеуінде.

Әдебиет тарихында ертеде жазылып, бүгінге жеткен түркі өркениетіне ортақ әдеби жазба ескерткіштер молынан кездеседі. Арада мың жылға жуық уақыт өтсе де өз құнын жоймаған, түр­кілердің өшпес өнегесіндей бол­ған ортағасырлық асыл мұ­ралар жетерлік. Сондай құнды жә­дігердің бірі – Хорезмидің «Махаббатнамасы». Бұл жайлы ғалым: «Алтын Орда дәуірін­дегі әдебиет өкілі Хорезми «нама­шылдыққа» алғаш жол ашты. Оның «Махаббатнамасы» – көне дəуірдегі жазба ескерткіштердің ішіндегі ең бір мəнді, қызғылықты дастан» деп баға береді.

Алма Мүтәліпқызының «нама» жанрына алғаш классифи­кация жасауы бүгінгі қазақ ғылымын­да «наманың» жеке жанр ретінде қарастырылып, нама жанрына қа­тысты жаңа көз­­қарастар мен ор­тақ заңды­лық­­тардың қалып­тасып, зерттеу тәжі­рибесінің әрі қарай дамуына жол ашты.

Әрбір көркем шығармаға арқау болған жекелеген тақырыптар мен идеялар бір-бірімен тоғысып, ұштаса жалғасып, бір сағаға құяды. Осыдан келіп, оқырманда дәл осы шығармаға деген бүтін, тұтас бір көзқарас туады да, нәти­жесінде, шығармадағы ор­та­­лық, өзекті мәселе айқын­да­ла­ды. Алайда әр жаңа дәуір­дің оқырманы шығармаға өз ке­зе­ңінің идеяларын сіңіруі бұл заң­дылық. Мәселен, Кеңес зама­нындағы зерттеушілер жұмы­сын сол кездегі идеологияға не­гіз­деп жеткізуге мәжбүр болды. Себебі орта ғасыр әдебиеті жау­һарларының дені діни сипат алған туындылардан, дұрысы Ислам дінінің көркемдігін сөзбен на­сихаттаған шығармалардан тұр­ды. Түркітанушы Т.Қыдырдың сөзімен айтқанда: «Ортағасыр­лық әдеби жәдігерлерді зерт­теу­дегі ­басты кедергі – ол шығар­ма­лардың діни астар алуында, не дінді көркем тілмен үгіт­те­уін­де еді». Алайда ғалымның: «Хорезми творчествосы әр қы­рынан қарағанда әртүрлі құл­пыратын, тылсым сыры тереңде жасырынған асыл тас тәрізді, әр қилы мәселе ретiнде жаңа қасиет­тері ашылып, əдеби таны­­мымызды байыта беретiн шы­ғар­ма» деуінің өзі ашық айтпаса да, шығарманың діни астарын меңзеп тұрғандай көрінеді. Ендігі біздің міндет, кеткен олқы­лықтардың орнын толтырып, тақырыпты жаңа көзқараспен түсіндірудің теориясы мен әдіс­темесі, герменевтиканың қа­ғи­­да­­ларына негіздей отырып, нама жан­рында жазылған шы­ғар­ма­лар­дың сопылық астарына мән бере зерттеу жүргізу.

 

Гүлбала ҚОШТАЕВА,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының докторанты