Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мәдениет Танауовтың дерегіне сүйенсек, қауіпті вирусқа шалдыққан адамдардың жас ерекшелігін әртүрлі деуге болады. Мәселен, 25 шілдеде коронавирус инфекциясын жұқтырған 61 адамның арасында 49 ересек тұрғын, 14 жасқа дейінгі 12 жасөспірім бар. Ал кеше 68 адамнан COVID-19 белгісі анықталды. Атап айтқанда, Атырау қаласында – 55, Қызылқоға ауданында – 5, Махамбетте – 4, Жылыойда – 3, Құрманғазы ауданында 1 адам «жаман» тұмаудың шырмауына ілініп отыр.
– Қазір коронавирус инфекциясына шалдыққан 600 адам өз үйінде ем-дом қабылдап жатыр. Ал №2 облыстық аурухананың инфекциялық стационарында 52, аудандардағы инфекциялық стационарларда 14 науқас ем алу үшін оқшауланды. Шілде айының 18-24 күндері 322 адамнан коронавирус инфекциясы расталды. Демек, бұл дерек 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіштің 48,3 жағдайын құрады. Өткен аптадағы көрсеткішпен салыстырғанда қауіпті вирусқа шалдығу екі есеге өсіп отыр. Алайда қыркүйек айында бұл көрсеткіш 10 есе көбейіп, тәулігіне 600-800 адамнан коронавирус инфекциясы анықталуы мүмкін деген болжам бар, – деді М.Танауов.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, тұрғындар арасында вакциналау мен ревакциналау қарқыны төмендегені байқалады. Атырау облысында вакцина алатындар тізіміне 365 760 адам енгізілген.
– Соңғы алты айда вакцинаның бірінші компонентін алғандардың саны 2,4 есе төмендеп отыр. Вакцинаның екінші компонентін салдырғандар қатары 3,1 есе азайған. Ал ревакциналаудан өтетіндер санатына жататын адамдар саны – 250 601. Бірақ биылғы бірінші жартыжылдықта ревакциналау көрсеткіші 1,1 есе төмендеді. Қазір инфекциялық стационарларда ем алып жатқан науқастардың 80 пайызы – вакцина алмаған адамдар. Сондықтан осындай адамдардың арасында қауіпті вирусты жұқтыру көрсеткіші көбейіп тұр, – дейді А.Байдуәлиев.
Облыстық денсаулық басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 27 шілдедегі дерекке сәйкес вакциналардың бірінші компонентін 272 943 адам ектірген. Вакциналардың екінші компонентін 259 447 атыраулық салдырған. Қайта вакциналаудан 101 270 адам өткен. Pfizer екпесінің бірінші компонентін 18 374, екінші компонентін 14 804 адам алғаны белгілі болып отыр. Дәл осы вакцинаны қайталап салдырғандар саны 37 979 адамды құрады.
Атырау қаласындағы №7 емханада екі вакцина пункті бар. Оның бірі емханада, екіншісі «Дина» сауда орталығында орналасқан. Емхана директорының орынбасары Нұрбақыт Көпжановтың айтуынша, осы кезге дейін аталған пункттерде вакцинаның толық компонентін 14 702 адам салдырған. Ал ревакциналаудан 5 702 адам өткен.
– Біздің емхананың қоймасында вакциналардың 1 671 дозасы сақтаулы тұр. Тамыз айында вакцинаны тағы да алғалы отырмыз. Емхана пункттерінде вакцина салдыру қарқыны үдей түсті. Мәселен, 25 шілдеде 173 адам вакцина салдырды. Бұған қалаға студенттер мен талапкерлердің көп келуі, тұрғындардың шетелге демалысқа баруға дайындалуы себеп болып отыр, – дейді Нұрбақыт Көпжанов.
Атырау облысы