Аймақтар • 28 Шілде, 2022

Қала жолдары қарқынды жөнделуде

396 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Шымкент қаласында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3 мың шақырымнан асады. Оның жартысынан көбі – асфальтбетон жолдар. Мың шақырымдайы – шағал тас төселген көшелер. Қалған 150 шақырымнан аса жолы топырақ. Жергілікті әкімдік 2022 жылдың соңына дейін асфальтбетон жамылғысы бар және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесін 67,4 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл межені орындау үшін қала билігі тиісті жұмыстарды қолға алып жатыр. Бүгінгі таңда мегаполистің 351 шақырым жолында жөндеу жұмыстары қызу жүргізілуде. Соның 67 шақырым жолы жаңадан салынады немесе қайта жаңартылады. Қалғаны бойынша орташа немесе күрделі жөндеу жүріп жатыр. Қала әкімдігінің жоспарына сәйкес асфальт жолдардың үлесі жыл сайын арта бермек. Мәселен, 2025 жылға қарай шамамен 80 пайызға жеткізіледі.

Қала жолдары қарқынды жөнделуде

Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мә­лі­метінше, 2022 жылы жос­пар­ланған 308 көшенің 190 көшесінде жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Барлық көшені жыл соңына дейін аяқтау жоспарда бар.

Дәл қазіргі таңда мегаполис­те 190 нысанда жол-құрылыс жұ­мыс­тары атқарылуда. Оның­ екеуі Рысқұлов – Қонаев, Бәйдібек би – Арғынбеков көше­лерінің қиылы­сындағы жолайрық құ­рылысы болса, қалғаны – 6 кезең­­нен тұратын Қонаев көше­сі­нің, Оңтүстік, Шығыс айналма жолдарының, Самал-1, 2, 3 ша­ғынауданы көшелерінің, екі кезеңге бөлінген Өтегенов кө­ше­сінің құрылыс жұмыстары. Бұ­дан бөлек А-2 жолы, Адыр­бе­ков көшесі қайта жасалып жатса, Ақжайық, Қайтпас-1, Тассай шағынаудандарының жолдары мен Қошқарата өзені арқылы өтетін 2 көпір күрделі жөндеуден өтуде.

Биыл ірі нысандар қатарына кіретін Қонаев даңғылы үш кезе­ңінің, Қонаев – Рысқұлов жол­ай­рығының және Самал-1, 2, 3, шағынаудандарындағы жол­­дардың құрылысы аяқта­ла­ды. Сондай-ақ егер құ­ры­лыс жолағында жатқан жер учас­ке­ле­рін мемлекет мұқтаждығына қайтару мәселесі дер кезінде ше­шімін тапса, Шығыс және Оңтүстік айналма жолдарының құрылысы да мәресіне жетеді.

Жөнделген жолдар...

Бүгінге дейін қаладағы орташа жөндеу жұмыстары атқа­ры­лып жатқан 155 шақы­рым жол толығымен бітті. Жалпы, тамыз айының соңына дейін мегаполистегі Республика, Рыс­құ­лов, Иляев, Тәшенов, Ақназар хан, Клара Цеткин, Жолан батыр, Дулати, Мангелдин, Тоқаев сынды магистральді 10 көше жөндеуден кейін толық пайдалануға беріледі.

Мегаполистің әкімшілік аумақ­тарындағы жұмыстарға же­келей тоқталсақ, мәселен, Ең­бекші ауданына қарасты Базарқақпа тұрғын алабының кө­ше­лері толығымен орташа жөндеуден өтті. Оның ішін­де Шахайдаров, Тельман, Жас­тар, Ақшеңгел, Нарынкөл, Қорғамқұм, Ақыртас, Тәңіртау, Абдалиев және Жалпақтал кө­ше­­лері бар. Орташа жөндеу жұ­мыс­тары бұл көшелерде сәуір айында басталып, аяқталуы маусым айына белгіленген өндірістік кес­теден ауытқымады. Айта ке­ту керек, тұрғын алаптағы жөн­­делген көшелердің жалпы ұзындығы – 11 шақырым. Жо­ба­лық сметалық құжатта көр­се­тілгендей, барлығына 10 сан­ти­метр қалыңдықта асфальт төселді.

Өз кезегінде Қаратау ауда­нын­­дағы Шығыс айналма жолында құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Аталған жолды салу 2021 жылы басталып, биыл да құрылысы жалғасты. Шығыс ай­налма жолдың І кезеңі №1 авто­жолдан Әл-Фараби көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Құ­ры­лысқа жауапты мердігер мекеме – өңірге танымал «Отау Строй» ЖШС. Шығыс айналма жолының ұзындығы – 3,9 шақырым, төрт жолақты, ал ені 60 метр болады. Бүгінде құрылыс межесінің 28 пайызы орындалды.

Сонымен қатар Өтегенов көшесі құрылысының І кезеңі Шымкент Сити шағынауданынан Сырым батыр көшесі аралығын қамтиды. Бұл кезеңдегі жолдың жалпы ұзындығы – 970 метр, ені 28 метрді құрайды. Төрт жолақты жолдың бірінші ке­зе­ңі құрылысын жүргізіп жат­қан мердігер «Алем Транс Жол» компаниясы автомобиль жолының негізін жасап, ты­ғыз­дау жұмыстарын атқар­ды. Асфальтбетон қабаты да төселуде. Екінші кезеңдегі Өте­ге­нов көшесінің құрылысы Сырым батыр көшесі мен Төле­ме­тов көшелерінің аралығында жүреді. Бұл жерде жолдың ұзындығы – 970 метрге, ені 23,5 метрге тең. Автомобильдер төрт жолақта жүйткімек.

Жол құрылысы қарқынды

Қонаев даңғылының жол құрылысы бес кезең бойынша іске асырылып жатыр. Даңғылдың бесінші кезеңіндегі құрылыс Бадам өзенінен басталып, алтыншы кезеңге дейінгі аралыққа жалғасады. Құрылыстың бесінші кезеңіндегі жолдың ұзындығы – 4,6 шақырым, ені – 23 метр. Ал жол бойындағы аяқжолдың ені – 3 метр. Алты қозғалыс жолағы болады. Құрылыста жол негізін әзірлеу, тас төсеу, суағарларды, су өткізгіш құбырларды орнату секілді жұмыстар атқарылады. Жол түсетін белдеуде инженерлік желілерді ауыстыру жоспарда бар. Осында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың бірі – тірек қабырғаларын орнату. Оның ұзындығы мың метрден асса, биіктігі 15 метрге жетеді.

Бәйдібек би – Арғынбеков қиы­лысындағы жолайрық құ­ры­лысы қаладағы жол құры­лысы саласындағы ауқымды жо­балардың қатарына кіре­ді. Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиы­лы­сын­дағы жолайрық құрылысы бүгінде қарқын алған. Үш деңгейден тұратын жолайрық 2022-2023 жылдар аралығында салынып, қаланың көлік қоз­ға­лысын реттеуге үлкен септі­гін тигізбек. Ауқымды жобаны іске асырудың нәтижесінде, аталған көшелердің көлік өткіз­гіштік қабілеті екі есеге де­йін артады. Жолайрықтың тех­ни­ка­лық сипатына орай Бәйдібек би даңғылының 700 метрі, Арғынбеков көшесінің 921 метрі құрылыс аумағына енген.

– Жоба бойынша ені 80 метрлі төрт-алты жолақты авто­ма­гистраль салынып, жол жие­гіне жаяу жүргіншілер және веложол төселеді. Қазіргі уақытта Арғынбеков көшесі бойында тіреу қабырғалары орнатылып жатыр. Ал Бәйдібек би даңғылында көпір өткелі конс­трукциялары құрастырылуда. Жолайрықтың Бәйдібек би бойындағы көлік қозғалысы 6 шілде күні жабылған болатын. Жоспарға сәйкес, биыл 1 қыркүйекте аталған даңғылдың солтүстік бағыты көлік қозға­лы­сына жартылай ашылады. Ал оңтүстік бағытындағы көлік ағыны Арғынбековке қарай бұрылып, Байтұрсынов көше­сі­мен бойлай жүретін болады. Көлік қозғалысы үшін Арғын­беков көшесіне балама магис­тральдар ретінде Рысқұлов пен Төлеметов көшелері белгіленген. Ал Бәйдібек би даңғылына балама көшелер Бәйтереков, Шаях­ме­тов және Өтегенов таң­да­лды, – деді Шымкент қала­лық жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов.

а

Жолаушылар тасымалы кондукторсыз қызметке көшеді

2019 жылдың басында Үкі­мет Қаулысымен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» құрылған болатын. Аталған орталықпен Шымкент қаласының әкімдігі жолдың сапасын арттыру мақсатында арнайы келісімшарт бекіткен. Осыған сәйкес, қаланың көше­ле­ріне төселген әрбір асфальт қабатының нығыздығы орта­лық тарапынан тексеруден өтіп тұрады. Деректерге назар аударсақ, 2020 жылы 1 161 жол құрылысы материалдары ірік­теп алынса, оның ішінде, нормативтік талаптарға жауап бермегендерінің саны 603 болды. Былтыр да 1 285 жол құрылысы материалдары сыналып, оның 671-і нормативтік талаптарға жауап бермеген. Биыл жыл басынан бері қаладағы 108 нысанға тексеру жүргізілді. Соның нәтижесінде, 68 нысанда кемшіліктер мен ақаулар анықталды. Бұдан бөлек, жол құрылысы материалдарының 368 сынамасы іріктеліп, 241-і нормативтік талаптарға сәйкес келмеді. Іріктелініп алынған асфальтбетон үлгілерінің саны 280-ге жетті. Айта кету керек, жаңа кәсіпорынның сынама жұмыстарындағы міндеті ке­ңе­йіп, ауқымы артқан. Арнайы құрылғылармен жабдықталған жылжымалы зертхана соның дәлелі. Орталық мамандары құ­рылыс жұмыстары жү­ріп жат­қан жерге барып, қолда­ныс­тағы материалдардың сына­ма­сының талапқа сай болуын тексереді. Жалпы, орталықтың міндеті – автомобиль жолдарына сараптама жүргізу арқылы төселген жолдардың сапасы мен қауіпсіздігін қадағалау. Осы орайда Шымкентте салынып жатқан жолдардың сапалы еке­ні­не еш күмән жоқ.

Жол мен жолаушылар тасымалына жауапты мекеменің биылғы қолға алған тағы бір жаңалығының бірі – тамыздан бастап қоғамдық көліктер кондукторсыз қызмет жүйесіне кө­ше­ді. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, қалада тұрақты бағытта қатынайтын 78 маршрут болса, осы маршруттармен күнделікті мыңға жуық автобус жолаушыларды тасымалдайды. Өз кезегінде қоғамдық көліктерде екі мыңдай кондуктор жұмыс істейді. Енді тамыз айында автобусқа мінген жолаушылар өз-өздеріне қызмет көрсетеді. Мұның алдында бір­не­ше маршрутқа қанат­қақты жоба ретінде бұл баста­маны тәжірибеден өткізіп көрген. Қала әкімдігі ендігі жерде барлық автобусқа осы тәжірибені енгізіп, заман талабына сай жолаушылар тасымалын кондукторсыз қызметке көшіруді ұйғарып отыр.

 

Шымкент