Бұдан бұрын газетімізде хабарланғандай, Астанада Азия даму банкі Басқарушылар кеңесінің биылғы жылғы 47-ші мәжілісі өтуде. Мұндай халықаралық үлкен жиын 2013 жылы дәл осы уақытта Үндістанның астанасы Дели қаласында өткен болатын. Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Азия даму банкі Басқарушылар кеңесінің Қазақстандағы 47-ші мәжілісінің ресми түрде ашылу салтанатына қатысып, сөз сөйледі.
Қазақстан басшысы өз сөзінде мәжілісті өткізуге біздің елімізді таңдап, зор сенім білдіргендері үшін Азия даму банкінің барлық мүше-мемлекеттеріне алғыс сезімін білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылы Қазақстанның Азия даму банкімен (АДБ) серіктестік қарым-қатынас орнатқанына 20 жыл толатындығын да атап көрсетті.
Осы жылдар ішінде Банк біздің елімізге 3,5 миллиард доллар инвестиция салды. Өткен жылдан бастап Қазақстан Банктің доноры атанды. Біздің еліміз Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы бағдарламасына белсенді қатысады. Осы жұмыстың шеңберінде Банкпен бірлесе отырып, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін қайта құру мақсатындағы маңызды жоба іс жүзіне асырылады, деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті біздің еліміздің және АДБ-ның бірлескен қызметі жалпы азиялық өңірдің экономикалық өсімін қамтамасыз етуге бағытталғандығын атап көрсетті.
Қазақстан өзара инвестицияны қорғау туралы Азияның 14 мемлекетімен келісім жасалған. Азиялық инвестиция 2013 жылы жалпы құрылымда 17 пайызға жетті. Азия даму банкі Орталық Азия, Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі ұзақ мерзімдік инвестиция тартудың маңызды көзі болып табылады. Оның үстіне Банк беделі Азия-Тынық мұхиты өңірінің шеңберінен асып кетеді, оған АҚШ, Канада, Германия сияқты әлемнің дамыған елдерінің қатысуы дәлел болады. Банктің инклюзивтік және тұрақты өсімді ынталандыру жөніндегі нақты стратегиясы, сонымен бірге, интеграцияны дамытуды қолдауы әлемдегі көптеген адамдарға өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Тек соңғы ондаған жылдың ішінде ғана АДБ-ның қолдауымен миллиондаған жастар сапалы білім алуға, миллиондаған үй шаруашылықтары сапалы ауыз су және электр қуатына қолжетімділікке, өңірдің миллиондаған тұрғындары әлеуметтік қызмет стандарттарын арттыруға мүмкіндік алды, деп атап көрсетті Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев 47-ші мәжілістің «Жаңа Жібек жолы: Азияны өзгерістегі әлеммен ұштастыру» атты негізгі тақырыбы біздің еліміздің тарихымен ерекше үндесетіндігіне назар аударды. Бүгін біз Ұлы Жібек жолын жаңғыртудың жаңа дәуірінің басталғанына куә болып отырмыз. Оның Азияны дамыту жолында жаңа дәуір болатындығына сенімдімін. Оның бірқатар алғышарттары бар. Бұл – Қытай, Үндістан, Жапония, Корея және басқа да бірқатар мемлекеттерді біріктіретін ең серпінді түрде дамушы өңір. Бұл ең ірі тұтынушылық сұраныстың негізін қалыптастыратын әлемнің адамдар ең көп қоныстанған өңірі болып табылады. Сарапшылардың пікірі бойынша, 2050 жылға таман әлемдік сауданың, инвестицияның және ІЖӨ-нің жартысынан астамы Азияда шоғырланатын болады. Бұл үрдістерге өндірістік қуаттардың өсуі, ірі агломерациялардың құрылуы, урбанизация қарқынының артуы ерекше қолдау көрсететін болады. Мұндай сценарий өңірдің жаңадан өркендеу кезеңінің және «Азия ғасырының» басталғандығын паш етеді, деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті өңір экономикасын дағдарыстан кейін қалпына келтіру өте өзекті міндет болып отырғандығын атап өтті. Дамушы рыногы бар көптеген елдер үшін кедейшілікті төмендету, шағын және орта бизнес, жекеменшік секторды одан әрі дамыту үшін елеулі құрылымдық өзгерістер жасауға тура келеді.
Нұрсұлтан Назарбаев Азия мемлекеттерінің арасында, сондай-ақ, басқа да интеграциялық бірлестіктер арасында ынтымақтастық шекарасын кеңейту қажеттігі туралы пікірін білдірді.
Ашықтық, теңдік және өзара тиімділік үдерістеріне негізделген өңірлік интеграция жемісті дамудың сенімді тетігі болып табылады. Бүгін біз Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі ішкі өңірлік интеграцияның күшейгендігіне көз жеткізіп отырмыз. Оңтүстік-Шығыс Азияда экономикалық интеграция саласы белсенді түрде кеңейіп келеді. Қазақстан Ресеймен және Белоруссиямен Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі үлкен жұмысты жалғастыруда. Біз қазірдің өзінде Кеден одағы шеңберінде интеграцияға кірдік, біз бұл үрдісті одан әрі тереңдету және өзара ықпалдастығымызды кеңейтуге мүдделіміз. Сонымен бірге, біз ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздер үдерісін аяқтап келеміз және биылғы жылы бұл ұйымға толық мүше боламыз деген үміттеміз, деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті жалпы интеграциялық үдерістерді Ұлы Жібек жолын жаңғырту мақсаты төңірегінде құру мүмкіндігін атап өтті.
Жібек жолының бүгінгі күнгі аумағында қоныстанған елдердің рыногы өзінің ауқымы және әлеуеті жөнінде баламасыз болып табылады. Мұнда үш миллиардтан астам адам өмір сүреді. Бұл ретте негізгі идея дәліздік сауда тасқынын дамыту ғана емес, сонымен бірге, мәдени байланыстарды және көп тарапты ынтымақтастықты нығайту, өңірде қолайлы іскерлік ахуалды қалыптастыру, қаржы рыногын интеграциялау, қосымша құнның жаңа жүйелерін қалыптастыру болып табылады, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы бағдарламасы шеңберінде өңірдің 10 мемлекетінің серіктестікті дамыту жөніндегі жемісті тәжірибесін еске салды. Осы игі тәжірибенің нәтижесінде ортақ экономикалық және көліктік инфрақұрылым қалыптасуда. Азияның барлық мемлекеттері арасындағы іскерлік, мәдени, энергетикалық, көлік, экономикалық және сауда байланыстарын нығайту және интеграциялық үдерістер шекарасын кеңейту арқылы бұл бастаманы жан-жақты қолдау және кеңейту қажет. Қазақстан осындай қарым-қатынастарды дамытуға толық мүдделі. Еуропа және Азияның өзара тоғысқан жеріндегі Орталық Азияның өте қолайлы жерінде орналасқан біздің еліміз өңірлердің байланысын нығайта отырып, мұндай интеграция үшін қажетті барлық жағдайларды жасауға дайын. Осы өңірдің ең ірі экономикасы және ең қарқынды дамып келе жатқан ел ретінде Қазақстан өзінің тәжірибесі және ресурстары арқылы көмек көрсете алады, деді Мемлекет басшысы.
Сөзін қорытындылай келе, Нұрсұлтан Назарбаев Басқарушылар кеңесінің мәжілісі жалпы әлемдік экономиканы дамытуға жаңа серпін беретіндігіне сенім білдірді.
Азия даму банкі адамдардың өмірін жақсарту, сол арқылы Азия өңірін және барлық әлемді біріктіру мақсатында маңызды рөл атқарады. Өз кезегінде біз АДБ-мен жемісті ынтымақтастығымызды жалғастырамыз және Банктің игілікті миссиясын іс жүзіне асыруға қолдау көрсетуге дайынбыз, деді Қазақстан Президенті.
Азия даму банкі Басқарушылар кеңесінің Қазақстандағы 47-ші мәжілісінің ресми түрде ашылу салтанатына арналған мәжілісте сөз алған АДБ-ның президенті Такехико Накао Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа бүгінгі шараға қатысқаны үшін зор алғыс сезімін білдірді. Одан әрі Банк президенті Такехико Накао «Өңірде қызмет көрсету сапасын жақсарту және мемлекеттерде жүргізілетін операциялардың тиімділігін арттыру мақсатында АДБ-ның жұмысын реформалау» деген тақырыпта баяндама жасады.
Мен бүгін осы мәжіліс аясында Қазақстан және Азия даму банкі жаңа Шектік келісімге қол қоятындығын қанағаттанғандық сезіммен атап өткім келеді, деді ол өз сөзінде. Осы Шектік келісім негізінде Қазақстанның Ұлттық қоры және АДБ Қазақстанның инклюзивтік өсімі, тұрақты дамуы және экономиканы әртараптандыруды қаржыландыру бағытында бірлесе жұмыс істейтін болады. Сонымен бірге, баяндамашы Азия-Тынық мұхиты өңірінде кедейшілікті азайту және экономикалық өсімге қол жеткізу мақсатында бірқатар жетістіктерге қол жеткендігін атап көрсетті.
Сонымен бірге, баяндамашы Азия-Тынық мұхиты өңірінің дамуындағы бірқатар экономикалық болжамдарына да тоқталып өтті. Оның айтуынша, 2013 жылы бұл өңірдегі ІЖӨ 6,1 пайызға өскен. Болжам бойынша 2014 жылы бұл көрсеткіш 6,2 пайызды, ал 2015 жылы 6,4 пайызды құрайтын болады. Бұл ретте бірқатар өңірлік экономикалардың өсімінің төмендеуі де мүмкін. Қалай болғанда да, дамушы Азия бүгінгі күні бұрынғыға қарағанда, қандай да бір қатерлерге сенімді түрде қарсы тұруға дайын.
Өткен жылы Дели қаласында уәде еткенімдей, біз АДБ-ның ұзақ мерзімді стратегиясы – Стратегия-2020-ға кешенді шолу жасадық. Бұл шолу біздің соңғы 5 жыл ішінде атқарған қызметімізге баға береді, деді баяндамашы. Осы шолуда атап көрсетілгендей, өңірдегі кедейшілік ауқымы негізгі қатерлердің бірі болып табылады. 700 миллионнан астам адам тәулігіне бар болғаны 1,25 доллар қаржы тұтынатын кедейшілік шегінде өмір сүруде. Бұл Азиядағы барлық халықтың 20 пайызын құраса, әлемдегі кедейшілікте өмір сүретін тұрғындардың 60 пайызын құрайды. Алайда Азия соңғы кезде кедейшілік деңгейін төмендетуде бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. 1,25 доллар тұтыну деңгейі осыдан 10 жыл бұрын белгіленген деңгей болатын. Бүгін бұл меже Азия-Тынық мұхиты өңірінде орналасқан адамдардың үмітін ақтауға кепіл бола алмайды. Бүгінде бұл меже азиялық көптеген елдердегі ең төменгі тұрмыс деңгейін ұстап тұруға да жетпейді. Мәселен, осыдан біраз жыл бұрын ұялы телефон барлықтың белгісі болса, бүгінде бірінші кезектегі қажеттілік болып қалды. Бүгінгі таңда 1,6 миллиард адам тәулігіне 2 доллар ғана тұтынатын сұраныс деңгейінде өмір сүруде.
Бұл адамдарға жұмыссыздық, инфляция, құрғақшылық қатерлері барынша қатты әсер етеді. Өңірдегі мемлекеттердегі ішкі теңсіздік деңгейі жылдан-жылға артып барады. Осы орайда АДБ-ның міндеті – дамушы мүше-мемлекеттерде кедейшілікті жоюға, теңсіздікті қысқарта отырып, тұрғындардың әртүрлі деңгейіндегі тұрмыс дәрежесінің өсуіне көмек көрсету болып табылады.
Көптеген басқа да жағдайлар жауап күтуде, олар: инфрақұрылымдағы үлкен олқылық, қоршаған ортаның нашарлауы және климаттың өзгеруі және мұндағы мәселе өңірлік ынтымақтастық пен ықпалдастықтың әлеуетін қалайша барынша пайдалану болып табылады.
Солай десек те, өңірімізде көптеп саналатын табысы орта елдер қалаланудың жылдам қарқыны, халықтың қартаюы сияқты, қоршаған ортаны қорғау және «орта деңгейдегі табыстың ілмегінен» қалай қашуға болады деген проблемалармен соқтығысуда.
Өңірдегі ахуал өте жылдам өзгеруде. Осыған байланысты Азия даму банкі де өзгеріп отыруға тиіс деді баяндамашы. АДБ мүше мемлекеттерге кездескен қиындықтарды жеңуі үшін мақсатты көмек түрлерін көрсетудегі қызметін күшейтуі керек. Осы ретте бүгін мен жеті стратегиялық басымдықты атап көрсеткім келеді, деді баяндамашы.
Бірінші, бұл инклюзивтік өсу. Бұл ретте АДБ өзінің білім беру, денсаулықты сақтау, әлеуметтік қорғау және кәсіпкерлік салаларындағы қызметін арттыратын болады. Қыз балалардың оқуы үшін инвестиция бөлу және әйелдер үшін жалақы алу мүмкіндігін арттыру арқылы гендерлік мәселелерді шешуге басымдық берілетін болады. Екінші, ауа райының өзгеруі және табиғи апаттарға қарсы тәуекелдерді басқару. Өңір соңғы кезде жиі және жойқын табиғи апаттармен бетпе-бет келіп отыр. АДБ-ның штаб-пәтері орналасқан Филиппиндегі Хайань дауылы әкелген апат салдары бұл өңірдегі табиғи апаттардың шығыны зор болатындығын көрсетті. Дауыл мектептер мен көпірлерді қиратты, егін алқаптарын жойып жіберді, 4 миллионға жуық адамды баспанасыз қалдырды. Күйзеліске ұшыраған аймақтарға көмек көрсету мақсатында АДБ жалпы құны 900 миллион доллар болатын бағдарламаны іс жүзіне асыруда. Үшінші, өңірлік ынтымақтастық және интеграция. Бұл ретте Банк инфрақұрылымдарды, трансшекаралық жолдарды және электр желілерін дамытуға инвестиция салатын болады. Төртінші, бұл – инфрақұрылым. Бүгінде өңірде инфрақұрылымның жетімсіздігі ерекше белең алған. Сондықтан АДБ операцияларының негізгі мақсаты инфрақұрылым болып қалуда. Бұл мақсаттағы ресурстарды тиімді пайдалану үшін біз мемлекеттердің өзінен, жекеменшік саласынан және басқа серіктестерден инфрақұрылымды дамыту үшін ірі инвестициялар тартамыз. Бесінші, бұл – орта табысты мемлекеттер. Бұл мемлекеттерге тиімді қолдау көрсету мақсатында да бірқатар тиімді бағдарламалар жүзеге асырылуда. Алтыншы, бұл жекеменшік саланы дамыту болып табылады. Әлеуетті жекеменшік сектор өңірді дамытудың маңызды тетігі болып табылады. Ол ірі инвестициялық сұраныстарды қанағаттандыруға, жұмыс орындарын ашуға және кедейшілікті қысқартуға мүмкіндік береді. Осы орайда біз мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамытуға көмек көрсетуді одан әрі кеңейтетін боламыз. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызмет көрсетуді жақсартуға және ауқымды жекеменшік инвестициялар тартуға жағдай жасайды. Жетінші, бұл АДБ-ның білімді дамыту мақсатындағы жұмысы болып табылады. Бұл ретте АДБ мүше мемлекеттердегі білім жүйесін жақсартуға барынша басымдық береді.
АДБ жинаған ақпаратын беру және білімін тарату жұмыстарын нығайтады. Көптеген елдер АДБ-дан өзге елдерде жұмыс істей отырып жинаған үздік практикасын алуға қызығушылық танытуда. Елдердегі АДБ-ның тұрақты өкілдіктері түрлі департаменттердің қызметтерін үйлестіруде және «бір АДБ» қағидасы бойынша қатысушы елдерге қызмет көрсетуде басты рөл атқарады.
Өңірдің үлкен қаржылық қажеттілігін есепке алып, АДБ қаржылық мүмкіндіктерін нығайту және кедейшілікті қысқарту үшін қолдауды күшейту мақсатында өз ресурстарын оңтайландыру жолдарын іздестіретін болады. Осы себеппен АДБ Азия даму қорының (АДҚ) кредиттік ресурстарын Қарапайым кредиттік ресурстарымен (ҚКР) араластыруды ұсынады. Егер ұсыныс мақұлданса, ол бізге кредиттік мүмкіндіктерімізді арттыруға және бір уақытта АДҚ донорларына жүктемені қысқарта отырып, табысы төмен елдерге қолдауды күшейтеді, деп көрсетті президент. «Бұл сонымен қатар АДБ-ның болашақта табиғи апаттар мен экономикалық дағдарыстарға жауапты қоса алғанда, кез келген қаржылық қажеттіліктерге ден қою қабілетін арттырады».
Қаражатты барынша мақсатты пайдалану және жақсы нәтижелерге қол жеткізу үшін Банк өзінің бизнес-процестерін жетілдіріп, елдердегі өз операцияларының тиімділігін арттырады. Бұған қоса, АДБ қатысушы елдерге жақсы қызметтер көрсету үшін шешім қабылдауға қабілетті кәсіптік-техникалық кадрларды тартып, өздерінде ұстайтын болады. Мен бізде өңірдің ағымдағы және болашақ қажеттіліктеріне ден қою үшін қажетті барлық кәсіптік дағдылардың болуын қамтамасыз етемін, деді АДБ басшысы.
Азия-Тынық мұхиты өңірі өзгерді. Бүгінде бұл өңірде кедейшілікті азайту мақсатында ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда. Табыс артып келеді және АДБ-ға мүше көптеген дамушы мемлекеттер орташа табысы бар мемлекеттер қатарына қосылды. Дегенмен, өңірде шешілмеген проблемалар ауқымы да үлкен. Осыған байланысты Азиядағы ірі даму институты ретінде АДБ-ның алдында тұрған міндеттер де зор. Берік ынтымақтастықта жұмыс істей отырып, белгілі мақсат пен сенімділікті бағдар етіп, біз Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі халықтардың өмірін жақсарту мақсатында игі нәтижелерге қол жеткізе аламыз, деді сөзінің қорытындысында Азия даму банкінің президенті Такехико Накао.
Астанада өтіп жатқан Азия даму банкі Басқарушылар кеңесінің 47-ші мәжілісі бүгін аяқталады. Төрт күнге созылған ауқымды халықаралық шара аясында көптеген маңызды кездесулер, конференциялар, пікір алмасулар, пленарлық отырыстар ұйымдастырылды. Соның бірі Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен Халықаралық инвестициялық конференция. «Invest in Kazakhstan» деп аталған шара Орталық Азия аймақтары және Еуропа бизнесмендері мен саясаттанушыларының үнқатысу алаңына айналды десек артық айтқандығымыз болмас. Оған министрлер, экономистер, сарапшылар мен даму институттарының басшылары, банк өкілдері, шағын және орта бизнес өкілдері, сондай-ақ Қазақстанда жұмыс істейтін халықаралық инвестор компаниялардың басшылары қатысты.
Конференцияны Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев жүргізіп отырды. Ә.Исекешев өзінің алғысөзінде Қазақстанның бүгінгі инвестициялық ахуалын жан-жақты баяндады. Оның айтуынша, Қазақстан Орталық Азияда инвестиция тарту жөнінен көшбасшы болып табылады. «Реформалардың қарқыны кеміген емес, инвестициялық климатты жақсартуға, адам ресурстарын және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жаңа серпінді жобалар іске асырылуда. Қазақстан үшін ең басты басымдық – индустрияландыру бағдарламасы. Бізде ең бірінші кезекте тұрған 6 басым сала бар. Бұл азық-түлік өндірісі, металлургия, химия, машина жасау, құрылыс материалдары, сонымен қатар біз жұмыс орындарын ашуға серпін беретін туризм, фармацевтика мен жеңіл өнеркәсіпті белсенді қолдайтын боламыз», деді министр. Бұдан әрі ол елімізде қарқын алған Кеден одағы аясындағы іс-шаралардың инвесторлар үшін тиімді жақтарына тоқталды. Қазіргі уақытта қазақстандық компаниялар осыдан бірнеше жыл бұрын болған рынок жағдайынан мүлде бөлек ортада дамып жатқанын айтып, бұл Ресей және Беларусь елдерімен құрылған интеграциялық одаққа байланысты болып отырғанын алға тартты. Кеден одағы дегеніміз – 170 миллион адамға тең рынок дей отырып, Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына енуге талпынып жатқанын, бұл өз кезегінде экономиканы одан әрі бәсекеге төзімді ете түсетінін тілге тиек етті.
«Қазіргі уақытта біз инвесторларға тиімділігі жоғары әрі ыңғайлы жаңа пакеттер дайындаудамыз. Ол инвестициялық тетіктерді құру және қолдау ғана емес, сондай-ақ түрлі кедергілерді жою қадамдарын қамтитын болады. Біз 10 еркін экономикалық аймақ құруды жоспарлаудамыз және оған халықаралық басқару компанияларын тартуды көздеп отырмыз. Қазақстанда әлеуетті жобалар да іске асатын болады, олар – ірі мұнай-газ және тау-кен, геологиялық барлау жобалары. Ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылымдарды дамыту саласы да өте тартымды. Азиялық кәсіпкерлерді Қазақстандағы жобаларды іске асыруға шақырамын, біздің ел арқылы Ресей, Беларусь елдерінің рыногына, Орталық Азияға шығу мүмкіндігі пайда болады. Логистикалық жобаларды дамыту арқылы біз Қытаймен арадағы шекарада және Каспийде жүк порттарын, логистикалық орталықтар салуды жоспарлаудамыз. Бұл өз кезегінде Қазақстанға тиімді транзиттік ел атануға көмектеседі», деді Ә.Исекешев.
Конференцияда Азия даму банкінің Қазақстан атынан басқарушысы – Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев та баяндама жасады. Министр өз кезегінде Қазақстан экономикасына тартылатын инвестицияларды арттыруға көмектесетін нормалары бар заң жобаларын Үкімет Парламентке 2014 жылдың шілдесінде енгізетінін атап өтті.
Жаңа «инвестициялық пакет» Парламентке бекіту үшін биылғы жылдың шілдесінде ұсынылады деп күтілуде, деді Е.Досаев.
Сондай-ақ, ол шетелдік инвесторларға арналған қолайлы жағдайлардың жаңа пакетіне енетін шаралар тізіміне тоқталды. Біріншісі – «жасыл дәліз» қағидасына сәйкес визалық тәртіпті оңтайландыру. Бұл шара аса дамыған елдердің азаматтарына біржақты тәртіппен 90 күнге дейін визасыз елге кіру, сондай-ақ шетелдік компаниялардың құрылымдық бөлімшелері басшыларына инвесторлық визалар беру мүмкіндігін қарастырады. Екінші шара – инвестициялық жобаларды іске асыруға шетелдік жұмыс күшін тарту жөніндегі процедураларды жеңілдету. Бұл бастама аясында инвесторларға инвестициялық жобаны іске асыру мерзіміне толықтай шетелдік жұмыс күшін тарту және нысанды пайдалануға берілгеннен кейін бір жыл мерзімге квотасыз әрі рұқсатсыз шетелдік жұмыс күшін тарту құқығы берілмек. Үшінші шара – шетелдік инвесторлар үшін заңнаманың өзгермеуіне кепілдік беруді енгізу. Министрдің айтуынша, қазіргі таңда ұзақ мерзімге болжамды реттеу тарифтері мен бағалардың, салық, көші-қон және экология салаларына қатысты заңнамалардың 10 жылға дейін «тұрақтылығы» қағидаттары әзірленіп жатыр.
Заңнамалық түзетулердің төртінші тобы шетелдік инвесторлардың халықаралық коммерциялық арбитражға шығу мүмкіндігін кеңейтуді қарастырды. Бесінші шара – инвестициялық жобалар аясында трансұлттық компанияларға қосымша қолайлы жағдайлар туғызу. Ал қосымша ынталандырулар ретінде нысан пайдалануға берілген соң мемлекет тарапынан капиталдық шығынның 30 пайызын инвестициялық субсидия өтемақысы ретінде беру, 10 жылға дейін корпоративтік табыс салығынан босату, мемлекеттік мекемелер, ұлттық компаниялар және ұлттық холдингтер тарапынан инвесторлар қызметіне ұзақ мерзімге кепілді тапсырыс беру сияқты жеңілдіктер ұсынылған. Алтыншы шара инвесторларға рұқсатнама және олар сұраған мәліметтерді беру мәселелерін реттеуді «бір терезе» қағидатына сәйкес етіп Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Инвестициялар жөніндегі комитетіне тапсыру болмақ. Жетінші шара – ауылшаруашылық тауарларын өндіруге инвестиция салған шетелдіктер үшін тауарларын өндіруге кеткен электр қуаты мен тасымалдауға жұмсаған шығынының бір бөлігін субсидиялау, сондай-ақ ауыл шаруашылығын жүргізуге арналған жерлерді жалға алу мерзімін ұзарту. Министр атап өткендей, Қазақстан Азия даму банкімен 20 жылдай табысты ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді. Осынау аз ғана тарихи мерзім ішінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Атап айтсақ, тәуелсіздік алғалы біз өз экономикалық әлеуетімізді екі есеге арттырдық. Елдің ішкі жалпы өнімі абсолюттік мағынада 1994 жылғы 11 млрд. АҚШ долларынан 2013 жылы 220 млрд. долларға өсті.
Конференцияда сондай-ақ, Қазақстан тарапынан «Бәйтерек» ҰБҚ басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев, Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров, Көлік және коммуникациялар министрі Махмұт Қасымбек, шетелдік қонақтар арасынан ЭСКАТО-ның атқарушы хатшысы Шамшад Ахтар, «Тойота Мотор Европа» президенті Дидье Леруа сөз сөйледі. Конференция қатысушылары елге қаржы салымын тартуға мүмкіндік туғызатын Қазақстанның экономикалық, қаржы жүйесі мен мемлекеттік саясатының дамуын, сонымен қатар аймақтық, сол сияқты ғаламдық ауқымдағы мүмкіндіктерін талқылады. Мұның барлығы Қазақстанда өндірілетін тауарлар мен өнімдердің бірлескен жобаларына инвестиция тарту, сонымен қоса, отандық және шетелдік өндірушілер арасында сауда және іскерлік қарым-қатынастарды орнатуды көздеп отыр.
Іс-шара аясында сонымен қоса, шетелдік әріптестердің Қазақстанның экспорттық және индустриялық болашағына толықтай көз жеткізу үшін инвестициялық жобалардың көрмесі өткізілді.
* * *
Азия даму банкінің басты мақсаттарының бірі Азия елдеріндегі кедейшілікті төмендету мәселесі екені рас. Басқарушылар кеңесінің 47-мәжілісі барысында бұл тақырып та назардан тыс қалған жоқ. Инклюзивтік өсу жолымен әлеуметтік кірістер мәселелеріне арнаған талқылау осы мәселені қаузады. Семинарға Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жапондық агенттіктің вице-президенті Шигеру Кияма, CIBC инфрақұрылымдық қаржыландыру тобының ғаламдық даму жөніндегі директоры және басқарушы директоры Лорен Махон, Қазақстан Республикасы Мемлекет-жекеменшік әріптестігі орталығы, директорлар кеңесі вице-төрағасы Ғалымбек Мамраев және Үндістандағы АДБ басқарушысының орынбасары және Үндістан Үкіметі қаржы министрлігі, экономикалық істер департаментінің хатшысы Арвинд Майарам, тағы басқалар қатысты. Талқылауға Австралия қаржы министрі, парламенттік хатшысы Стивен Киобо жетекшілік етті.
Кедейшілікті төмендету мақсатында Орталық Азия үшін мүлдем жаңа бағыт – мемлекет-жекеменшік әріптестігі және ремуниципализациялау ұсынылып отыр. Атап өтерлігі, қазіргі таңда Азия мен Тынық мұхиты жағалауындағы елдерде айтарлықтай экономикалық өсу байқалады. Алайда, ол бірінші кезекте экономиканың өндіруші саласына негізделген. Бір жағынан бұл құптарлық. Өйткені, табиғи ресурстарды өндіру саласы дамиды, жаңа жұмыс орындары ашылады, бюджет қаржысы молаяды, әлеуметтік бағдарламалар табысты жүзеге асырылады. Соған қарамастан, шикізаттың әлемдік бағаға қатты тәуелділігі, экономиканың тұрақтылығына, сәйкесінше мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындау қабілеттілігіне қауіп төндіреді. Сондай-ақ, көптеген елдерде қалалық және ауылдық тұрғындардың өмір сүру деңгейінде айтарлықтай айырмашылықтар байқалады. Мұндай айырмашылықтар әсіресе, халықтың көп бөлігі ауылда тұратын Орталық Азия аймақтары үшін алаңдаушылық туғызарлық дәрежеде.
Бұл проблеманы шешудің бір жолы жеке кәсіпкерлік дейді сарапшылар. Себебі, шағын және орта бизнес кез келген мемлекетте экономиканың қорғаны болып табылады. Әйтсе де, шағын бизнестің дамуында мемлекеттің рөлі айрықша. Ол шағын кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай туғызып, кедергілерді жоюға ықпал етеді. Бұл жерде мемлекет-жекеменшік әріптестігі институты аса тиімді құрал болып табылады. Халықаралық тәжірибеде мемлекет-жекеменшік әріптестік негізіндегі жобалардың дені тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында жүзеге асырылады. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі тетіктері арқылы жобаларды орындаудың тиімді секторлары сумен қамтамасыз ету, жылу және көгілдір отынмен қамту, сондай-ақ, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу болып табылады. Азия даму банкі жиынында дәл осы тақырыпқа айрықша назар аударылды. Мемлекет-жекеменшік әріптестігінің көмегімен қайта муниципализациялау арқылы азаматтардың әл-ауқатын көтеру дұрыс жүзеге асырылған жағдайда барынша тиімді тетік болмақ. Қазақстанда мұндай тәжірибе қазірдің өзінде бар. Үкімет Азия даму банкімен бірге «Қалалық инфрақұрылымдарды қаржыландырудың баламалы тетіктері» жобасын қолға ала бастады. Жоба аясында Қазақстанның шағын қалаларында қалалық инфрақұрылымды дамыту, жекелеген басым жобаларға жеке секторларды қатыстыру үшін қолайлы жағдай жасалады.
Сарапшылар тобы қазірдің өзінде техникалық-экономикалық негіздемесін жасауға кірісті. Бұл құжатта әрбір таңдалынып алынған мекеменің қыр-сыры, жаңалау мүмкіндіктері егжей-тегжейлі көрсетілетін болады. Бір қарағанда мұндай қадам ыңғайсыз көрінуі де мүмкін, өйткені, коммуналдық инфрақұрылым әрқашанда стратегиялық сипатта болды, дегенмен, оны жеке секторға өткізу жоқ дегенде, қауіпсіздік жағынан пайдалы. Екінші жағынан, мемлекет коммуналдық мекемелерді қолдау арқылы оған қомақты қаржы жұмсауға мәжбүр. Себебі, істен шыққан инженерлік желілерді жөндеу, басқа да проблемалық жайттар бюджет үшін аз салмақ емес. Жоба аясында аталған төрт кәсіпорынның базасында қажетті жаңғыртуларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жеке инвестициялар тартудың тетіктері жасалады. Оның үстіне инвесторларға салынған қаржыларды көбейтуге және қайтаруға кепілдік беріледі. Нәтижесінде Қазақстанда қалалық инфрақұрылымдарды табысты жаңғыртуға және инвесторлар тартуға кең жол ашатын ықпалды нарықтық тетіктер іске қосылады.
Азияның дамушы экономикасы мемлекет-жекеменшік әріптестігі үшін барынша зор мүмкіндіктер жасауы керек және жасай да алады. Ол өңірге қажетті инфрақұрылымдық жобалар мен жеке капитал тартуға, аймақта инфрақұрылымдық тапшылықты қысқартуға бағытталуы керек. Азия даму банкінің мәжілісіне қатысушылар осылай деп мәлімдеді.
«Азиядағы инфрақұрылымдық тапшылықтың ауқымдылығы сондай, біз жеке инвесторлар мен мемлекеттік сектор әрқайсысы жеке жүріп аталған тапшылықтың орнын толтыра алады деп үміттене алмаймыз. Бізге тетіктерді іске қосып қоғам талап етіп отырған қызметті көрсету үшін мемлекеттік әрі жеке инвестициялардың бірлескен іс-қимылы қажет», деді АДБ Жеке сектор істері жөніндегі департаментінің бас директорының орынбасары Майкл Барроу.
Азия даму банкі семинары барысында мемлекет-жекеменшік әріптестігі жобаларына қатысу үшін жеке және институттық инвесторларды тарту жолы талқыға салынды, сондай-ақ, МЖӘ жобаларын табысты жүзеге асыруға кедергі келтіретін деректер назарға алынды. Азия елдеріне қажетті заңнамалық, нормативтік-құқықтық құжаттармен қамтамасыз етумен қатар, толық ақпараттандыру негізінде мемлекет-жекеменшік әріптестігі жобаларын дайындау және жүзеге асыруды тиісті деңгейде қолға алу керек. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі жобаларын дайындауға мол күш жұмсалып жатқанына қарамастан бұл жұмыстар әлі күнге дейін өзіне міндеттеме алып, оларды инвестициялауға ниет білдіретін инвесторларды жеткілікті көлемде тарта алмай отыр, дейді мамандар.
* * *
Азия даму банкі Басқарушылар кеңесінің отырысы шеңберінде сондай-ақ, II Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференцияның І пленарлық отырысы болып өтті. Пленарлық отырысқа Индонезия қаржы министрі Мухаммад Хатиб Басри, Үндістан Қаржы министрі Паланьяпан Чидамбарам, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Азия және Тынық мұхитына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссияның атқарушы хатшысы Шамшад Ахтар, Біріккен Ұлттар Ұйымы өнеркәсіптік даму бойынша бас директоры Ли Юн, Азия даму банкінің вице-президенті Бинду Лохани және басқалар қатысты.
Жаһандық экономика тұрақты және теңдестірілген өсімнің жаңа жолында орналасқан. Соңғы жылдар ішінде дамушы мемлекеттердің рөлі айтарлықтай арта түсті. 2008 жылы әлемдік қауымдастық дамушы мемлекеттер әлемнің экономикалық картасында күштер теңгерімін қайта құра алады деген тоқтамға келді. Бұл үрдіс екі онжылдыққа созылады деп болжанғанына қарамастан, ол соңғы бес жыл ішінде аяқталды. Бүгінгі таңда құрылымдық реформалар әлемдік дағдарысқа жол бермеудің басты басымдықтарының бірі саналады. Еуроаймақ, Азия мен Қытай мемлекеттері өздерінің экономикалық даму өсімі үлгілерінде елеулі өзгерістерге тап болса, ал G20 елдері өздерінің соңғы мәмілелерінде алдағы 5 жыл ішінде ІЖӨ өсіміне 2 пайыз көлемінде шектеу белгіледі. Сондықтан пленарлық отырыстың тақырыбы ретінде «Жаһандық өсімді қалпына келтіру: жаңа экономикалық және институттық драйверлер» алынып отыр. Пленарлық отырыс барысында ұзақ мерзімді келешекте тұрақты өсім үшін қажетті шаралар, өсімнің жаңа стратегиясындағы Азия мен Орталық Азияның рөлі, Қытайдағы реформаның жаһандық экономикаға әсері, Еркін сауда туралы келісім арқылы әлемдік экономиканы аймақтандыру қажеттігін қолдаушылар және қарсы шығатындар, жаһандық үйлестіру саясаты, дамыған елдердегі монетарлық саясатты қалыпқа келтіру үшін қажетті шаралар, облигациялардың Азия нарығын дамытудың жолдары сөз болды.
* * *
47-ші мәжіліс аясындағы шаралар қатарында «Қазақстан-2050: қазіргі заманғы инклюзивтік қоғам жолында» кітабының таныстырылымы өткенін де ерекше атап өтуге болады. Кітаптың таныстырылымына құрастырушы-авторлар – Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу, Дамушы нарықтар форумының аға сарапшысы, Дүниежүзілік банктің аймақтық бұрынғы вице-президенті Йоханнес Линн, сондай-ақ, Сентенниал Груп президенті әрі төрағасы Хариндер Коли қатысты.
Халықаралық сарапшылардың қатысуымен Назарбаев Университеті базасында дайындалған кітапта Елбасының 2012 жылдың желтоқсанында жарияланған «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруға қатысты тәуелсіз ой-пікірлер жинақталған. Жинақта негізінен аталған Стратегияны жүзеге асыру мақсатына жетудің жолдары қаралған.
Қазақстанның 2050 жылға қарай дамыған 30 елдің қатарына кіру мүмкіндігінің жоғары екендігі кітаптың негізгі түйіні деуге болады. Онда Стратегияны жүзеге асырудың 7 басым бағыты белгіленген. Олар: тұрғындардың білімі мен денсаулығына ерекше көңіл бөле отырып, адам әлеуетін дамыту, тиімді энергетика, аймақтар мен қалаларды дамыту, әртараптандырылған заманауи инновациялық экономика, аймақтық және ғаламдық экономикалық интеграция мен ынтымақтастық, тұрақты және ашық экономикалық әрі саяси институттар құру. Дүниежүзілік банктің аймақтық экс-президенті Йоханнес Линн кітаптың таныстырылымына арналған баспасөз конференциясында Қазақстан кейбір көрсеткіштер бойынша қазірдің өзінде алдыңғы қатарлы 30 елдің құрамына кіретінін атап өтті.
«Жалпы алғанда, кітап алдағы 50 жылда әлем қалай дамиды, XXI ғасырдың ортасында әлемдік көшбасшы елдер қай елдер болмақ, жаһандық жылыну үрдісі Қазақстанға қалай әсер етеді, Қазақстан 50 дамыған ел қатарынан 30 дамыған елдер қатарына қалай кіреді, Қазақстанда денсаулық сақтау мен білім беру жүйесі еуропалық деңгейге жете ала ма деген секілді маңызды сұрақтарға ғылыми жауап іздейді», деді Йоханнес Линн.
* * *
Такехико Накао,
Азия даму банкі президенті:
Қазақстанды қолдауға қашанда дайынбыз
Азия даму банкі Басқарушылар кеңесінің 47-ші мәжілісі аясында сондай-ақ, Азия даму банкі президенті Такехико Накао арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. Қазақстандықтармен қатар, шетел журналистері де қатысқан брифингте Такехико Накао Азия даму банкі мен Қазақстан ынтымақтастығына қатысты бірқатар сұрақтарға жауап берді.
– Сіз Қазақстанның жаңа Жібек жолын құру туралы бастамасын қалай бағалайсыз?
– Әрбір мемлекет өз деңгейінде, аймақтық деңгейде, өзінің жеке күн тәртібін бекітеді. Орташа мерзімді кезеңде аймақтық ынтымақтастықты және интеграцияны алға жылжытуды мақсат етіп отырмыз. Менің айтайын дегенім, Қазақстан және Қытай тарапынан болатын бастамалар, мысалы – «Жібек жолын ұйымдастыру», мұның барлығы құптарлық. Өйткені, бұл біздің банкіміздің мүше мемлекеттерінің күшін біріктіруге мүмкіндік береді. Біз аталған мемлекеттердің күшін біріктіру үшін Қытай мен Орталық Азия арасында өзара іс-қимылды қолдаймыз. Орталық Азияның мақсаты – Оңтүстік Азиямен бірігу. Біз бұл идеяны жүзеге асырамыз. Мен Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ауғанстан және Пәкістан аймақтарындағы интеграцияны айтып отырмын. Осының нәтижесінде біз Оңтүстік пен Азияның орталық бөлігін біріктіреміз. Орталық Азия елдерімен Қытай арасында Жібек жолын құру туралы идея айтылды. Біз елдердің өзара іс-қимылды жақсарту бойынша шараларын қолдаймыз.
– Әлемде Еуроодақ бар, енді еуразиялық экономикалық аймақ пайда болмақ, ал транстынық мұхиты әріптестігі болуы да мүмкін. Сіздің ойыңызша мұндай бірлестіктер, елдердің экономикалық және саяси қарым-қатынасының дамуына жол ашуы мүмкін бе?
– Интеграцияға қатысты бастамалар өте көп. Ол Кеден одағы, Еуропа одағы және басқалар. Мен аталған бастамалар бірігу жағынан да, өзара іс-әрекетті жақсарту жағынан да өте пайдалы деп білемін. Бұдан бұрын біз осындай идеяларды айтқан кезде аймақтық ынтымақтастықты мақсат ететінбіз. Қазірде ғаламдық ықпалдастыққа иек артуға болады. Яғни кейбір бірлестіктер мен одақтар керісінше, сауда бойынша дивергенттік ықпал етуі мүмкін. Одақ сауда қарым-қатынастарын орнатуға жол ашатыны белгілі. Сондықтан мен одақтар, бірлестіктер арқылы сауда мүмкіндіктерін ашу, сондай-ақ, осы идеялар негізінде алға жылжитын құрылымдық реформалардың маңыздылығын айрықша атап өткім келеді.
– Кез келген даму институты жаңа елдермен әріптестіктен бастап, ынтымақтастықтың қатаң шарттарын қоятыны белгілі. Және сенімнің артуына байланысты қаржыландыру шарттары жеңілдей бастайды. Ал, АДБ мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық шарттары 20 жыл ішінде қалай өзгерді?
– Биыл біз Қазақстанмен өзара іс-қимылдың 20 жылдығын атап өтеміз. Біз Қазақстанға 3,5 млрд. доллар қарыз бердік және әлеуетті арттыру үшін техникалық көмек көрсеттік. Қазіргі уақытта Қазақстан жоғары деңгейдегі орта кірісі бар ел болғандықтан, біздің қаржыландыру мүмкіндіктеріміз 50 базалық баптарға өсті. Қазір пайыздық мөлшер осы уақытқа дейінгімен салыстырғанда ондай жоғары емес. Орташа мөлшер 9,5 пайыз деңгейінде. Ал, эко