Саясат • 29 Шілде, 2022

Өңірлерде халықпен жүздесті

175 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Парламент депутаттары халықтың мұң-мұқтажын тыңдау мақсатында еліміздің аймақтарын аралап жүр. Төменде бір топ сенатордың кездесулері туралы ақпараттарды ұсынып отырмыз, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Өңірлерде халықпен жүздесті

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің хатшысы Ақылбек Күрішбаев Алматы облысына жұмыс сапары барысында Қонаев қаласында болып, энергетика, кәсіпкерлік, ауыл және балық шаруашылығы саласындағы нысандарды аралады. Сенатор «ЛСТ Агро» жылыжай кешенінің жұмысымен және өнім өндіру үрдісімен танысты. Ол осы өңірде ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бағдарлама жүзеге асып жатқанын айта келіп, аймақтың табиғаты көкөніс дақылдарын өсіру үшін өте қолайлы екенін және салаға жаңа серпін беру қажетін атап өтті.

Ақылбек Күрішбаев өңірдегі «Ос­панова Девелопмент» ЖШС балық шаруашылығы кешенінде де болды. Ол балық өнімдерінің импортын қысқартуға және инновациялық жобаны іске асқаннан кейін экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сенатор сондай-ақ Іле өзенінің Қапшағай шат­қалында орналасқан су-энергетика кә­сіпорны жұмысымен танысты.

Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Дүй­сен­ғазы Мусин, Мұхтар Жұмағазиев, Әбдә­лі Нұралиев және Сұлтан Дүйсем­бинов Шығыс Қазақстан облысына барды.

Сенаторлар жұмыс сапары бары­сында Ұлан ауданындағы «OST Fish» ЖШС балық шаруашылығының қыз­метімен танысты. Балық шаруа­шы­лығының басшылары бекіре балық­тарын өсіру мен азықтандырудың ерек­шеліктері, уылдырық өсіру мен алу­дың технологиялық процесі туралы сенаторларды хабардар етті. Парламентшілер сонымен қатар Алтай өңіріндегі агроөнеркәсіп кешенінің кәсіп­орындары мен аймақтағы фер­мер­лік шаруашылықтарды аралап, ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жай-күйін көріп шықты. Сенаторлар аудан­ның еліміздің аграрлық секторы мен ауыл шаруашылығы өндірісін дамы­туға қосқан үлесін жоғары бағалады.

Нариман Төреғалиев пен Ләззат Рысбекова Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданындағы Долинное, Алға­бас, Теректі ауылдарының тұрғын­дарымен кездесті. Депутаттар елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету жұмыс­тары туралы хабардар етті. Долинное және Алғабас ауылдары тұрғындары әлеу­меттік нысандарды газдандыру, бала­бақша ғимаратын күрделі жөндеу, ауыл­ға ауыз су тарту мәселесін қозғады. Сена­торлар аудан орталығының тұрғын­дарымен кездесуде аудандық емхана мен көпқабатты тұрғын үйлердің құрылы­сын тал­қылады. Жаңа өмір ауылы тұрғын­дары үй құрылысына арналған жер телімдеріне электр желілерін қосуға, мәдениет үйінің құрылысын аяқтауға және қосымша жедел жәрдем көлігін бөлуге көмектесуді сұрады.

Нариман Төреғалиев пен Ләззат Рысбекова Бөрлі ауданына да атбасын бұрды. Сенаторлар Жарсуат, Приуральное және Облавка ауыл­дарының тұрғындарымен кездесуде ауыз су, жер қатынастары, кенті­шілік жолдарды жөндеу, электр желі­лерінің тозуы, Облавка ауылында фельд­шерлік-акушерлік пункт пен мектеп салу мәселелерін талқылады. Депутат­тар ауылдағы өзекті мәселелер тиісті шаралар қабылдау үшін уәкілетті мем­лекеттік органдардың назарына жет­кізілетінін атап өтті. Парламентшілер сонымен қатар құс және егіншілікпен айна­лысатын «Жарсуат» ЖШС қыз­метімен, мектеп пен желкенді антенна құрылысының барысымен танысты. Депутаттар сондай-ақ Амангелді – Успенская жә­не Подстепное – Федо­ровка – Ресей Феде­рациясы шекарасы жолдарының құ­рылысын сапалы салу қажеттігін атап өтті.

Ләззат Сүлеймен Жетісу облысына жұмыс сапары барысында Сарқан және Алакөл аудандарында болып, жергілікті халықпен және әкімдіктерінің өкіл­дерімен кездесті. Сенатор Сарқан ауданының өкілдерімен кездесуде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді азаматтарға уақытша пайдалануға беру, тұрғын үйлер мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының ғимараттарын күрделі жөндеуге қаржы бөлу мәселелерін талқылады. Ал аудан тұрғындарымен кездесуде бос тұрған «Қазпошта» АҚ ғимаратын жастар спорт секциясын ашу үшін аудан­дық коммуналдық меншікке беру, жайылымдық және суармалы жерлерді бөлу, қоқыс жинау және қайта өңдеу, медициналық көмек көрсету және әлеуметтік қолдау мәселелері көтерілді. Депутат Алакөл ауданында «Дип­ломмен ауылға» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламаларының жүзеге асуы және мәдениет үйінің салыну ба­рысымен, сондай-ақ облыстың шалғай ауылдарындағы шаруа қожалық­тарының қызметімен танысты.

Сенаторлар Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласына сапары барысында қайта жөндеуден өткен «Металлург» стадионында болып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Заманауи стадионда әкімшілік ғимарат, асхана, командалық ойындарға арналған спорт залдары, спорттық тренажерлар мен ойын алаңдары қарастырылған. Жобалық жоспарға сәйкес, «Металлург» стадионын қайта жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың желтоқсан айында аяқталады деп жоспарлануда. Се­наторлар сондай-ақ жергілікті мәслихат депутаттарымен кездесіп, сенатқа Шымкент тұрғындарынан келіп түскен өтініштерді талқылады.

Сенат депутаты Андрей Лукин Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы мен қалалық әкімдіктің «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-де болып, басқарма және орталық қызметкерлерімен кездесті. Жергілікті полиция қызметі басқармасының бас­шылығы мен қызметкерлері сенаторға құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолын кесу жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Андрей Лукин өз кезегінде Палатаның заңнамалық жұмысы туралы кездесуге қатысушыларды жан-жақты хабардар етті.  Депутат сонымен қатар «Қамқор» орталығында көрсетілетін қызметтермен, оның материалдық және техникалық жабдықталуымен
танысты.