Елорда • 29 Шілде, 2022

Елордада заңсыз жолаушы тасымалдаған такси жүргізушілері ұсталды

333 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында құжатсыз адам тасымалдаған 26 такси жүргізушісі ұсталды. Бұл туралы қалалық ПД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада заңсыз жолаушы тасымалдаған такси жүргізушілері ұсталды

Олардың ішінде Өзбекстан мен Тәжікстанның 3 азаматы бар. Шетелдіктердің заңсыз әрекеттерінен соң әкімшілік хаттама толтырылып, автокөліктер тұраққа қойылған.

Айта кету керек, қазір Нұр-Сұлтанда «Қауіпсіз жол» айлығы өтіп жатыр. Шара басталғалы 3 мыңға жуық жол ережесін бұзу фактісі анықталыпты. Оның 39-ын қоғамдық көлік жүргізушілері жасаған.

«Қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін 500-ден астам жүргізуші, маневр жасау ережесін бұзғаны үшін 100-ден астам, бағдаршамның тыйым салынған сигналына өткені үшін 168 және қарсы жолаққа шыққаны үшін 22 жүргізушіге айыппұл салынды. Сондай-ақ бейнебақылау камералары жол ережесін өрескел бұзу фактісін тіркеді. Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды, материалдар сотқа жолданды», деді қалалық ПД ресми өкілі Эльмира Шәуленова.