05 Мамыр, 2014

Уақыт ұлағаты

517 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Елімізге белгілі тарихшы-ғалым, профессор, әрі этнолог, әрі археолог, қазіргі кездегі тарихшылар қауымының ақсақалы әрі кейінгі толқынның ұстазы, екінші дүниежүзілік соғысқа 18 жасында қатысып, Отан қорғаған ардагер Уахит Шалекенов бүгінде тоқсанның тұғырлы белесіне жетті. КА-ШалекеновҰстазымыздың өмір жолын шартты түрде бірнеше кезеңге бөліп қарасақ, қазақ халқының «басында қатты болса, соңында тәтті болады» деген мәтелі ойға оралады. Нарын құмдарында көшіп жүрген қазақы ауылда дүние есігін ашқан Уахаң, 5-7 жасынан бастап тағдырдың ауыр сындарына тап болады. Уахаңның бір ғасырға жуық ғұмыры қазақ елінің 20 ғасырдың 20-жылдарынан күні бүгінге дейінгі жалғасып жатқан тарихымен тығыз байланысты. 1929-1933 жылдары елімізде болған аграрлық өзгерістер мен оның ауыр салдарлары, аштық пен қырғыннан, бас сауғалап басқа жаққа көшуден ағайын-туыстары құтыла алмапты. Бұл туралы Уахаң көп айта бермейді. Тек бір әңгімесінде ғана аштықтан бүкіл ауылдастарының қырылып, аман қалғандары жан-жаққа босып кеткен інісі мен қарындасының аштықтың құрбаны болғаны, өзінің 7-8 жасында Нарын құмдарында балпақ пен борсық аулағаны туралы ауыр күрсіне отырып айтқаны бар. Содан үдере көшкен елмен бірге Қарақалпақ жеріне келіп, табан тірейді. Елмен бірге ауыр күндерді басынан өткере жүріп, әйтеуір жан сақтайды. Көп ұзамай соғыс өрті тұтанып, ел қорғау үшін майданға аттанады. Кіші командирлер даярлайтын курсты шұғыл түрде тәмамдап, 1942 жылы жазда Харьков түбіндегі ауыр ұрыстардың қақ ортасына түседі. Майданда ауыр жараланып, Тәшкендегі госпитальда адам қатарына қосылады. Сөйтіп, көп ұзамай елге оралады. Бұл – Уахаңның өміріндегі бұған дейін атап өткен «қатты» кезең болатын. Ұстазымыздың бұдан кейінгі өмірінде «жылымық» кезең басталады. Оған Нүкіс педагогика институтының тарих факультетіндегі студенттік жылдар, алғашқы еңбек жолын бастауы, ғылымға бет бұрып, аспирантурада оқып, кандидаттық қорғап, ғылыми мекемеде мамандығы бойынша қызмет жасауы, отбасын құрып ұрпақ өсіруі, ғылым докторы дәрежесін алып, профессор атануы – осылай жалғасып кете береді. Бұл кезеңдегі жылдар Уахаңды азамат ретінде қалыптастырады, ғалым ретінде дүйім елге белгілі етеді. Өткен ғасырдың 60-жылдары қай мамандық саласы болмасын, әсіресе, тарих мамандығы бойынша ғылым докторы дәрежесін иеленіп, профессор атағын алу екінің бірінің қолынан келе бермейтін. Ал сондай атақ-дәрежеге ие болғандар кешегі Кеңестер одағы құрамындағы республикаларда саусақпен санарлықтай еді. Ал автономиялы республика мәртебесі бар Қарақалпақстан үшін профессор Уахит Хамзаұлы ғылымды ұйымдастырушы таптырмас кадр болатын. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегенге сай, Уахаң Нүкістегі бар­лық материалдық жағдайы мен өзін сыйлайтын, құрмет тұтатын ғылыми ортасын қалдырып, өмірінің келесі кезеңдерін туған елімен байланыстыруды жөн көреді. Сол мақсатпен ол өткен ғасырдың 70-жылдарының басында Қазақстанға қайтып оралады. Алдымен Шымкенттегі жоғары оқу орындарының бірінде ұстаздық етеді де, 1973 жылы бұрынғы С.М.Киров қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің тарих факультетінде жаңадан ашыла бастаған археология және этнология кафедрасына профессор болып ауысады. Міне, сол кезден қазіргі күнге дейін Уахит Хамзаұлының өмірі Ұлттық университетпен, тарих факультетімен, археология және этнология факультетімен етене байланыста келеді. Уахаң аталмыш білім ордасында ғылыми-педагогикалық қызмет пен ғылымды ұйым­дастыру ісін қатар жүргізеді. Бұл жылдар оның өмірінде есте қаларлық қызығы көп және ауыз толтырып айтарлық жемісі мол жылдар деп айтсақ, қателеспейміз. Ол жаңадан ашылған археология және этнография кафедрасына меңгеруші болып сайланып, оның аяғынан тік тұрып кетуіне, кафедраның ғылыми бағытын анықтауға, ғылыми байланыстар орнатуға бар күшін салады. Тарих факультетіне декан болған он жылда факультеттің дамуы үшін тер төкті. Осы жылдары Уахаң нағыз ғылым қайраткері ретінде танылады. Әсіресе, ұлттық археологияға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Уахаңның басшылығымен тарих факуль­тетінде ашылған және әлі күнге дейін жұмыс істеп тұрған археология музейі мен қазақ халқының этнографиясы музейінің алар орны бөлек. Бұл музейлер ашыла салысымен университет пен факультет қонақтарының көзайымына айналғанын жұрттың бәрі біледі. Жыл сайын қаладағы мектеп оқушылары топ-тобымен келіп, осы музейлердегі тарихи экспонаттарды қызықтап жатады. Ал енді профессор У.Х.Шалекеновтің ғылыми-педагогикалық қызметіне тоқталар болсақ, 1985-1990 жылдары тарих факультетінің қазақ бөлімінде оқып жүргенімізде кейбір дәрістерді оқытушыларымыз орыс тілінде жүргізетін. Себебі, олардың тілі ана тіліне шорқақ болатын. Ал семинарларға қажетті әдебиеттердің бәрі дерлік орыс тілінде еді. «Қазақ тілі ғылым тілі емес, ол тілде монография, оқулықтар жазудың қажеті жоқ» деген кейбір ұстаздарымыздың пікірлерін талай рет естідік. Бұл біздерге, қазақ тобында оқитын студенттерге қатты кері әсер ететін. Сөйтіп жүргенде, профессор У.Шалекеновтің «Әлем халықтарының этнографиясы» атты қазақ тіліндегі оқулығы қолымызға тиді. Басқаларға бұл оқулықтың қалай әсер еткенін білмеймін, дәл өзіме қазақ тілінің ғылым тілі бола алатынын, қазақша монографиялар мен оқулықтар жазуға болатынын дәлелдеп берді. Ғалымның бұл оқулығы қазақ тілінің болашағы бар деген сенімді талай студенттердің санасына жеткізді деп толық айта аламын. Одан кейін де ұстазымыздың «Құм басқан қала» атты монографиясы қазақ тілінде жарық көріп, сенімімізді одан әрі нығайта түсті. Уахаңның сол кездегі ісін қазіргі күннің тұр­ғысынан алып қарасақ, қазақ тілі үшін жасалған нағыз ерлік деп атар едім. Профессор Уахит Хамзаұлының ғылыми еңбектері мен ғылыми көзқарастары туралы әңгімелеу өте қызықты және өте күрделі. Ұстаздық еткен жылдары ол бізге Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі қалалардың пайда болуында соғдылық фактордың рөлі  басым болған деген үстем пікірдің қате екендігін дәлелдеуші еді. Бұл ағайымыздың бір жағынан, жас тарихшылардың тарихи санасын теріс пікір­лерден уланудан сақтаса, екіншіден – ел тарихына ұлттық мүдде тұрғысынан қарауға бейімдеуі екен. Уахаң бұл пікірлерін баспасөзде ашық айтпаса да, өзінің оқыған дәрістері мен жүргізген семинарларында санамызға батыл жеткізетін. Еліміз тәуелсіздік алған кезде Уахаңның жасы жетпіске келіп қалған еді. Мектепте оқып жүргенімізде әдебиеттен беретін ағайымыз «Жетпіске келген Жамбылдың бағын Октябрьдің қызыл таңы ашты» деп айтатын. Сол секілді Уахаңның ғылымдағы екінші тынысы тәуелсіздікпен қатар ашылады. Осы жылдардан бастап оның өмірінің «тәтті» деп айтуға тұрарлық кезеңі басталады және жалғасып жатыр. Оның ғылыми ізденістері дереу артып, нәтижелері монография түрінде жарық көріп жатты. Отан тарихына қатысты көптеген еуро­центристік тұрғыда түсіндіріліп келген тұ­жырымдарға алғашқы соққыны берушілердің бірі – профессор У.Шалекенов болды. «Қазақ халқы көшпелі халық болған» деген бұрынғы тұжырымға қарсы алғаш рет қарсы пікір ай­қан және ол пікірін әлі күнге дейін дәлелдеп жүрген бір тарихшы болса, ол өзіміздің – Уахаң. «Қазақ өркениеті» деген монографиясында профессор қазақ халқының шаруашылығы кешенді болғанын дәлелдеп береді. Мал шаруашылығының кейбір аумақтарда жетекші рөл атқарғанын жоққа шығармай, жекелеген өңірлерде шаруашылықтың басқа да түрлерінің жоғары деңгейде дамығандығын нақты дәлелдерге сүйеніп тұжырымдады. Жамбыл облысы, Шу ауданындағы Ақтөбе қалашығында жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде қалашықтың аты – ортағасырлық Баласағұн қаласы екенін талай жерде дәлелдеді және сол Ақтөбеге арнап жеке бір монография шығарған да У.Шалекенов еді. Тәуелсіздік тынысын ашқан ғалым соңғы жылдары көне түрік тайпаларының шығу тегі мен мәдениетіне арналған мо­нография­сын жарыққа шығарды. Келесі монографиясы Шыңғыс хан тақырыбына арналған. Кітаптың негізгі идеясы Шың­ғыс ханның түркі халықтарының басын біріктіруші екендігін дәлелдеп көрсетуінде болса керек. Уахаңның тәлім-тәрбиесін көрген шәкірт­тері үнемі ол туралы ерекше мақтанышпен әңгіме айтады. Университеттің тарих, археология және этнология факультетінде қызмет атқаратын қазіргі профессорлар мен оқытушылар құрамының бәрі дерлік оның шәкірттері болып саналады. Ал археология және этнология кафедрасының ғылым докторлары, профессорлар М.Елеуұлы, Ә.Төлеубаев, Ж.Таймағамбетов, А.Қалыш, Б.Қалшабаеваны және кафедраның доцент­тері мен аға оқытушыларын Уахаңның «шекпенінен шыққан» деуге болады. Оның Қазақстандағы алғашқы шәкірттерінің бірі, белгілі археолог, ғылым докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жасы бүгінде жетпіске таяп қалған Мадияр Елеуұлы өзі талай ғалымға ұстаз бола тұра, ол туралы сөз қозғағанда әңгімесін «Уахит ағай» деп бастайды. Осы бір сөздің астарынан ұстазға деген үлкен құрмет пен сыйды байқар едік. Жамбылдың жасына қарай жақындап келе жатқан Уахаң зор денелі, табиғаты салмақты, мінезі байсалды, пейілі кең адам. Мәнді де сәнді, мазмұнды да баянды ғұмырдың бір сыры осында жатса керек. Берекет КӘРІБАЕВ, ҰҒА корреспондент-мүшесі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры. АЛМАТЫ.