Қоғам • 31 Шілде, 2022

Қылмыс ұлтқа бөлінбейді

1353 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаркенттегі қайғылы оқиға халықтың қабырғасын қайыстырды. Қаршадай қызды қапияда қолға түсіріп, жауыздық жасаған қылмыскердің әрекеті қоғам ішінде дүмпу туғызуда. Күдікті қолға түскен, кінәсін де мойындап отыр. Қазір Жетісу облысының полиция департаменті жан-жақты тергеу жұмыстарын жүргізуде.

Қылмыс ұлтқа бөлінбейді

Ресми мәліметке сүйенсек, жергілікті полиция қызметкерлеріне Панфилов ауданына қарасты Шолақай ауылы тұрғынының атынан кәмелетке толмаған қызының жоға­лып кеткені туралы арыз түскен. 10-сы­ныпқа көшкен Құралай Қисабекова кеш­кісін ауылдағы құрбысына қонаққа барып, үйіне қайтып оралмаған. Аталған арыз бойынша Жетісу өңірінің полицейлері қыз­ды іздеу жұмыстарын жүргізген. Кешен­ді жедел-іздестіру іс-шарала­рының нәти­жесінде құ­зырлы органдар онымен жыныс­тық қаты­насқа түсіп, ісін жасыру үшін айуан­дықпен өлтіргенін мойындаған жергілікті Рустам Ахметов есімді азаматты анықтайды.

Күдіктінің айғақтарын тексеру және нақтылау барысында жәбірленушінің мәйіті ауылдың шетінен табылған, қазір сот-медициналық сараптамаға жіберілді.

«Қазақстан Республикасы Қылмыстық ко­дексінің 99-бабының 2-бөлігі (кісі өл­тіру), 10-тармағы (өзге қылмысты жасы­ру мақ­сатында) және 14-тармағы (кәме­летке толмаған адамды өлтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазақстан Рес­­публикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабының 3-1-бөлігі, 1-тармағы (кәме­летке толмаған адамды зорлау) бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза тағайындалды. Оның санкция­сында 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», дейді Жетісу облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамал­­ды, іс бойынша бірқатар қажетті сараптама тағайындалды. Тергеуді облыстық полиция департаментінің тергеушілері жүргізіп жатыр.

Туыстарының айтуынша, 15 жасар Құра­лай 21 шілдеде үйінен шығып, қайта орал­маған. Мәйіт араға апта салып, 28 шіл­деде табылды. Айта кетейік, күдікті бұған дейін де істі болған екен. Мұны Құралай Қиса­бекованың туысы Кәмшат Көпбаева да айтып отыр.

«Осыдан бес-алты жыл бұрын кәмелет жас­қа толмаған қызды зорлап, сотталды. Бірақ жаза мерзімін толық өтемей, тәрті­біне бай­ланысты бостандыққа шықты. Түрме­ден босаған соң тағы бір қызды зорлап, қылмыс­тық жазадан жалтару мақсатында, сол қызға үйленді. Енді, міне, біздің қызымыз сол айуанның кезекті құрбаны болып отыр», дейді К.Көпбаева.

Егер адам бұрын да осындай әрекеті үшін сотталған болса, енді тура сол қылмысын бостандыққа шыққан соң қолы қалт етпей қайталаса, «не үшін және кімнің көмегімен мерзімінен бұрын бостандыққа шықты екен?» деген сауалдың туындауы анық.

Қазір әлеуметтік желіде алыпқашпа әңгі­ме­лер желдей есуде. Қанды қылмыс 4 адам­ның қолымен жасалғандығы туралы бұратартпа ақпараттар да өріп жүр. Құзырлы органдар күдікті заң бойынша ең ауыр жазаны арқалайтынын жеткізді.

«Жаркент өңіріндегі жағдай бойынша көбі сұрап жатыр. Бірден айтайын, қылмыскер бір адам. Ол бұрын зорлау бабы бойынша сотталған. Қазір қандықол қамауда. Әрі қарайғы жазасын құзырлы органдар соңына дейін әр деталін зерттеп, жеткізетін болады. Ол жақтан шығуы енді неғайбыл. Кеше қыз жер қойнына тапсырылды. Қыздың отбасына жан-жақты көмек көрсетілуде. Ауданда жағдай тұрақты. Сақтық шаралары жасалған. Тек чаттар мен әлеуметтік желілерде әртүрлі жалған ақпаратқа дүрлігіп жатқан азаматтар баршылық. Оларды түсінуге болады. Алайда айналып келгенде зардап шегетін өзіміз», дейді Панфилов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Қанағат.

Кез келген қылмыс болсын, қылмыскер болсын, ұлтқа бөлінбейді. Айыпталушы әділ жазасын тартады деген үміттеміз. Оқиға барысы ұлтаралық сипат алып кетпес үшін, қазір Шолақай ауылында қауіпсіздік шарасы күшейтілген.

Айта кетейік, әлеуметтік желілерде осы дерекке қатысты жалған ақпарат тоқтаусыз таратылуда. Бұл үрдіс қоғамдық көңіл күйді бұзып, құқық қорғау органдарына сенімсіз­дік тудыруда. Осыған орай қолданыстағы заңнамаға сәйкес көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қаралаты­нын ескертеміз және азаматтардан тек ресми дереккөздерге сенім білдіруін сұраймыз. Сондай-ақ туыстарының кәмелетке толма­ған қызды өз бетінше іздеу жұмыстарының нәтижесі болмағаннан кейін полицияның көмегіне жүгінгені және тәртіп сақшылары жасөспірім қыздың із-түзсіз жоғалғаны туралы деректі дереу тіркеп, іздеу амалдарына кіріскенін атап өтеміз.

 

Жетісу облысы