Бейбіт Бейсекеш – астаналық кәсіпкер. Ол қазақ жастары арасында сирек кездесетін атомшы мамандығын игерген, бүгінгі нарықтық даму заңдылықтарын терең зерделей білетін азамат. Әсіресе, оның елге бір пайдамды тигізсем екен деген жанашырлық көзқарасы өзгелерге де үлгі боларлықтай.
Осы мақсатта ол Зеленов ауданындағы Щапов ауылында өз қаражатына ешкі сүтін өндіретін шағын зауыт құрылысын бастап кеткенін де білуші едік. Жобаны іске асыру үшін Бейбіт Түркиядан сүтті мол беретін асыл тұқымды ангор ешкілерін сатып алу жөнінде келісім-шарттар да жасап қайтқан болатын.
Дегенмен, кейінгі кезде оның осы бастаған тамаша жобасын толықтай аяқтай алмай қиналып жүргенінен де хабарымыз бар еді. Мұндағы басты қиындық зауыт құрылысын толықтай іске қосуға қажетті қаражат көздерінің жеткіліксіздігі болатын. Осы тұрғыда тілшілер қосынына арнайы келген кәсіпкерге көңілді алаңдатып жүрген мәселе жөнінде сауал қоюға тура келді. Жобаңыз өте тамаша. Оны іске қосатын уақытыңыз әлдеқашан жетіп еді ғой, соншама неге тұйыққа тіреліп қалдыңыз деген сауалымызға кәсіпкердің қайтарған жауабы төмендегідей болды.
Бұл жерде басты мәселе, сіз ойлағандай мемлекет тарапынан жасалатын қаражат көздерінің тапшылығында немесе жеткіліксіздігінде емес. Керісінше, қазір мемлекетте қаражат көздері жеткілікті. Қысқасы, бүгінде мемлекетіміз кез келген өндірістік жобаны қаржылық тұрғыдан қолдай алады. Тек бәрі тиісті заңдылықтарға сәйкес болуы керек.
Айтайын дегенім, тауарлы сүт өндіруге қатысты қолданылып жүрген бүгінгі заң нормалары тек мүйізді ірі қара өсірушілерге ғана лайықталған. Бұл баяғы кеңестік замандағы заң тармақтарының көшірмесіндей көрінеді. Яғни ол ескірген, бүгінгі заман талаптарына сәйкес келмейді. Сондықтан оған тиісті өзгертулер мен толықтырулар қажет деп ойлаймын.
Бүгінде тұтастай Еуропа елдері ешкі сүтін өндіруге бағыт ұстап отыр. Оны тектен-тек деуге болмайды. Әрине, пайдасы болмаса олай істемес еді. Бұл жәйт бізді де ойландыруға тиіс. Ауыл шаруашылығын әртараптандырудың басты жолдарының бірі де осы деп түсінемін.
Астаналық кәсіпкер Бейбіт Бейсекештің бұл пікірі қалай десек те көңілге қонатын секілді. Тек сиыр сүтін ғана емес, сонымен бірге, қой-ешкі сүттерін де тауар түрінде өндіруді назарда ұстасақ , одан еш ұтылмасымыз кәміл. Айтайын дегеніміз, бұл мәселе Парламент депутаттарының назарында болса екен деген тілек еді.
Темір ҚҰСАЙЫН, ОРАЛ.