Саясат • 01 Тамыз, 2022

Бағаның өсімін бақылауға алды

129 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Amanat партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов бейнеконференция байланысы арқылы партияның өңірлік филиалдарымен азық-түлік пен халық тұтынатын тауарлар бағасының қымбаттау мәселесіне қатысты кеңес өткізді.

Бағаның өсімін бақылауға алды

Осы аптадан бастап еліміздің барлық облыс және аудандарында 216 партиялық мониторинг және қадағалау тобы жұмысқа кірісті. Олар сауда нысандарын тексереді және әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасына мониторинг жүргізеді.

Amanat партиясының Атқа­рушы хатшысы Асхат Оралов елдегі инфляцияның жедел өсуіне сыртқы факторлардан басқа, сау­да жүйесіндегі делдалдар мен алыпсатарлардың айтарлықтай көбеюі ықпал еткеніне назар аударды.

«14 шілдеде Мемлекет бас­шы-
сы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкі­­мет­тің кеңейтілген отыры­сында тауарлар бағасын тұрақ­тан­дыру және азаматтардың табысын арттыру бойынша нақты мін­дет­терді белгіледі. Дегенмен мем­лекеттік органдар қабылдаған іс-шаралар бағаның өсуін тежеуге толық көлемде ықпал етпейді. Бағаны жөн-жосықсыз көтеретін сатушылар тексеру уақытын алдын ала біліп отырады және олар мемлекеттік органдар тексе­ру­шілерінің түрін таниды», деді Атқарушы хатшы.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, маусым айында жылдық инфляция 14,5 пайызды құрады. Бір жыл ішінде ең көп қымбаттаған – азық-түлік тауарлары (17,9 пайыз). Азық-түлік емес тауарлардың бағасы 11,1 пайызға, ақылы қызметтердің бағасы 8,9 пайызға өсті.

«Қоғамдық саясат инс­ти­ту­ты­ның әлеуметтік зерттеуіне сәйкес, қазақстандықтардың 80 пайыздан астамы бағаның өсуіне алаңдайды. Бұл мәселе әсіресе, әлеуметтік осал топтар үшін өте өзекті. Біз осы жағдай­ды партияның барлық өңірдегі қоғамдық қабылдау бөл­мелеріне келіп түскен өтініштердің артуы­нан байқап отырмыз. Мәселен, жыл басынан бері әлеуметтік қамсыз­дандыру мәселелерімен жүгінген­дердің үлесі 30 пайызға өсті. Осыған байла­нысты біз жергі­лікті жердегі нақты жағ­дайды анықтау үшін азық-түлік пен тауарлар бағасына мони­торинг жүргізетін 216 арнайы топ құрдық. Қазірдің өзінде дүкен сөрелеріндегі баға­лар мен мемлекеттік органдар­дың есеп­тері бір-біріне сәйкес келмейді», деп атап өтті Асхат Оралов.

Атқарушы хатшы мониторинг тобына тек партиялықтар ғана емес, сондай-ақ қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйым­дардың өкілдері, бизнесмендер, жур­на­листер мен тәуелсіз сарап­шылар да кіретінін айтты. Жұ­мыс нәтижелері Парламент Мәжі­лісінде және Үкіметте қаралады.

Аймақтардағы қазіргі жағдай туралы Мәжіліс депутаты, партия жанындағы Агроөнеркәсіптік комитет төрағасы Қайнар Абасов және Мәжіліс депутаты, пар­тия жанындағы Экономика, кәсіп­­керлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі респуб­ли­калық кеңестің мүшесі Ғалым Әмі­реев баяндама жасады. Шығыс Қазақстан облысындағы жағ­дай туралы мониторинг тобы­ның мүшесі, Өскемен қалалық мәс­лихатының депутаты Зоя Ново­лодская айтып берді.

«Кешеден бері өңірде 84 сауда нысанына мониторинг жүр­гізілді. Жүргізілген талдау нәтижесінде әкелінетін көкөніс­тердің (картоп, сәбіз, пияз, қы­рық­қабат) бағасын 19%-ға көтеру фактісі анықталды. Мониторинг кезінде кәсіпкерлер сатып алу бағасын көрсететін құжаттарын ұсына алмады. Түсін­діру жұ­мыстары жүргізіліп, атал­ған нысандар партиялық бақы­лауға алынды», деді Зоя
Ново­лод­ская.

Сондай-ақ жиын барысында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша эко­номика және кәсіпкерлік мә­се­лелері жөніндегі Қоғамдық ке­ңес­тің төрағасы Болат Омаров сөз алды.

«Елордада картоп – 10872 тонна (65%), сәбіз – 2938 тонна (76%), қырыққабат – 1900 тонна (49%), пияз – 2695 тонна (107%) сияқты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бес ай тұтынуға болатын 30% қоры жа­сал­ды. Бірінші сұрып­ты ұннан жасал­ған нан бағасын тұ­рақ­тан­дыру үшін меморандум ая­сында елор­да­ның өңдеу кәсіп­орын­дарына астық жіберілуде», деді Б.Омаров.

Amanat-тың Түркістан об­лыс­тық филиалының атқарушы хатшысы Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, өңірде 18 партиялық мониторинг тобы құрылған.

«28 шілдеде аталған топтар облыстың 88 базары мен ірі сауда нысандарын аралады. Ба­ға­ның өсуін тежеу үшін облыста тұрақты түрде ауыл шаруа­шылығы жәр­мең­келері ұйымдас­тырылады, баға­ның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша ірі сауда ұйым­дары­мен мемо­рандумдар жасалады. Біз қазір­дің өзінде 1467 үй ма­ңындағы дүкен­дердің 1463-ін (99,7%) тексер­дік, бағаны негізсіз көтерудің 38 фактісі анықтал­ды. Тиісті шара­лар қабылдау арқы­лы бағалар 10-15 пайызға төмен­деді», деп атап өтті ол.

Amanat партиясында мониторинг жүргізетін топтар күн сайын жұмыс істейтіні айтылды. Аймақтардағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік баға­сының өзгергеніне қатысты мәлі­меттің мән-жайы Партиялық ба­қылау комиссиясының отырысында қаралады. Өзгеріс анық­талған жағдайда мәселені шешу үшін ұсынымдар әзірленіп, нақты мерзімі мен жауапты тұлғалар белгіленеді.