Спорт • 01 Тамыз, 2022

Ойлылар ойыны қаржыландыруды қажет етеді

180 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда Қазақстан шахмат федерациясының ұйытқы болуымен белгілі кәсіпкерлер, БАҚ өкілдері мен қоғам қайраткерлері кездесіп, елдегі шахмат федерациясының даму стратегиясын талқылады. Шахмат ойыны – іскерлік дағдыларды жетілдіре түсетіні аян. Сонымен Федерация өкілдері ұйым жұмысына барынша ашықтық қағидатын енгізуге қатысты мәліметтерімен бөлісті. Сонымен қатар алда келе жатқан олимпиадаға қатысудың жай-жапсары қозғалды.

Ойлылар ойыны қаржыландыруды қажет етеді

Қазір бұл федерацияның басты мұраты шахматты дәріптеуден бөлек, әлемдік жетістіктерге жетуде тең мүмкіндіктер жасау арқылы зият­керлік ұлт қалыптастыру болып отыр. Фе­дерацияның жаңа құрамына бірқатар танымал іскер азамат пен меценат кірді. Бір жағынан бүгінде Федерация шахматты мектеп бағдарламасына міндетті пән ретінде енгізуге әрекеттеніп отырғанын білеміз.

Федерация мәліметтеріне сүйенсек, елімізде ойлылар ойы­нына деген сұраныс жоғары. Ауыз толтырып айтарлық халық­аралық жетістіктеріміз де бар. Шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасы – әлемдегі ең жас жә­не ең болашағы зор құрама. Елі­міздің 200 мыңнан астам азаматы үзбей шахмат ойнайды, одан бөлек, 50 мыңнан аса бала шахматпен айналысады. Қазақстан қоржынында 2015 жылдан бері балалар мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттарынан 40-тан астам медаль бар. Жастардың әлем чемпионаттары мен Азия чемпионаттарында 400-ден астам ұл-қызымыз жүлделі орындарға ие болды. Сол сияқты қазіргі таңда шахмат секциялары мен үйірмелеріне баратын 30 мыңнан астам бала жекелей қаржыландырылған.

Кездесу барысында Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов әйелдер ұлттық құрамасының жетістіктеріне тоқтала отырып: «Егер біз әйелдер құрамасы туралы бөлек айтатын болсақ, Қазақстанның командасы рейтинг бойынша бесінші, жас ерекшелігі бойынша ең жас команда, демек, команданың әлеуеті зор. Құрам өте үлкен резервке ие. Егер қазақстандық таланттар туралы сөз қозғайтын болсақ, онда Әсел Серікбайды ерекше атап өтуге болады, ол 2021 жылдың желтоқсанында өткен шахматтан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында бесінші орын алған, биыл әлем чемпионы атанған Қазыбек Нөгербек бұған дейін де басқа түрлі жарыста бақ сынаған», деді Дәрмен Сәдуақасов.

Спикер өскелең ұрпақ арасында зияткерлік ойынды насихаттау мәселелеріне кеңінен тоқтала отырып: «Шынтуайтына келгенде, шахмат саласын қаржыландыру жеткіліксіз. Елімізде сапалы шахмат инфрақұрылымының болмауы салдарынан балаларға сабақ көп жағдайда жалға берілетін үй-жайларда өткізіледі. Қаржыландырудың жеткіліксіздігі мен инфрақұрылымның болмауы шахматшы балалардың кәсіби дайындалуына кедергі келтіріп жүр»,  деді Дәрмен Сәдуақасов.

Спикер Өзбекстанда шахмат ойыны бойынша білім беруді дамытудың жоғары деңгейі қалыптасқанын атап өтті. Көрші елде шахмат мектеп бағдарламасына міндетті пән ретінде енгізілген.

Басқосуда Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов Феде­рацияның бастамаларын қолдай келе: «Балаларды шахматқа жаппай баулу – адами капиталға салынған жақсы инвестиция. Бұл бағытта Алматыда жақсы мүмкіндіктер бар. Федерация бастамаларынан басқа, оңтүстік астанада түрлі үйірме мен мектеп жұмыс істейді. ArtSport бағдарламасы арқылы балалар шахматты тегін үйреніп жүр. Шахмат үйірмелері мектептерде трендке айналуға тиіс», деді.

 

АЛМАТЫ