Әлем • 01 Тамыз, 2022

Өзбекстан Конституциясына түзетулер енгізу бойынша халық талқылауы аяқталды

405 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Конституциялық комиссия 117 мың ұсыныс түскенін хабарлады. Соған сәйкес енді депутаттар Конституция жобасын пысықтайды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өзбекстан Конституциясына түзетулер енгізу бойынша халық талқылауы аяқталды

1 тамызда сағат 00:00-де Өзбекстан Конституциясына түзетулерді бүкілхалықтық талқылау аяқталды. Ол 25 маусымнан бастап жүргізілді.

Алдымен талқылауға 10 күн бөлінді. Содан кейін депутаттар тағы 10 күн қосты. Кейіннен талқылауды тағы 15 күнге ұзарту туралы шешім қабылданды.

Реформа жөніндегі конституциялық комиссия хабарлағандай, заң шығару палатасының жауапты комитеттері ұсыныстарды қорыту және талдау, сондай-ақ заң жобасын пысықтау жұмыстарын жалғастырады.

Бұл процестің қаншалықты ашық болатыны белгісіз. Комиссия «түзетулердің қайнар көзі - халық» деп үнемі айтып отырғанына қарамастан, түзетулердің бастапқы жобасына енгізілген бірқатар өзгеріс өзбекстандықтар үшін күтпеген жағдай болды. Заң жобасын да, бүкілхалықтық талқылауды ұзарту бойынша шешімдерді де депутаттар бірауыздан қабылдады.

Түзетулер жобасын Конституциялық комиссия бір ай ішінде әзірледі. Комиссия басшысы Акмаль Саидов сол кезде «конституциялық реформаларды жүргізудегі бірегей өзбек тәжірибесі» туралы мәлімдеп, оны «өзбек ноу-хауы» деп атады.

Еске сала кетсек, 1-2 шілдеде Қарақалпақстанда республиканың мәртебесін өзгерту туралы ұсынылған түзетулерден туындаған толқулардан кейін Қарақалпақстанға қатысты баптар жобадан алынып тасталды.

Комиссияның мәліметінше, 30 шілдедегі жағдай бойынша азаматтар мен ұйымдардан түзетулер туралы заң жобасы бойынша 117,3 мыңнан астам ұсыныс келіп түскен.