Үкімет • 01 Тамыз, 2022

Қолжетімді баспана құрылысының жаңа механизмі әзірленіп жатыр

286 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынатын әлеуметтік тұрғын үйлердің конкурстық процедуралары оңтайландырылмақ. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында осындай мәлімет келтірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қолжетімді баспана құрылысының жаңа механизмі әзірленіп жатыр

«Мемлекет басшысы халықты қолжетімді баспанамен қамтып, әлеуметтік шиеленісті болдырмау үшін офтейк-келісімшарттар («кілтімен сатып алу») арқылы кредиттік баспана салып, оны мұқтаж азаматтарға 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының бағасымен сатып әперу механизмін енгізуді тапсырған болатын. Аталған механизмді іске асыру үшін «Тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері жөніндегі заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасының аясында Үкіметтің қорытындысы әзірленіп жатыр. Ол қорытынды Бюджет кодексіне техникалық тұрғыда күрделі емес нысандар салуға қойылатын шектеулерді алып тастайтын түзетулер енгізуді көздейді. Бұл түзетулер «кілтімен берілетін» нысандарды бір ұйымның жобалап, салуына мүмкіндік беретін бір конкурстың аясында офтейк-келісімшарт жасауға мүмкіндік береді», деп жазылған вице-премьердің жауабында.

Оның айтуынша, осының арқасында тұрғын үй салушылардың қолжетімді баспана жобаларын іске асыруға қызығушылығы артпақ. Конкурс жарияланған кезде техникалық ерекшеліктерімен бірге қажетті пәтерлердің өлшемдері мен саны көрсетіледі. Сондай-ақ жер телімі мен жобалық-сметалық құжаттаманың, құрылыс-монтаж жұмыстарының құны бірге есептелген жалпы сомасы көрсетіледі. Сонымен бірге құрылыстың сапасы мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін «Е-Құрылыс» жүйесі кезең-кезеңмен іске қосылады.

«Жалпы тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы әлеуметтік кредиттік баспана құрылысын 1 шаршы метрге 290 мың теңге көлемінде, сондай-ақ жеке меншік құрылыс компанияларын ынталандыру кезінде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысын 1 шаршы метріне 310 мың теңгеге дейін қаржыландыру көзделген. Бүгінгі мемлекеттік сатып алудың моделі инженерлік-комуникациялық инфрақұрылым нысандарын жобалау бойынша жеке баспана мен әлеуметтік инфрақұрылым құрылысы бойынша жеке конкурс жүргізуді қажет ететінін айту керек. Бұл конкурс процедураларын ұзартып, нысандардың қолданысқа беру мерзімін кешіктіреді», делінген жауапта.