Қоғам • 01 Тамыз, 2022

Қараусыз бақша өнім бермейді

3223 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Адами капиталды дамытудың негізгі көзі – сапалы білім, тәрбие беру жалпыұлттық басымдыққа ие. Бұл мәселе Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен «Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында» атап көрсетілген.

Қараусыз бақша өнім бермейді

Болашағымыздың қандай болмағы бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне қандай деңгейде көңіл бөлгенімізге тікелей байланысты. Мұндайда қазақ «Не ексең, соны орасың» деген. Сондықтан қолымыздан келгенше бар игілікті балаларымызға бағыттай отырып, оларға саналы тәрбие, сапалы білім беруді басты мақсат санағанымыз абзал, сондай-ақ ұрпаққа тәрбие беру ісінде қандай да бір қателіктер қылаң берсе, оны тез арада түзетуіміз керек. Міне, біз жоғарыда сөз еткен адам капиталын дамыту ісінде негізгі назар аударылуға тиіс мәселелер осы.

Қазіргі таңда елімізде 0-17 жас аралы­ғындағы балалар саны 6 миллионнан асады, яғни ел халқының үштен бірі. «Жас өспей ме, көкейіңді теспей ме?» демекші, олар да ертең жетіледі. Біз бүгінгі балаларымызға білім беру жағын айтпағанда, ұлағатты тәрбие беру ісінде ұлттық құндылықтарымызды негіз етіп алуда солқылдақтық танытып жүргендейміз. Бұл жайт мемлекеттік маңызды стратегиялық міндеттердің бірегейі ретінде қарастырылмай отырғандықтан туындап отырған секілді. Біздің балаларымыздың өзінің түп-негізінен жеткен ұлттық рухани құндылықтарға сусындап өсуге толық құқысы бар екенін ұмытпауымыз керек. Әрине, бала мұндай құқысы бар екенін білмейді, ал бірақ біз оны айтуымыз керек, санасына сіңіруіміз керек. Көптеген ата-ананың өз балаларына смартфондар арқылы ор қазып жатқандарын білмеуін, білсе де оны тоқтатуға пейілсіздігін не шарасыздығын қоса алғанда, ұрпақты жетілдіру, адами капиталды дамыту ісінде тек «білімді бастар» ғана өндіріп шығаруға мән беріп, ал рухани құндылықтар арқылы тәрбиелеуді кейінге ысыру не оған өз деңгейінде назар аудармау үрдісінің асқынып тұруы бізді алға оздырмайды. Мұндай бағытпен жүре берсек, адами капиталды дамыту нәтижесінде, балаларымыз робот-құрал болып, болмысы, табиғаты ұлттық рухани құндылықтардан ада, адам сияқты машинаға айналуы әбден мүмкін. Адамның негізгі капиталы тек білімі ғана емес, сондай-ақ жетілген ішкі рухани жан дүниесі екенін ұмытпағанымыз жөн-ақ.

Тағы бір айта кетер мәселе, Президент алға қойған міндеттердің бірі – 2025 жылға қарай тұрғылықты жеріне және әлеуметтік мәртебесіне байланысты білім беру сапасындағы алшақтықты жою, сонымен қатар сапалы білім алуға қолжетімділікті теңестіру. Бұл бағытта қандай жұмыстар жасалып жатқанынан қоғам толық хабардар деп айта алмаймыз. Мәселен, білім беру сапасындағы алшақтықты жою міндетін орындауға қатысты қандай да бір республика бойынша ауқымды іс жүргізілгенін ешкім айтып бере алмайды. Бұл орайда негізінен мұғалімдерді даярлау сапасын арттыру, ауылдық жерлердегі мектептерді білікті ұстаздармен қамтамасыз ету немесе сонда бұрыннан істеп келе жатқан мұғалімдердің біліктілігін іс жүзінде көтеру бағытында қоғамды «бәрекелді» дегізген бірде-бір тиімді де оңтайлы жүрісті көргеніміз жоқ. Егер аталған міндетті еңсеруге ешқандай әлеуетіміз жетпейтін болса, ондай міндетті күн тәртібіне шығарып не керегі бар еді?

Сондай-ақ мектепке дейінгі білім, тәрбие беретін мекемелердің жұмысына халықтың көңілі толмайтыны белгілі. «Балапан» бағдарламасы бойынша 3-6 жастағы балаларды 100 пайыз балабақшамен қамтимыз деп, содан келіп жеке балабақшалар көптеп ашылды. Алайда сан қуып жүріп сапаны ұмыттық. Енді сапаны көтеру үшін балабақшаларды лицензия­лау қолға алынбақ. Лицензиялау жүргізілсе, балабақшалардың жұмысы жақсарып, ондағы жемқорлық азаятын көрінеді. Мынаны қараңыз, тиісті орындар мектепке дейінгі ұйымдарды ашудың бірыңғай талаптарын ұсынбаған, балабақшаның жағдайы қалай, онда кімдер жұмыс істейді, материалдық-техникалық базасы қандай деңгейде екенін ешкім тексермеген. Әркім ойына келгенін істеген тәрізді. Балабақшаларды лицензиялау 2011 жылы тоқтатылған-ды. Содан бергі аралықта біз жоғарыда сөз еткен мәселелерге ешкім мойын бұрып қарамағандай. Елімізде 11 мыңға жуық мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді, оның 5 мыңнан астамы жекеменшік көрінеді. Балабақшалардың 93%-ы мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейді, яғни ел бюджетінен қаржыландырылады. Солай бола тұра балабақшаларда өскіндерге қандай жағдай жасалғаны талайға жұмбақ. Бақылау жоқ. Осынау ұрпақ тәрбиесіне тікелей қатысты әлеуетті алаңға бақылаудың төмендігі біздің адами капиталды дамытуға деген ниетіміздің қай деңгейде екенін көрсетсе керек. Міне, бұл адами капиталды дамытуға ұмтылыс білдіріп отырған еліміздегі жағдай осындай.