Нөсерлі жауыннан пайда болған тасқындар өткен аптаның ортасында басталды. Кентуккидің жекелеген аудандарында бір тәулікте 20 сантиметрден астам жауын түсті. Ал Уайтсбург қаласындағы Кентукки өзенінің деңгейі бірнеше сағатта 6 метрге көтерілді. Апат салдарынан 12 мыңнан астам үй шаруашылығы жарықсыз қалды, жүздеген үй мен кәсіпорын су астында қалды.
Ұлттық метеорология қызметінің ауа райын болжау орталығы Кентуккидің шығыс және орталық бөлігінде су тасқыны қаупі әлі де сақталып отырғанын ескертті.
Штат билігі мен құтқарушылар қаза болғандар саны артатынын болжап отыр. Жоғалған адамдарды іздестіру жұмыстары бірнеше аптаға созылуы мүмкін.
«Бұл тарихта болмаған ең дүлей әрі адам шығыны көп болған су тасқыны. Құтқару жұмыстары жүріп жатыр», деді штат губернаторы Энди Бешир.