Қоғам • 02 Тамыз, 2022

Атырау және Қызылорда қалалары сумен толық қамтылды

281 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өткен жылы 18,4 млн адам сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз етілді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырау және Қызылорда қалалары сумен толық қамтылды

Оның айтуынша, министрлік «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының шеңберінде 4 негізгі міндет бойынша 14 көрсеткішке, 88 іс-шараны іске асыруға жауапты.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша, сумен жабдықтау қызметтерімен 18,4 млн адам қамтамасыз етілді. Бұл межеленген саннан артық. Атырау және Қызылорда қалалары сумен 100% қамтамасыз етілді. Қалаларда сарқынды суларды тазарту деңгейі жоспарланған 74,9%-дан 75,7%-ды құрады», деді Қ. Өскенбаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Үйге ортақ жылу және су есептегіш құралдарымен қамтамасыз ету деңгейі, сондай-ақ тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша жоспарлы көрсеткіштер де толық орындалған.

«Республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының нормативті жай-күйдегі үлесі тиісінше 90% және 80%-ды құрады. Бұл ретте Маңғыстау және Жамбыл облыстарында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі оң нәтижеге жетіп, 95%-ды құрайтынын атап өту қажет. Алайда пайдалану мерзімі 25 жылдан асқан жолаушылар вагондарының үлесі жоспарлы 42,7%-дан 40,9%-ға дейін, техникалық флоттың тозуы 68%-ға дейін төмендеді», деді министр.