Құдіреттің күші қандай, айналамызда тұмса табиғат тұнып тұр, бірақ соны көбіміз көре бермейміз. Былайша басып, таптап өтіп кетеміз. Ал суретшінің міндеті соны тоқтатып, көзімізге көрсету. Есту қабілетінен қағажу көрсе де Сабина табиғаттың тылсым үнін бояулар арқылы қабылдайды. Алуан жанрда еркін қалам сілтейтін оның басты тақырыбы – нәзік гүлдер, орман-таулар, ауыл адамдарының тыныс-тіршілігі. Шығармаларының сюжеттері табиғатпен үйлесім тапқан халқымыздың бақытты болашаққа деген сенімін бейнелейді. Сол арқылы ізгі еңбекке, ұлт денсаулығына, сұлулық пен бүкіл әлемде бейбітшілікке негізделген жалпы адамзаттық құндылықтарды атап көрсетеді.
«Гүлдер әлеміне тәнтімін, гүлдерден шабыт аламын. Ирис, су лалагүлі, ақжелкен, қызғалдақ, түрлі раушандар, көк қоңыраулар менің таусылмайтын тақырыбым. Қазақ даласының сұлулығы мен байлығын кенеп арқылы көрсету өнердегі үлкен миссиям деп білемін. Тірі түстердің алуан түрлі, адамдардың қимыл-қозғалысы мен ым-ишарасының әсемдігі, туған жеріміздің өсімдіктері мен фаунасы мені арман биігіне жетелейді, қанаттандырады», дейді Сабина.
Суретші гүлдердің ауқымын әдейі үлкейтеді, жапырақшалардың пішінін, мөлдір шықты мұқият бояйды. Осылайша, көрерменге гүлдердің құрылымын егжей-тегжей көруге, олардың аспанмен байланысын сезінуге мүмкіндік сыйлайды.
Суретші ауыл тақырыбына жиі жүгінетінін айттық. Бұл полотнолар қарапайым тұрғындардың күнделікті күйбеңге толы қалыпты өмірін бейнелейді. Тау мен қыраттардың төсіне киіз үйлер тігіліп, үй шаруасындағы әйелдер қазақы ауылдың кәнігі тіршілігін көрсетеді. «Даладағы бәсеке» шығармасында гүл жайнаған жазықта екі жігіт ат үстінде шауып келеді. Олардың болмысынан еркіндіктің, күш-қуаттың және бақытты жастықтың жігерлі рухы еседі. Алматыдағы Көктөбе мұнарасы, ғасыр куәсіне айналған кәрі емендер, үнсіздікке толы ескі бақтар, дәмі татқан жанның таңдайында қалатын апорт алмасы суретшінің басты «кейіпкерлеріне» айналған.
Киелі өнердің көшін алға сүйреу үшін жас таланттарымызды көпшілікке таныстырудың жөні бөлек. Алматыда бейнелеу өнерін серік еткен шығармашыл жастардың үлкен ортасы бар. Бүгінде жас қылқалам шеберлерінің дені артып, деңгейі өсіп келеді. Олардың арасында айрықша қолтаңбасымен танылған Сабина секілді таланттар көптеген республикалық, халықаралық көрмеге қатысып, түрлі жобада төбе көрсетіп жүр. Қала пейзаждары мен дала ландшафтары, адам тағдыры жайлы шағын баяндаулар Сабинаның әлемінде мүлде бөлек қырынан көрініс табады. Ашық та қанық түстер көктем мен күзге өзгеше рең береді.
Сабинаның сұлу әлеміне сіз де үңіліп көріңіз.
АЛМАТЫ