Облыс орталығындағы көркемсурет мұражайында «Абай. Шыңғыстау. Семей» атты бүкіл қазаққа таныс ұғымдар тақырыбына арналған көрме өтуде. Жұртшылық назарына Семейдің «Абай атындағы мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайы» қорындағы кескіндеме жанрында салынған туындылар көрсетілуде.
Бәрімізге белгілі, қазақтың әдеби-мәдени, рухани өмірінде Семейдің алатын орны ерекше. Әсіресе, Абай өмір сүрген уақытта мәдениеттің, өнердің орталығы болған шаһар бүгінгі ұрпаққа танымдық тұрғыдан тәрбие беретін мәдениеттің қайнар бұлағы ретінде сақталып қалды. Сондықтан, көрме жас ұрпақты өткеннің тарихи құндылықтарын Семей өңіріне белгілі, қылқалам шеберлерінің шығармашылық туындылары арқылы таныстыруды мақсат етіпті. Экспозицияда тұрған шығысқазақстандық суретші-кескіндемешілердің шығармаларына қарап: «Әлі Абайды толық оқып, танып-білген жоқпыз-ау», деп еріксіз толғана көз саласың. Ұлы ақынның ұлылығын, Абай елінің киелі қадір-қасиетін қылқалам ұшымен жеткізген Мақаш Әлиақпаров, Төлеуғазы Байғалиев, Михаил Беляев, Нұрбұлан Өтепбаев, Талғат Татиев сияқты суретшілер туындыларын көре аласыз. Яғни, халқымыздың рухани көсемдері Абай, Шәкәрім, Мұхтарды оқып өскен суретшілер өз шығармаларына дала әуендерін, дала рухын өзек етіпті.
– Ал, біздер халқымыздың руханиятын ояту үшін ұлы бабаларымыздың жазғандарын үнемі оқып-біліп жүруіміз керек, – дейді көрмені тамашалаған жастар Ерхан Тәткен мен Зұлқарнай Ермұратұлы.
Облыстық көркемсурет мұражайы экскурсия бөлімінің меңгерушісі Қалқеш Оразбайқызының айтуынша, жалпы, Семейдегі мұражай қорындағы бұл туындылар ұлттық мәдениетіміздің құнды дүниелері болып саналады. Жәдігерлерді кейінгі ұрпаққа насихаттау арқылы халқымыздың мәдениетін танытудамыз. Алдағы уақытта Павлодар мен Семей мұражайлары арасындағы әріптестік байланыс бойынша шығармашылық бірқатар жобалар жүзеге аспақшы. Мұражай Абайдың туғанына 95 жыл толуы қарсаңында Мұхтар Әуезовтің ұсынысымен 1940 жылы құрылған десек, оның негізгі қорын 1885 жылы өлкетану мұражайына Абайдың өзі тапсырған заттар құрайды. Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай мұражай мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық «Жидебай-Бөрілі» қорық-мұражайы болып қайта құрылды. Қорық-мұражай қорында 20 мыңнан астам жәдігер сақтаулы, 12 950 кітабы бар ғылыми кітапхана және көшірме жасайтын ғылыми-техникалық бөлім жұмыс істейді.
Сонымен бірге, «Абай атындағы Семей мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық» мұражайының директоры Жандос Әубәкіровтің айтуынша, мұражайдың ғылыми қызметкерлері биыл Омбы мемлекеттік мұрағатына барып Абайдың өмірі мен шығармашылығы, оның ақындық айналасы туралы деректер мен құжаттар іздестіруде. Ал, Ертістің Кереку өңіріне семейліктер жиі келеді. Былтыр Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайында көрме өткен болатын. Сондай-ақ, Лебяжі ауданында ұйымдастырылатын «Абай оқуларынан» шет қалған кезі жоқ. Екі облыстағы мұражай қызметкерлері өзара тәжірибе алмасып, шеберліктерін шыңдауда. Бүгінде өтіп жатқан «Абай. Шыңғыстау. Семей» көрмесі Семей-Кереку өңірлік мұражайының бірлескен рухани-мәдени шаралары болып табылады. Көрме мамырдың 20-сына дейін жалғасады.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ПАВЛОДАР.