Уақыт бізбен санаспайды, біз уақытпен санасамыз. Қоғамға сіздің қалыптан шыққаныңыз қауіпті. Біз бұған дейін ең ауыр дерт – сана дерті екенін айтқанбыз. Адамның ойы неғұрлым қысқа болса, соғұрлым енжар. Мұны шығыс ғұламасы Руми «Сенің əлемге қарайтын терезең кір болса, менің гүлдерім саған батпақ боп көрінеді», деп түйеді. Ең нұрлы ләззат – сананың еркіндігі. Сіздің ақылыңыз бостандықта болса болғаны, алдыңыздан шыққан қиындыққа мұқалмайсыз. Біз, сөзімізге дәлел ретінде америкалық атақты мүсінші Зенос Фрудакистің «Бұғаудан босау» скульптурасын алмақпыз. Әңгіме осы шығарманың желісі жөнінде.
Филадельфиядағы бұл композиция жанның бостандыққа ұмтылысын бейнелейді. 4 фигура, яки бірте-бірте ұйқыдан оянып, кісенін шешіп, мәңгілік өмірге бет бұрған бір адам. Бізді сүйсіндірген де осы көрініс, автордың өзгеше идеясы. Мүсіннің даңққа бөленуі де содан. Еркіндік – өмір мотивациясы, рухыңыз тәуелсіз болғанда ғана өмірден ләззат аласыз. Тұрлаусыз тірліктің тұтқынына түскен әр пенде өмір бойы жан азаттығы үшін күресіп өтеді. Сол күресте жеңіске жету үшін барынша шеңберлерден қашыңыз.
Қабырғаны жарып шыққан кейіпкер, ол – біз бен сіз. Өміршең туындыдан өзіңізді көресіз. Бақсаңыз, бірінші фигура қабырғаға қадалған мумияға ұқсайды, түрмеге жабылғандай, бұғауларға байланған. Бостандыққа мүмкіндік жоқ. Екіншісі – азаттық үшін күрестің басталуы, алғашқы талпыныстар. Үшінші фигура – іс жүзінде босатылған, сәл алдыға ұмтылса, мақсатына жетеді. Төртінші – еркіндік, шаттық, бақыт. Арманына жеткен соңғы кескіннің қасында «осында тұр» деген жазу орналасқан. Сізге айтып тұр? Мүсінмен бірге суретке түсіп, оның бір бөлігі екеніңізді сезінуіңіз шарт.
Автор жеткізген түсініктен таған тарта отырып, кенет біздің ойымызға «Омаха сиқыршысының» оқиғасы сап ете қалғаны. Мультимиллиардер Уоррен Баффеттің қайырымдылығының қайда апарғанын білесіз бе? Оның байлығы бүгінде 110,5 млрд долларға бағаланады. Ол адамзат тарихындағы ең беделді жомарт кәсіпкер. Баффет Билл Гейтспен бірге басқа да америкалық байларды жарлыларға жанашырлық жасауға шақырады. Бұл ұсынысты Марк Цукерберг, Тед Тернер, Джордж Лукас, Маккензи Скотт секілді танымал тұлғалар қолдап, дүниелерінің тең жарымын жақсылыққа жұмсауға уәде етті.
Сөйтіп, қыруар қаржыға әлеуметтік деңгейі төмен ауыл-ауылдарда мектеп, балабақша, аурухана салынып, тіпті қайырымдылық қорлары ашылды. Бірақ мұндай атаулы көмек жалпы жағдайды жақсартпады. Жер шарындағы ең бай адамдардың өз байлығының бір бөлігін адамзат мұқтажына аударып жатқанын көру, әрине, керемет, бірақ бұл теңгенің іс жүзінде қалай жұмсалып жатқанын көру көңіл қынжылтады. Тегін дүниенің ешқашан қадірі болған емес. Маңдай теріңізбен таппаған тиын алақаныңызды жылытпайды. Қандай да бір жеңілдік алған адам өз шеңберіне байлана түседі. Бұл – еркіңізден айыруға апаратын жол.
Аспаннан ауызға түскен материалдық игілік бізді рухани дамуға итермелемейді. Керісінше, адам бір нәрсеге оңай қол жеткізсе, қалған белестерді де біреудің көмегіне сүйеніп бағындыруға тырысады. Сөзімізге Африка елі тірі мысал бола алады. Оған миллиардтаған ақша құйылғанын, ақыры есепсіз қаржының кедейшілік мәселесін шешпегенін, халықтың білім деңгейін көтермегенін, медициналық қызмет көрсетуді жақсартпағанын көреміз. Қайта жанға жайлы жанашырлық сол елдегі жемқорлықты үдете түсті. Көрдіңіз бе, миллиардерлердің қарекеті жақсылық әкелген жоқ, қайта жағымсыз процестерді қаптатты. Сондықтан олар ақша шашпай, қолдарын қалталарында ұстаса, әлем әлдеқайда жақсы болар ма еді деген ойға ұйисыз…
Жоқ, шынында да, дәулеті тасығандардың ниеті әлемге жақсылық әкелу емес еді. Олар осы қайырымдылық арқылы құрметке бөленгісі келді. Садақаларының жартысы өздерін жарнамалауға жұмсалса, қалғаны ысырап болды. Әрі кедейлерді тағы да тәуелді етті, тәтті беріп алдады, жігерін тұсады. Осылайша, қоғамды екіге бөлді, жіктеді. Яғни көгенделген санасына ешқандай сәуле сепкен жоқ. Адамдар бұрынғыша әлдеқайдан бір мейірім бұйырып қалар деген үмітпен ғана күнелтті.
Адам – ең ұлы жаратылыс, Құдай оған сұмдық инстинк берген. Оны пайдаланбау – ең ауыр күнә. Рухыңызды ояту үшін, ақылыңызды шынықтырыңыз. Көзіңіз жеткен көкжиектің арғы жағында да көркем кеңістік бар, оны тану үшін жүрегіңізге үңіліңіз. Шеңберден шықпасаңыз, шеңбер сізден шықпайды.