Ахмет Байтұрсынұлы • 02 Тамыз, 2022

Ахаңның ақ жолы

535 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

«Басқадан кем болмас үшін, біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға ынтымақ пен бірлік керек. ...Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай, түзу істеңдер! Сендер адассаңдар, арттарыңнан Алаш адасады. Арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар!».

Ахмет Байтұрсынұлы

Ахаңның ақ жолы

Ахмет Байтұрсынұлы 1895 жылы Орынборда мұғалімдер даярлайтын «Учи­тель­ская школаны» бітірісімен, ағар­ту­шылық қызметін бас­та­ған. 

1895-1909 жылдар аралығында А.Байтұрсынұлы Қостанай, Ақтөбе, Қар­қаралы уездерінде ауылдық, болыс­тық мектептерде бала оқытып, кейіннен екі кластық училищелерде ұстаз болды. Ал 1901 жылдан бастап әдебиетпен айналысады, оқу құралдарын жазды. Фольклор нұсқаларын зерттеуді оқу-ағарту ісін дамытудағы өзінің азаматтық міндеті деп санаған. Оның қазақтар үшін өз альфавитін құрастыру әрекеті де, оқулықтар жазуы да, бай терминология дүниесін жасауы да ағартушылық мақсаты деуге болады. Ауыл мектебінде, семинарияда бала оқыта жүріп, оқу-тәрбие жұмысын жетілдіру саласында көп ізденіп, «Әліпби», «Тіл құралы», «Әдебиет танытқыш» атты кітаптарын жарыққа шығарды. Өлеңдерінде де, оқу­лық­тарында да білім-ғылымнан кенже қалған өз халқын оқу-білімге шақырудан танбайды.

1920 жылдың басында ағартушылық және ғылыми жұмыспен де айналысады. Бұған қоса мемлекеттік басқару, ұйым­дас­тыру істерін жүргізе береді. Ол 1921-26 жылдары Орынбордағы Қазақтың халық ағарту институтында, ал 1936-1938 жылдары Ташкенттегі қазақ педагогика институтында қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді, лекция оқиды. 1928 жылдың қыркүйек айында Алматыда қазақтың мемлекеттік университетіне сабақ беруге Мәскеуден, Ташкенттен шақырылған мамандардың бірі болып келіп, қазақ тілі мен әдебиетінің профессоры болып жұмысқа орналасады. Сондай-ақ 1926 жылы Бакуде болған түркологтердің Бүкілодақтық І съезіне қатысып, бірнеше комиссияның жұмысын басқаруы, Қа­зақ­стан Оқу-ағарту комиссариатындағы жұмысы – осының бәрі оның қоғамдық, мәдени ағартушылық ғылыми қызметінің алуан түрлі болғанын аңғартады. Белгілі түрколог, академик А.Кононовтың Ахмет Байтұрсынұлын көрнекті түрко­лог­тер­дің қатарында еске алып, оның қазақ альфа­ви­тін жүйелеу, оқу құрал­да­рын жасау, фонетика мен грамматика сала­сын­дағы, қазақ мәдениеті мен әдебиеті туралы зерт­теулерінің маңызы жайлы жазуы да тектен-тек емес.

Ахмет Байтұрсынұлының алғаш ағар­ту­шылық ой-пікірлері 1913-1917 жыл­дары Орынборда шыққан «Қа­зақ» газетінде (осы газеттің жауапты редак­торы болған) жарияланған мақа­ла­ла­рында көріне бастады. 1913 жылы «Қазақ» газетінде оның «Оқу жайы» деген мақаласы жарияланады. Осы мақалада автор оқу-білімнің қажет­ті­лі­гін халықтың экономикалық, тұр­мыс жағдайымен байланыстырады. «Қазақ жерінде өндіріс жоқ, шикізатын сатады, ал сол шикізаттан жасалған өнімді 2-3 есе қымбат түрде сатып алады. Бұл – надандықтан келген кемшілік» деп ашына мәлімдейді.

Балаларға білім берудің алғашқы бас­пал­дағы – бастауыш мектеп. Сон­дық­тан Ахмет Байтұрсынұлы халқы­ның ғылым-білімге ұмтылуын, әр қазақтың ең болмаса бастауыш білім алуын аңсады. «Адамға тіл, құлақ қандай керек болса, бастауыш мектеп те, үйрететін білім де сондай керек» деп жазды ол. Бастауыш мектептің 5 жылдық болуы туралы, алғашқы 3 жылын қазақша, 2 жылын орысша оқыту керек деген ұсыныс білдіреді.

«Қазақ» газетінің 1914 жылғы №62 санында «Мектеп керектері» деген ма­қала жариялап, онда «...ең әуелі мек­тепке керегі – білімді, педагогика, ме­то­дикадан хабардар, оқыта білетін мұ­ға­лім. Екінші, оқыту ісіне керекті құ­ралдар, қолайлы һәм сайлы болуы, құ­ралсыз іс істелмейді, һәм құралдар қандай болса, істеген іс те сондай бол­мақшы. Үшінші, мектепке керегі бел­гі­ленген программа (бағдарлама). Әр іс көңілдегідей болып шығуы үшін оның үлгісі, я мерзімді өлшеуі болуы керек. Үлгісіз я өлшеусіз істелген іс – солпы, я-ортаң, я-кем шықпақшы» деп оқыту­дың дидактикалық принциптерін тұң­ғыш ғылыми тұрғыда нақты белгілеп берді.

Өзінің көпжылдық мұғалімдік тә­жі­ри­­бесіне сүйене отырып, қазақ мек­теп­т­еріндегі ең мұқтаж мәселелердің бірі – оқулық жазу ісімен түбегейлі айналысады. Бұл үшін ең алдымен қазақ тілінің фонетикалық (дыбыстық) жүйесін зерттеуге кірісті. Қазақ балаларының сауатын ашатын «Әліпби» мен ана тілін үйрететін «Тіл құралын» жазбас бұрын жазу графикасын жөндеп алудың қажеттілігін ескеріп, 1912 жылдан бастап «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің беттерінде араб таңбаларын жетілдіру, лингвистикалық терминдерді тілге енгізу (дыбыс, әріп, дәйекші, жуан, жіңішке дыбыс, қағида, т.б.) туралы ой-пікір қозғады.

Ахметтің араб жазуын қазақ тілінде икем­деген нұсқасын алдымен қазақ жұрт­­­шы­лығы, әсіресе мұғалімдер қауы­­мы жылы қабылдады. Себебі А.Бай­тұр­сынұлының реформасы қазақ тілі­нің табиғатына, яғни сингарманизм заң­ды­лығына сүйеніп, ғылыми негізде жасал­ған еді. Қазақ дыбыстарының таби­ға­тын айқындау, ғалымға қазақтың жаңа «Әліпбиін» жасауға мүмкіндік берді. 1912 жылдан бастап ұсынылған жаңа жазуы («жаңа емле» деп аталады) іс жүзінде қолданыла бастады. Баспасөз беттерінде жарияланған мәліметтер бойынша 1915 жылдың өзінде ғана осы емлені негізге алып, 15-ке жуық кітап басылып шыққан. Ал Ахмет ұсынған «жаңа емле» 1913 жылдан бастап мұсыл­ман медреселерінде, орыс-қазақ мек­тептерінде қолданыла бастаған-ды.

Қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына да бар күш-жігерін жұмсады. 1902 жылдан бастап ашылған үшжылдық баста­уыш мектептерде (ол кезінде «ауыл мектебі» деп аталды) шәкірт­тер сауа­тын орыс тілінде ашатын еді. Қа­зақ­­ша оқытылатын пәндердің тілі – қа­зақ­ша болғанымен, жазуы яғни ресми қабылданған графикасы жоқ еді. Сон­дық­тан әрбір мұғалім не орыс, не араб жазуларын пайдаланып отырды. 1905 жылы 26 шілдеде Ахмет Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялылары Ресей империялық министрлер кеңесінің төрағасының атына петиция жазады. Онда айтылған талап мынадай: «Қазақ даласында оқу-ағарту ісі дұрыс жолға қойылсын, ол үшін ауыл мектептерінде балалар қазақша сауат ашатын болсын. Оқу – ана тілінде жүргізілсін». Осы талаптарды жүзеге асыру үшін Ахмет Байтұрсынұлы қазақша оқу құралы – тұңғыш «Әліппені» 1912 жылы жазды. 1902 жылы Қазанда басылған «Букварь для киргизов» деген оқулық жеті рет қайта басылып, 1925 жылға дейін қазақ мектептерінде негізгі оқу құралы ретінде пайдаланылды. Ал 1926 жылы «Әліпбидің» жаңа түрін, осы күнгідей суреттермен безендіре отырып «Әліппе» кітабын жазды.

1912 жылы мектеп балаларын қазақша сауат­тандыратын «Оқу құралын» жаз­ған­нан кейін мектепке қазақ тілін пән ретінде үйрететін оқулық жазуға кіріседі. Бұл оқулықтың фонетикаға арналған бөлімі «Тіл құралы» деген атаумен алғаш рет 1915 жылы жарық көрді. Осы кітаптың морфологияға арналған екінші бөлімі 1914 жылы, ал синтаксиске арналған үшінші бөлімі 1916 жылы басылып шығып, 1928 жылға дейін бірнеше рет басылып, пайдаланылған болатын. «Тіл құралы» қазақ мәдениетінде бұрын-соңды болмаған құбылыс ретінде саналады. Себебі оның қазақ жұртшылығы үшін тың дүние екенін оқулықтың кіріспесінде автор атап көрсетеді. Осы оқулықта қазақ грамматикасына қатысты категорияларды (ұғымдар) және әрқайсысына тұңғыш қазақша терминдерді ұсынады. Бүгінгі күнге дейін қолданып жүрген «зат есім, сан есім, бастауыш, баяндауыш, етістік, есімдік, одағай, үстеу, шылау» деген сан алуан линвистикалық ғылыми терминдердің баршасы – Ахмет Байтұрсынұлының еншісінде. Оқулықтың тағы бір құндылығы – «қазақ тілінің грамматикалық басты салалары, фонетика – дыбыс туралы ғылым, морфология – сөз құрамын зерттеу, ал синтаксис – сөйлем құрылысын зерттеу», деп саралап, тұңғыш рет ғылымға тыңнан жол салуында. Ағартушы ғалымның тіл үйретудегі орасан зор еңбегі мұнымен шектеліп қалмай, қолданбалы грамматиканы да жазған болатын. Бұл жұ­мысын «Тіл жұмсар» деген атпен екі бөлімді кітап етіп 1928 жылы Қызылорда қаласынан бастырып шығарды.

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілін дыбысқа бөліп оқыту арқылы сауаттандыру әдісінің негізін салды. Бұл салада бірнеше әдістемелік мақалалар жазып, 1920 жылы Қазанда «Баяншы» деген атпен әдістемелік кітап шығарды. Мұнда автор «Әліппені» пайдаланудағы сауат ашу әдістерінің жолын көрсетіп берді. Осылайша, ғұлама ғалым өзінің алдына жүйелі бағдарлама қойып, оны өз дәрежесінде орындап шығуға болатынын дәлелдеді.

Оның ағартушылық қызметі туралы ойымызды түйіндер болсақ, заманы­мыз­дың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов ағартушы ғалымның 50 жасқа толуына байланысты мақаласында (1923 жылы): «Ахаң ашқан қазақ мектебі», «Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысалы», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қа­жы­маған қайрат – біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын», деп жазды.

Әсіресе қос арысымен қайта қауышқан Торғай елі айрықша құлшыныс танытты. Енді тәуелсіздік алған кезеңнен бері мерейтойы мемлекет қолдауымен тұңғыш рет кең ауқымда аталып өткелі отырған Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын жоғары деңгейде өткізу әрбір қазақстандық азаматтың мерейі әрі міндеті болуы керек.

 

Айдар САБЫРОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің доценті, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері

 

Атырау облысы