Қазақстан • 02 Тамыз, 2022

Мерейтой мезіреттері: Жоспарлар орындала ма?

680 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ұлт зиялыларының мерейтойы жоспар үшін жасалған сансыз іс-шаралар һәм соңы дауға қалған ескерткіштермен шектелмесе керек-ті. Көрнекті тұлғалардың мерейлі жылы қоғамның әдебиеті мен мәдениетіне, руханиятына игілігі тиер бастама болуға тиіс. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та: «Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі», деп кесіп айтқан еді. Биыл да көптеген ақын-жазушының мерейтойын атап өту жоспарланып, тіпті басталып та кетті. Ахаң, Ғабиден, Ғабит, Әзілхан, Зейін, Жұмағали, Сырбай, Сафуан... Осы ретте заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы аясында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Былтыр газет бетінде мәселе қылып көтерген Әуезовтің музей-үйі күрделі жөндеуден өтті ме? Зерттеп көрдік.

Мерейтой мезіреттері: Жоспарлар орындала ма?

Көктемде Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төраға­лығымен Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойын мерекелеуге дайындық жөніндегі жұмыс тобының отырысы өткен еді. Оған бірқатар мемлекеттік орган өкілдері мен өңір әкім­дері, Жазушылар одағы мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инсти­тутының басшылығы, тарихшылар мен әдебиеттанушылар қатысқан болатын. Жазушы мерейтойын атап өту жөніндегі жалпы республикалық жос­парға сәйкес биыл 4 бағыт бойынша 82 іс-шара ұйымдастырылады деп көз­делді. Атап айтсақ, М.Әуезовтің әдеби-мемориалдық үй-мұражайы ғима­ратына ғылыми-реставрациялау жұмыс­тары жүргізіліп, Шолпан-Атада жазу­шының бюсті орнатылады. Мектеп оқушыларына арналған «Әуезовтану» бейнедәрістер циклы әзірленіп, әдеби подкастар жасалады. Халықаралық театр фестивалі өткізіліп, «Ақан-Зайра» трагедиясы алғаш рет сахналана­тын болады. Сондай-ақ «Қилы заман» повесінің желісімен телехикая түсіру қолға алынбақшы. Шетел архив­терінде М.Әуезовке қатысты құжаттар зер­деленіп, тың материалдар іздестіру қарас­тырылған. Бұдан бөлек жоспардан тыс өңірлік деңгейде 500-ден аса мере­келік іс-шара өткізіледі деді.

Жұмыс тобының сол отырысында вице-министр Мәдениет және спорт ми­нис­трлігіне Жоспар мен мерейтой лого­типін барлық мемлекеттік органдарға уақтылы жолдауды және оның іске асы­рылуы туралы есептік ақпаратты тоқ­сан сайын Үкіметке енгізіп отыруды тап­сыр­ған еді. Сондай-ақ мүдделі мем­ле­кеттік органдар мен ұйымдарға Жос­пар­дың сапалы орындалуын қамтамасыз ету қа­жет­тігін ескерткен болатын.

Аталған жоспарлардың біршамасы іске асырылса, дені дайындалып жатыр. Мәселен, Мемлекет басшысы Әуезовтің таяуда ғана Шолпан-Ата қаласындағы музей-үйіне барып, бюстін ашып қайтты. Сәтті шыққан бұл бюстті қырғыздың талантты мүсіншісі Тамила Маматова жасады.

Айта кетейік, Мұхтар Әуезовтің Шолпан-Атадағы үйі 1959 жылы салын­ған. Қаламгер бұл үйде 1959-1961 жылдары тұрып, жазу жазды. Соңғы романы «Өскен өркенді» осы үйде бастады. Алайда аяқтап үлгермеді деседі.

1970 жылы қыркүйекте мұнда Мұхтар Әуезовтің кітапхана-музейі ашыл­ды. Қазір мұражайда жазушының жеке заттары: үстел, орындықтар, тербел­ме­лі кресло, үстел сағаты, киім ілгіш, кі­тап шкафы, кітаптар сақ­талған. Ләйлә Мұхтарқызының бас­тама­сымен кітап­ха­на­ға алғаш 5 000 дана кітап жиналған. Ал бүгінде кітап қоры, шамамен 12 000-дай. Әлқисса.

Әуезов тойын атап өту жөніндегі жалпы­рес­публикалық іс-шаралар жоспарынан (ұйымдастырушылық, ғы­лы­­ми-зерттеу және ағартушылық, мәде­ни-көп­­ші­лікке арналған һәм қоғам­дық-ма­ңызды, ақпараттық-имидждік жиындар бағытында 86 ауқымды іс-шарадан тұрады) бөлек мерей­тойдың логотипі де бекітілді.

Сонымен жоспарланған жобаларды жалғас­тыр­сақ, «Қазпошта» АҚ «М.Әуе­зов­­тің туғанына 125 жыл» тақы­рыбында «Атаулы және мерейтойлық даталар» сериясының пошта маркасын (номиналы 20 теңге, перфорациясы жоталы, екі бояулы офсетті баспа, мөлшері 26 х 18 мм. құрайды) 3 миллион дана мөлшерінде басып шығарды. Сондай-ақ Ұлттық банк басқармасының қаулысына сәйкес MUHTAR ÁÝEZOV. 125 JYL коллекциялық монеталарын биыл айна­лымға шығару жоспарланып отыр.

Еске салсақ, аталған мерейтойдың сал­танатты ашылуы 26-27 сәуір күн­де­рі жазушының туған жері Семей топы­ра­ғында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен басталған еді. Ал 27-28 мамыр күндері «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында Л.Хамиди мен А.Жұбановтың «Абай» операсының қойылымы өтті.

Сондай-ақ Халықаралық Түркі академиясы Қазақ­станның Түркиядағы елшілі­гінің қолдауымен Анкара қаласында, одан бөлек Әзербайжан Республикасы Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп Бакуде халықаралық конференциялар өткізді.

Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің Музейлер мен кітапханалар басқармасының басшысы Гүлзейнеп Пазылованың айтуынша, жазушы мерейтойын атап өту іс-шаралары еліміздің білім беру орындарында да жүзеге асырылған. Мәселен, жыл басынан бері республика бойынша 958 іс-шара (127 әдеби кеш, 158 дәріс, 149 дөңгелек үстелдер мен 28 семинар, 65 эссе жазу байқауы, 258 кітап көрмесі, 173 сыныптан тыс іс-шаралар) 667 585 оқушы, 17 685 педагогтің қатысуымен өткізілген.

«Еліміздің барлық өңірінде жазушы есімі берілген көшелердің, скверлер мен ескерткіштердің аумақтарын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде, Нұр-Сұлтан қаласы М.Әуезов көшесіндегі №19-21 тұрғын үй­лердің ауласында футбол алаңын жөн­деп, тренажерлер орнатты. Отандық музейлердің биылғы жұмыс жоспарларына сәйкес жыл басынан бері «Әуезов әлемі» тақырыбында музейлік дәрістер ұйымдастырылып келеді. Театр­лар­дың репертуарлық жоспарларына сәй­кес жазушы шығармаларынан театр­лық қойылымдар көрермен назарына ұсынылуда. Мәселен, есепті кезеңде 5 өңір­­дегі (Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласы) 8 театрда автор туын­дылары сахналанды, ал жыл соңына дейін 7 өңірдегі (Алматы, Шымкент, Талдықорған және Атырау, Арқалық, Қостанай, Ақтөбе облыстарында) театр­лар мен мәдениет ошақтарында Әуезов шығармаларының премьераларын ұсыну жоспарланған», дейді Г.Пазылова.

Одан бөлек мәдениет саласындағы көп­­ші­лікке арналған кітапханалар қо­рын­­дағы жазушы шығармаларының элек­­трондық деректер қоры әзірленіп, оқыр­мандарға әдеби подкаст түрінде ұсы­нылды. Мәселен, кітапханалар 27 сериядан тұратын 15 – әдеби және әдеби-көркем подкасттар (әрқайсысы 2-3 ми­нут­тық роликтер), 3 – деректі, 5 – аудио, 5 – сериалдық көркем подкасттар әзірлеп, әлеу­меттік желідегі парақшалары мен сайт­­тарда жариялаған.

Ақпарат және қоғамдық даму министр­лі­гі де Әуезовтің 125 жылдығына ар­нал­ған медиажоспар әзірледі. Минис­тр­ліктің мәліметінше, 1 шілдеге дейін отандық БАҚ-та Әуезовтің өмірі мен шы­ғар­ма­шы­лығын насихаттайтын 800-ден аса материал, соның ішінде, республикалық телеарналарда 44 сюжет, республикалық газеттерде 150 мақала, өңірлік телеарналарда 85 сюжет, өңірлік газеттерде 490 мақала, интернет-ресурстарда 120 материал жарияланған.

Айта кетейік, Әуезов жылында жос­пар­ланған негізгі іс-шаралар жазушының туған күніне орай қыркүйек айынан бас­тап өткізіледі.

Мерейтой қарсаңындағы басты жа­ңа­лық – Әуезовтің музей-үйіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ширек ғасыр бойы мұражайға күрделі жөндеу жұмыстары жасалмаған еді. Соңғы рет Әуезовтің 100 жылдық мерейтойы кезінде, яғни 1995-1996 жылдары толық күрделі жөн­деуден өткен. Еске салсақ, 2019 жыл­дың аяғында «Қазреставрация» мем­ле­кеттік мекемесі музейді арнайы сараптамадан өткізіп, күрделі жөндеу қа­жет­тігін растап, 110 миллион теңгеге смета жасаған еді. Кейін бұл бастаманы Мәдениет және спорт министрлігі қолдап, қар­жыландырды. Былтыр бір жыл бойы қайта жаңғырту жұмыстарына байланыс­ты жұмыс істемеген мұражай бүгінде ашық.

Музей-үйге жауапты М.Әуезов атын­­­­дағы Әдебиет және өнер инсти­ту­ты­ның директоры Кенжехан Матыжанов жазу­шы­ның 2014 жылы жарық көрген 50 том­дық то­лық шығармалар жинағына енбей қалған қолжазбалары толықтырылып, ака­демиялық 55 томдығы дайындалып жат­қанын айтты.

«Бұл академиялық жинақ тек электрон­дық нұсқада ұсынылады. Институттың сайтына салынады. Мұнда бұрын 50 томдыққа сыймай қалған жаңа мұрағат материал­дары қосылып, толықтай барлық томға текстологиялық жұмыстар жүр­гізілді. Мәселен, «Абай жолының» бір­неше нұсқасының қолжазбалары салыс­тырылып беріліп отыр. Одан бөлек Әуе­зов­тің Жапонияға барған сапарындағы күнделіктері де енгізілді. Кейінгі екі жыл бойы М.Әуезов ғылыми-зерттеу орталы­ғы­ның ғалымдары осы жобамен айналыс­ты. Бұл 55 томдықты басында баспадан шығарамыз деп ойлағанбыз, бірақ мүмкіндік болмады», дейді Кенжехан Матыжанов.

Сондай-ақ ол Әуезовтің 5 томдық таңдамалысы да дайын тұрғанын атап өтті. «Мәдениет және спорт министрлігі ба­сып шығаратын бұл жинақта жазу­шы­ның көркем шығармалары мен пуб­ли­цис­тикалық еңбектері қамтылған. Жалпы, Әуезовтің феномені аяға сыймайтын фе­номен. Тіпті социалистік заманның қақпайына да көнбеген. Сондай қиын заманда «Абай жолын» өз ойындағыдай жазып шығу – үлкен еңбек. «Абай жолы» романының бірнеше нұсқасы бар. Соның бәрін салыстырып, алғашқы нұсқасы қалай, ол кейін қалай өзгерді, неге өзгерді –
мұның бәрі 55 томдықта толық жа­зыл­­ған. Әуезовтің «Өскен өркен» деген оңтүстік өңір туралы жазылған романы бар. Сол шығарманы осы уақытқа дейін аяқталмаған деп жүрдік. Ал қайта оқы­ған кезде жазушының астарлап, көп ұлттың мәселесін айтқан тұстары бар екенін байқадық. Сондықтан әуезовтану мәселесіне қайта қарауымыз қажет. Ол, әрине, мерейтой кезінде ғана жасалатын дүние емес. Ол ұзақ жылдармен ке­летін дайындық пен ғалымдардың жаңа көзқарасынан туады. Яғни әлемдік әде­биет­­тану ғылымының соңғы жетіс­тіктерін пайдалана отырып, Әуезов фено­менін жа­ңаша қарастыруымыз керек», дейді Кенжехан Матыжанов.

Институт директорының айтуынша, музейде Әуезовке арналған экспо­зи­циялық залға белгілі бір себептерге байланысты жөндеу жұмыстары жүр­гі­зіл­меген. «Бұл мәселе енді қозғалып жатыр. Жоғары білім министрлігі уәдесін берді, қаражат бөлінгенін күтіп отырмыз», дейді.

Айта кетейік, Әуезов музей-үйі мем­ле­кет­­тік жобалармен күн көріп отыр. Мә­се­лен, 2018-2020 жылдар аралығында музейде гранттық қаржыландыру аясында Мұхтар Әуезовтің «Қазақстандағы әдебиеттану және әдеби сынның дамуы мен қалыптасуындағы рөлі» атты іргелі ғылыми-зерттеу жұмысы орындалды. Ал 2021 жыл конкурстан тыс қаржыландырылған нысаналық бағдар­лама арқылы бір жобасы қолдау тапты. Биыл да бір гранттық жоба ұсынылып отыр. Қазіргі таңда ұлттық ғылыми ке­ңес­тің қарауында жатыр.